БАЛАЛАР ҮШІН «АШЫҚ АСПАН» ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласының орталығында ұзындығы 67 метрлік бассейні бар ашық аспан астындағы демалыс орталығы ашылды. «Ашық аспан» Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақта» орналасқан. Әсіресе жазы ұзаққа созылатын Түркістан қаласы үшін бұл нысан аса маңызды. Пандемия кезінде салынып, ашылуы кейінге қалдырылған аумақ сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған нысан «Балалар жылында» балаларға үлкен сыйлық болды.
– Түркістанда су тапшы екенін жақсы білесіздер. Соған қарамастан, тұрғындардың демалуына мүмкіндік жасалу керек. Жақында ғана «Шаға» жағажайы ашылды. Барлық саябақтарда жасанды көлдер бар. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Осының барлығы оңай тірлік емес. Көлдерді көбейту арқылы климатты жақсарту көзделген. Бұл жұмыстар білікті ғалымдардың атсалысуымен есептеліп жасалуда. Бүгінгі демалыс аймағы да біздің балаларымыз бен тұрғындардың бос уақыттарын қуана-қуана өткізетін орнына айналады деп үміттенеміз, – деді Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев.
Жаңа оқу жылына қарсы Түркістанда балаларға арналған бірқатар нысан ашылуда. Бұл – «Балалар жылында» балаларға жасалған тарту.
Демалыс орнында инвесторлар тарапынан дәмханалар, мейрамханалар салынады. Бұл – жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Демалыс аймағында балалар мен ересектерге арналған фильтрациясы бар бассейндер мен фут-корт орналасқан. Тереңдігі 1,5 метрлік монолитті бассейні бір мезгілде 200 адамды қабылдай алады. Балалар бассейнінің тереңдігі – 80 см. Бассейн судың тұрақты тазалығын қамтамасыз ететін тазалау сүзгілерімен жабдықталған.