Saturday, November 23

АУЫЛ ВАЙНЕРІ АЙЫНА МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАБАДЫ

0
150

 

  • Өзіңіз туралы айтып берсеңіз, ауыл вайнері өмірде қандай адам және ауылда қалай өмір сүреді?
  • Кішкентай кезімнен ата әжемнің қолында өстім. Олар өсірді, жеткізді. Былайша айтқанда ауылдағы ата әженің баласымын. Ата анам қалада тұрады. Атам мен әжем сүт сатады. 2006 жылдан бері сүт сатып, нәпақамызды тауып жүрдік. Мектепті аяқтағаннан соң, ауылда қалдым. Қалаға барып, оқуға түсуге болатын еді, бірақ өзім ауылды жақсы көргендіктен сонда қалдым. Басында ауылдағы жеңгеммен бірге тұратын едім. Ол кезде үйде 30 сиыр, 15-ке жуық қой бар. Таңертең сағат бесте тұрып, жетіге дейін жеңгем екеуміз сиыр сауамыз. Таңғы асымды ішіп алып, бір сыпыра тамағымды алып мал бағуға кетіп, кешке бірақ келетінмін. Келгеннен кейін қайтадан кешкі сауын басталады. Күнде осы бір тірлік қайталанып жүрді», дейді вайнер.
  • Демек, ауыл вайнерінің бір күні осылай өтеді. Енді айтыңызшы қаламыздағы медицина колледжін бітірген деп естідім. Ауылдан алшақтап қалаға келуіңізге, колледжге түсуіңізге не себеп болды?
  • Ойлайтын едім маған ауылдағы қойшының қызы ғана тиеді. Қалада колледжде оқыйтын қыздар маған қарамайды деп. Сөйтіп жүргенде медециналық колледжге оқуға түсемін деп шештім. Бірақ атаммен әжем ауылда қалып, осы мал шаруашылығын дамытуды ұсынды. Ауылда қалсам біраз дүниеден шеттеліп қалатынымды білдім. Себебі, бұрын ауылда жүрген кезімде қалаға мүлдем бармайтын едім. Тіпті достарымның туған күніне, басқосуларға да бармадым. Солай жүре бергенімде, достарымнан да алшақтап қалдым. Уақыт өте келе, өте тұйық болып кеттім. Бұлай жалғаса беруге болмайды деп, оқуға түстім. Басында ақылы бөлімге түсіп, көлік жуатын орталықта күніне үш мың теңгеге жұмыс жасадым.

Мектеп кезде мүлдем оқымадым. Табельдің бәрі үш болды. Төрттің өзі кездейсоқ. Колледжде өзім 22 қыздың арасында ұялып оқыдым. Намысқа тырысып жақсы оқып, емтихандардың бәрінен бес алатын болдым. Одан кейін белсенді болып көркем сөз оқуға қатыстым, қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Көшбасшы болдым. Солай жүріп грантқа ауыстырды. Колледжге түспей тұрып, Түркістаннан басқа қалаларда болмағанмын. Оқуда жүріп жарыстарға барып, жан жақа барып ашылдым. Оқудағы басшылықпен жақсы қарым қатынаста болдым. Соның салдарынан бір айда 40 мың шәкіртақы алып оқыдым. «Nur otan» партиясының мүшесі болып, белсенді жұмыс атқардым. Оқуды аяқтаған соң менде мүмкіндік көп болды. Оқу орны мені жұмысқа шақырды. Мамандық бойыншада ауруханада жұмыс жасауға да мүмкіндік болды. Бірақ, мен ауылды дамыту үшін қайтадан ауылды таңдадым. Мен дәлелдегім келді, ауылда да жақсы өмір бар екендігін, ақша табуға болатындығын.  Қазір жастар шетелге кетуге асығады. Табысы көп деп шетел асуда. Ал, мен ауылда да қыруар ақша табуға болатындығын көрсеткім келеді. Ауылдың адамдары жақсы киініп алып, қымбат жерге барып отырса, мынау ауылдың адамы емесқой деп шығады. Барлығы ойлайды қойшылыр жаман үйде тұрып, қарапайым киім киеді деп. Негізінен ауылдағы халықтың басында несие мен қарызы жоқ. Үйленемін десең он шақты қой мен ірі қараны сатасың да үйленесің немесе үй ала саласың.

