АЯУЛЫ АНА, БАҚЫТТЫ ӘЖЕ
Закирбаева Гүлзада Пернебайқызы 1949 жылы 1 қаңтарда Шоқтас елді мекенінде дүниеге келген. 16 жасында Закирбаев Сайдулламен отбасын құрады. Отбасылық өмірінде совхоз жұмысына белсене араласады. Маусымдық жұмыстарға соның ішінде мақта егу, шабу, теру жұмыстарын атқара жүріп, ауыл жастарын комсомол қатарына тартады. Ауылдастары Гүлзада ананы «Комсомол келін» деп атап кетеді. Жолдасы Сайдулла екеуі отбасында 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда 5 ұлын ұяға, 7 қызын қияға қондырған бақытты ана. Ұл-қыздары әр түрлі салада бірі кәсіпкер болса, бірі аспазшы, енді бірі ұстаз.
50 шақты немере 20 шақты шөберенің сүйікті әжесі. Немерелерінің үлкені Бақыт трансформатор зауытында электр желі маманы, Айгүл мен Жұлдыз дәрігер, Інжумаржан, Раушан ұстаздар. Кішкентай немерелері студент, оқушылар. Сүйікті немересі Мадина-жас әнші. Қазіргі таңда немерелерімен бірге мектептің, клубтың, кітапхананың, әжелер, аналар кеңестерінің іс-шараларына белсене араласып келеді. 2016 жылы Түркістан қаласында өткен «Әже – ұлттың ұйытқысы», 2019 жылы Кентау қаласында «Асыл әже»-байқауында жоғарғы деңгейде өнер көрсеткені үшін марапатталған.
Гүлзада анамыз қазақ халқының бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп қонуға ыңғайлы бабалары өз қолынан жасалған 100 жылдық яғни бір ғасырлық тарихы бар тораңғылдан жасалған отбасының берекесі болған киіз үйін Сауран ауданынан ашылатын музейге, сонымен бірге сол жылдары тоқылған, есілген басқұр-керегелердің бастарын тартып, үйді айналдыра байлайтын жалпақ бау, ауылды жел болғанда, шаңырақты тартып, байлайтын бау, құр киіз үйдің керегелері мен уықтарын және үзіктің ішкі жағын байлайтын ені 2-3 елідей тоқып немесе есіп жасалған жалпақтау бау, шашақтар және құмыра, тас диірмен, келі тарту етті.
Закирбаева Гүлзада Пернебайқызына ұрпағыңызбен мың жасаңыз, Сіздің аудан музейіне берген отбасылық құнды жәдігерлеріңіз болашақ ұрпақтарымызға өткенімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеуге үлкен септігі тиетіні сөзсіз.