АҚИЫҚ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЖЫР КЕШІ

Абайдың даналығының нәрінен сусындап, Махамбеттің өршілдігіне қаламын жонып, Қасым жырынан от алған адамзаттың ақынына айналған Мұқағали Мақатаевтың 94 жыл толуына арналған Түркістан облысының білім басқармасының Түркістан қаласының білім бөлімінің Балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ поэзиясының хантәңірі» атты әдеби – сазды поэзиялық кеш өтті. Поэзия кешін «Сөз маржан» үйірмесінің педагогі Ақпаева Мөлдір мен орталықтың көркемдік жетекшісі Өмірзақ Ержан жүргізді. Поэзия кеші М. Мақатаевтың өмірі жайлы басталды.
«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғаларының бірі, әр жүрекке жол тапқан әсерлі өлеңдері оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқанынын поэзия кешінде ерекше сезілді. Жыр кешінде «Көркемсөз» үйірмесінің оқушылары Полатхан Нұрайлым, Асылбек Айзер мен Айназым, Кәрібай Ердаулет,Исаханов Қасымхан,Құрманбай Сұлтанқұл, Бақсейіл Абылай, Қалихан Жібек өлеңдерімен сусындап, рухани азық алып, ұрпаққа ұран болған жырларының өміршіл екенін көрсетті. «Бақыт деген» өлеңіне «Сымбат» би тобы, жетекшісі Жұманова Айжан биін тарту етті. «Домбыра» үйірмесінің оқушылары кешті күймен тербеді.
Қазақтың қара өлеңінің хас шебері Мұқағали Мақатаевқа жаңа ғасырға сай үлгіде ұйымдастырылған кешінде қазіргі әншілеріміз орындап жүрген әндер орындалды. Мұқағали өлеңдері бізге өз кезінде поэзия түрінде жеткенімен, қазіргі таңда қазақтың киелі шаңырақтарында Мұқағали ақынды халық арасында қайта қауыштырып отырған әндер әуелей шалқуда.
Достық, татулық, бейбітшілік тіршілік гимніне айналған «Армысыңдар, Адамдар!» атты әлемдік маңызы бар өлеңін ән түрінде орталықтың бұқаралық бөлім меңгерушісі Саметов Емен Досболұлы, Мұқағали Мақатаев өмірді сүйіп өткен, өз ортасы ондағы күншілдік жамандықтан жиренген, бейкүнә сәби қалпын сақтап қалғысы келген ақынның өлеңі «Сәби болғым келеді» әнін орталықтың музыка жетекшісі Қонысбеков Сәкен Садуақасұлы орындаса, биылғы жаңадан ашылған «Жас гитарашылар» үйірмесінің оқушылары Бейсенбек Бақдәулет пен Серікбай Мейіржан «Есіңе мені алғайсың», әйгілі «МУЗАРТ» тобының орындауындағы «Сенің көзің» әнін жақсы орындап шықты, жетекшісі Бекжігітов Жәнібек Еркінұлы.
Кеш барысында М.Мақатаевтың өмірі жайлы деректі фильмді әдістемелік бөлім меңгерушісі Нұрлан Ауезов Нағашбекұлы, кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан педагог Сабиров Жалғасбек Асылбекұлы белсенділік танытты.
Ән-жыр кеші «Қазақ деген елі барда, қара өлеңнің қадірін түсінетін оқырманы барда, Мұқағали есімі де өшпек емес, ақынның қарапайым мөлдір поэзиясы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан – ғасырға үздіксіз жалғаса беретінін, ақын жырлары уақыт өткен сайын жаңарып жасаратынын» айтып аяқтады.
Кештің қорытындысын ақын жырларына ерекше тоқталып,ақынның сөзі бүгінгі құраусыз ой, кісенсіз сөздің дәуірінде әр қазақтың айтса аузында, ойласа ойында жүруі тегін емес екендігі,М.Мақатаев мұрасы–бүгінде ұлтымыздың ұлы қазынасына айналғанын айта келіп,мәнерлеп оқудан үздік деп танылған,поэзияны жанына серік еткен, іс-шараға үлесін қосқан қатысушыларға алғысын білдірді.
Табиғат, жанымды алсаң,
Алшы менің
Бір түйір жерге түскен тамшым едің
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім,қалсын елім – деп соңғы демі үзілгенше тілеуін тілеп, амандығын сұрап өткен Елі — қазақ жұрты да, міне биылғы жыл өз Тәуелсіздігінің 34 жылдығын атағалы отыр.
Миллиондаған жүректерді жырымен тербеткен ақынның поэзиясынан қазағымның қасиетті қара өлеңінің құдіретін таптық. Өмірді сүюді,тіршілікті сүю,бір адамға қиянат жасамауды таптық, жырларынан мөлдірлікті, тазалықты, пәктікті таптық. Ақын рухы мәңгілік ғұмыр кешеді.
Дайындаған
Гүлжан Жұмагелдіқызы Оразгелдиева
Балалар мен жасөспірімдер орталығының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.