 

  • Қарапайым бала вайнерлікке қалай келді, сізді ең алғаш қолдағандар кімдер. Вайнерліктен басқа қандай кәсібіңіз бар?
  • Өзімді таныту үшін жағымсыз видео түсіруден бастадым. Түсірген видеоларымды әлеуметтік желідегі топтарға таратып отырдым. Тик ток түсіруге кірістім, бір күнде 50 мың оқырман жинадым. Жайлап көтеріліп, басқа блогерлермен араластым, олардан қолдау сұрадым. Ең бірінші қолдау көрсеткен блогер Нұрдәулет (NNN) болды. Себебі, Қазақстан бойынша ең бірінші блогер сол болды. Оқырмандары көп қарапайым адам. Оның жанында екі үш күн жүріп оқырман алмасып, 20 мың оқырман жинадым. Содан кейін ғана басқа блогерлер менімен араласа бастады.
  • Желідегі бейнежазбаларыңызға қарасақ, ауыл вайнері әлеуметтік желіден тапқан ақшаларын бос жаратпаған көрінеді. Сіздің инстаграм парақшасынан балалар үйі мен мешітке берген қаржылай көмектеріңізді байқауға болады. Қайырымдылықпен қаншалықты жиі айналысып тұрасыз?
  • Көп вайнер мен блогерлер тапқан ақшасын өзіне ғана жұмсайды. Шетелге барады, әдемі киініп қымбат жерге барады. Жеңіл келген ақша, жеңіл жолға кетеді. Мен көбінесе тапқан ақшамды қайырымдылыққа беріп отырамын. Себебі, ол маған оңай жолмен келді ғой. Осы жылы мешіт құрылысына оқырмандарымнан ақша жинадық. Атсалысқан игі жақсылардың баршасына алғысымды айтамын. Екі күнде екі миллионнан аса жиналды. Түркістан қаласындағы Тұран көшесінің артындағы мешіт имамының қолына тапсырдым.

Одан басқа мен Түркістанға келіп, күніне 150 литр  сүт сатып, 20 мың теңге табамын. Мал шаруашылығымен айналысамын, блогерлік табысым бар. Қазір айлық табысым миллион теңгені құрайды. Қарапайымдылықты ұстап қалғым келеді. Менің ерекшелігім сол, қарапайым ауылда өмір сүретін әлеуметтік желі белсендісі болу. Мен халыққа ауылда да адал еңбекпен ақша табуға болатындығын көрсетсем деймін. Кейде ауыл шаруашылылығынан шаршап, қолды бір сілтеп тастап кеткім де келеді. Күнде сүт сатпасам, қаржы табу қиын. Өйткені төрттіліктен түсетін табыс жылына бір, яғни төлін сатқанда түсетіні белгілі. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін тренинг өткізгім келеді. Малдың басын қалай көбейтуге болатынын көрсетсем деймін. Малды көбейте алмай, жұмысы жүрмей жүргендер бар. Нақты айналысамын дейтін адам болса, бұданда байып кетуге болады. Бірақ бұл кәсіп иелеріне асқан сабырлық керек, — дейді Жандос.

  • Қазіргі уақытта ұнатып жүрген, өмірлік жар етемін деген арманыңыздағы ару кім? Жақын уақытта үйленіп, отбасылы болу жоспарда бар ма?
  • Қазіргі уақыт та үйленуге жоспар жоқ. Бірақ атам мен әжемнің баласы болғандықтан келін алып, үйленсем деймін. Ауыл шаруашылығын дамытсам бір жылдай ауылда тұрмақ ойдамын. Қалада үйім бар. Алған қызым байдың қызы болса да, міндетті түрде оған ауылдағы қайнаған тіршілікті бір жыл көрсеткім келеді. Ауылда нанды пешке пісіріп, самаурынмен шәй ішіп дегендей. Соның бәрін видеоға түсірсең әрі қызық. Қалада тұрғысы келетін келіндерге ауылдада қызық өмір бар екендігін түсіндіргім келеді. Келіншек алсам бірге сиыр сауып, бірге қора тазалап, бірге өмір сүріп қызықты видеолар түсіргім келеді. Халыққа жаңашылдық керек. Болашақ жарыммен бір ай сөйлесіп, алмақ ойым бар.

Басында видео түсіру үрдісіне көпшілік қарсы болған вайнерге жағымсыз пікірлер көптеп келіп, менсінбеушілік танытқандар аз болмаған. Көтерілу үшін берілмей бейнежазбалар түсіріп танылуды жалғастыра берген Жандостың қазіргі таңда инстаграм желісінде 300 мыңға, тик токта 400 мыңға жуық оқырманы бар. Екі күн сайын парақшама 1000 шақты оқырман қосылады, дейді. Осылайша ауылдан шыққан қарапайым вайнер жігіт, бүгінде халқына қамқор, ауыл шаруашылығына жақын кәсіпкерге айналып келеді.

                                                                                               Шапағат СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ

Leave a reply