Ауыл шаруашылығы саласында инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту көзделуде
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленгені белгілі. Айта кетейік, осы тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылып отыр.
Осы ретте былтыр ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім, салаға тартылған инвестиция көлемі мен өнделгн ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына тоқтала кетсек. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемін 2022 жылы 815,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған болатын. Жыл соңында бұл көрсеткіш 866,6 млрд. теңгеге жетті. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда жоспар 15,5 млрд. теңгеге артық орындалды.
Өнеркәсіп өнімінің 49,1 пайызын құрайтын тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазу саласында 425,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, өткен жылы жалпы құны 17,7 млрд. теңгені құрайтын 18 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 986 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жалпы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 10 маңызды жоба анықталды. Бұл жобалар өңірге 1,5 трлн. теңге инвестиция тартып қана қойған жоқ. Оның нәтижесінде 3 мың жаңа жұмыс орнын ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда келеді. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12 пайызы біздің өңірге тиесілі. Әрине, бұл қуантарлық көрсеткіш. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, ал бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызын құрайды екен.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр саладағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда жоспардың 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7 пайыз болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4 пайызды құрады.
Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешені саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді.
Аталмыш тұжырымдама нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі деп күтілуде.