Thursday, November 21

Ақын-жыраулар мұрасындағы имандылық

0
73

Ақын – жыраулар мұрасында имандылық – рухани тәрбие туралы шығармалары көптеп кездеседі. Ақылы дария-теңіз данышпан бабаларымыз ертелі-кеш басынан кешкен қилы-қилы хикаяттарды сара пайымдауларынан өткізе отырып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деген керемет тұжырымдарға, нақылият өлеңдерге әкеліп тіреп отырған. Олардың, негізгі арналары ең алдымен елдік пен ерліке, сүттей ұйыған ынтымаққа, адамгершілік пен парасатқа, кісілік пен қайырымдылыққа, қысқасы адамға қажетті ғажайып қасиеттерге тұс-тұстан келіп толассыз құйылып жатады. Қазақ ақын-жыраулары мұрасындағы имани-рухани құндылықтарды жырлаған ақындарымыз жайлы тоқтала кетсек;
Сыр өңірінің тумасы «Тұрмағанбет Ізтілеуұлының «Қамын ойла халқыңның» өлеңіндегі:
Қайратты туған ер болсаң
Қамын ойла халқыңның!
Жетім менен жесірге
Өзі бол жүзі жарқынның – деп келетін шумақта күш қайраттың барлығын халқың үшін және қайырлы істермен сарпуға шақырады. Бұл жердегі Мұхаммед(с.а.с.) Пайғамбардан жеткен «Жүзі жақсыдан жақсылық күтіңдер» атты хадисіне сүйеніп, «Өзі бол жүзі жарқынның» дегені қазақта «Жүзі жылыдан түңілме», «Иман жүзді екен» деген тіркестерге балап келіп:
Жатырмын айтып жақсы үгіт
Тазасындай алтынның.
Өле қойсам, айтыңдар,
Жұрт жиналған жер болса
«Сөзі,-деп,-Тұрекең марқұмның!»
деп иманның бесінші, алтыншы шарттарын меңзеп қойып, өлеңнің соңын жеңіл қалжыңмен аяқтаған.
Сондай – ақ төре әулетінен шыққан Шәді Төре Жәңгірұлы. Шайыр Исламның негізгі іргесі – «ақида» жайлы да тоқталып жырға қосқан.
Бір кітап ақайд деп ат қойылған,
Ішінде хақ сипатын зікір қылған, – деп, Шәді өзінің «Ахуал қиямет» деген дастанын жазады. Ақида іліміне қанық шайыр әуелі Алланың субути және зати сипаттарына ерекше тоқталған. Құранның ішіндегі Алланың жалғыздығын сипаттайтын «Ықылас» сүресінің мағынасын да ашады. Дастанда болмыстың, шайтанның, періштенің, адамның неден жаратылғанын айтады: Шығыс шайырларының соңғы – Шәді ақыны
Жаратқан нұрдан Алла періштені,
Болмаған көптігінен есеп саны.
Алдына бәрі бірден жаратылған,
Күнәдан таза қылған Алла оны.
Дастанның екінші жартысы бүтіндей қиямет күнін суреттеуге арнаған. Ақыр заман жақындағанда Яжуж-Мажуж қауымының шығатынын, Дажалдың адам баласын шыбындай қыратынын, сол кездерде күннің батыстан шығатынын айтады. Алланың қарғысын алған Ібілістің адамды соңғы демі қалғанша азғыратынын жырлайды:
Өлмеске дыққаты жетіп бағзы пенде,
Сөйлеуден тілі қалған сол мезетте.
Кеселдің сол жағынан зохер болып,
Көрініп шайтан лағын келген онда,
Деп айтар: «Ислам дінін тәрк етіңіз,
Екеу деп бір Алланы айтыңыз тез.
Ол айтқан сөздерімнің бірін қылсаң,
Кеселден сыххат тауып жазыларсыз».
Шәді ақынның осы дастанының негізі Исламның атақты ғалымы Әбу Мансур Мұхаммед Матуридидің «Таухид» еңбегіне негізделгені аңғарылады.
Келесі сыр өңірінің тумасы Асан қайғы Сәбитұлы жыраудың сөздері өсиет, нақыл түрінде көп кездеседі. «Мəселен:
Ақың болса біреуде
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтіп жуыспа,
Тəуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа…
«Ашуға ақылды жеңгіз, көпшіл бол» деген өнегелі өсиеттің бүгінгі күнге дейін жастар үшін мəн – мағынасы жойылмаған дидактикалық қасиеті күшті кеңес екені даусыз.
Сондай-ақ ел қорғаушы азаматтың бойында қандай адамгершілік қасиеттің болуын қалаған Асан қайғы:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа, — деп, көпшіл бол, кешірімді бол, достықты бағалай біл деген үгіт-насихат айтады».
Қазақтың ақын-жыраулары, шешендері мен күйшілері қалдырған мұраларға көз жүгіртетін болсақ, олардың ең алдымен келер ұрпақ болашағы үшін, тәлім-тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлгенін байқалады. Ал тәрбиенің өзегінде қашан да имандылық, адамгершілік құндылықтар жататын болған. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды.
Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші – отбасы, ата – ана тәрбиесі болса, екінші – білім беру мекемесі. Егеменді ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін келешек жасөспірім буынға дұрыс тәрбие беру, олардың ұлттық сезімін ояту, тілдің дәрежесін көтеру біздің негізгі мақсатымыз. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын келешек буынға мирас етіп қалдырған.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым – Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында соңғы сөзін Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік», және Тұңғыш Президент Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет»-деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидасымен қорытындылады.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев

Leave a reply