Saturday, November 23

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері

0
32

Дәстүрлі ауылшаруашылығы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатқанын, технологиялар дамығанын ескеретін болсақ, оқыту жұмыстары да пайдалы болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің дамуына ықпал ететін көптеген салаға тоқталып, тың бастамалар көтерді. Соның бірі былтыр ғана пилоттық режимде енгізіліп, оң нәтижелерге бастаған «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беруді қарастыру. Олай дейтініміз, өндіру мен өңдеуді қатар ұстағандар көш бастап тұрған кезеңде ауыл тұрғындарының өз өнімдерінен пайда табуына септігі тиетін инфрақұрылым құрудың маңызы зор. Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет» – деді. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әлеуметтік ахуалын жақсартуға мемлекеттің ерекше мән беретіндігінің айқын белгісі. Әрі ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасын көтеру жолындағы маңызды бағыт екендігіне дәлел.

Жалпы, қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын артыруға, тұрмысын түзеуге көптеген мүмкіндік сыйлап жатыр. Мәселен, өткен жылы жоба аясында Түркістан облысына 19,7 миллиард теңге бөлініп, алпыстан аса ауылда 3200-ден аса бизнес жобаға 2,5 пайыз үстемемен жеңілдетілген несие берілген. Соның нәтижесінде мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ал биылғы жылға 10.6 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Жобаға 62 елді мекеннің тұрғындары қатыспақ.

Бір сөзбен айтқанда бір ауылдан бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы мемлекеттік жобаға айналып, тұтас қоғам, әсіресе елді мекен тұрғындары пайдасын көруде. Сондықтан осы Жолдауда айтылған «Тауар несиесі» де өз тиімділігін көрсетеді деп сенемін. Дәстүрлі ауылшаруашылығы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатқанын, технологиялар дамығанын ескеретін болсақ, оқыту жұмыстары да пайдалы болмақ.

Жұман Жансерік Бауыржанұлы,

«Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Leave a reply