АУЫЛДАРДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – АСА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

0
113

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деген болатын Президент.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел­дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл­дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.

Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық ба­сым­дықтардың бірі екені анық. Елімізде ауылдар мен шал­ғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында мемлекеттік бағдар­ламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеу­лер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.

Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жанданады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Құрылысы мерзімінен кешікккен жобаларды сынға алып, жауаптыларға ауызша ескерту жасады. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.

Ауыз су нысандары уақтылы тапсырылмаған және осы салада олқылық анықталған Шардара, Ордабасы, Келес аудандары мен Арыс қаласының басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты.

Leave a reply