Ақтөбеде өз ұлын өлтірген әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрт жасар Данил Ахуновтың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды.
Іс бойынша сот анықтағандай, 2022 жылғы 23 желтоқсанда ер адам суық тиіп ауырып жатқан 4 жасар баласының бірнеше жерінен соққы берген. Ол өзінің эмоциясын ұстай алмай баласының басынан, бетінен және ішінен бірнеше рет ұрып-соққан. Бала есін жоғалтып, бас сүйек миының ашық жарақатының салдарынан қан кетуден қылмыс орнында қайтыс болды.
“Келесі күні әкеcі аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру мақсатында кішкентай ұлының мәйітін бос жерге көміп тастаған”, – делінген хабарламада.
Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ұлының бірнеше рет құлап, басын еденге және орындыққа соғып алғанын айтып ақталды.
“А., есімді азамат болған жайды ешкімге айтпай, экскаватор жалдап, шөл далада екі метрден асатын шұңқыр қаздырған. Сол шұңқырға баласын көміп тастаған. Оқиғадан бірнеше күн өткен соң мәйітті жерлеген жерін өзі көрсеткен”, – деді сот.
Прокурор айыптауды қолдап, соттан ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
“Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ. Сот қоғамдық қауіпті, жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығын, оның жасалу мән-жайын, денсаулыққа келтірген зиянның ауырлығын ескере отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, қылмыстық істі қарау барысында анықталған заң талаптарын өрескел бұзғаны, жауапты лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін Ақтөбе облысының полиция басқармасы мен білім басқармасына қатысты сот жеке қаулы шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде өз ұлын өлтірген әке оқиғаның қалай болғанын айтып бергені туралы жазған еді.