АЭС – объективті қажеттілік

0
59

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшы­лығының күшейіп бара жат­қанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тағы да тоқталды. Ол еліміз болашағының қамы үшін салынатын атом электр стансасы туралы барынша байыпты шешім қабылдау жұртшылықпен бірлесіп қана жасалуға тиіс деген ұстанымын қайыра еске салды.

Президент таза атомды энер­гияның көзі мен оның қауіпсіз­дігі мәселесін геосаяси мүдде тұрғысынан емес, елдің нақты қажет­тілігі тұрғысынан қарастырады. Рас, АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікір айтылып та жүр, ел ішінде оның құрылысына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес. Өйткені бұл тәуелсіздік жылдарындағы «сақалды» проблемалардың қатарына жатады. Ол сонау өткен ғасырдың 90-жылдарынан көтеріліп, ақшаның жетіспеуінен тоқтап қалды да, тек кейінгі үш-төрт жылда белсенді түрде қайтадан талқыға түсе бастады. Осы тұста Қазақстанның дүние жүзіндегі атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі бар 27 мемлекеттің арасына қосылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2022 жылдың соңында еліміз­де уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құраса, бұл көрсеткіш Канадада – 7,4 мың тонна, Намибияда – 5,6 мың тонна, Аустралияда – 4,6 мың тонна, Өзбекстанда – 3,3 мың тонна, Ресейде – 2,5 мың тонна, Нигерде – 2 мың тонна, Қытайда – 1,7 мың тонна деңгейінде болған көрінеді. Сөйтіп, дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, уран сатуда еліміз бірінші орынға шықты.

Осындай шикізаттық негізге сүйене отырып, Қазақстанға АЭС құрылысын жүргізу мақсатында Оңтүстік Корея, Жапония, Франция, Ресей мемлекеттерінің тарапынан ұсыныстар түсті. Президент мұндай өзекті мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Өйткені мұнда Семей ядролық сынақ полигонының қасіреті мен салдары халықтың жаны мен тәніндегі қатерлі ісік ретінде оны тұрғындар әлі де болса сезінеді. Мемлекет басшысы сонымен қатар мұқият назар аударуды қажет ететін жобаның құны мен экологияға əсері сияқты басқа да күрделі жайттарды ескере келе, бұл бастаманың мəн-мағынасына терең үңіле отырып, АЭС құрылысына қатысты мəселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұйғарды. Бұл жағдайды Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Əділетті Қазақстан қағидаттарының іс жү­зінде орындалуы деп қабылдаған абзал. Өйткені Президент Қ.Тоқаев атап өткен­дей, «Азаматтар референдумда дауыс бер­ген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қар­сы болған сарапшылардың дəйекті пікір­лерін барынша таразылап, ой елегінен өткі­зіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС сала­мыз ба, салмаймыз ба, мұны халық шешеді».

Leave a reply