Басты мақсат қала тұрғындарына барынша жайлы жағдай жасау
Бір кездері жаңа қала деген сөз құлаққа түрпідей тиіп, қаланың кескін-жобалары көзге оғаш көрінуші еді. Сондағы сенім аз болатын. Ал қазір мүлде басқаша. Қазіргі таңда «Отбасы» банкі арқылы жас отбасылары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне арналған жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар ұсынылуда. Жақында Мемлекет басшысы әкімдердің қызметі өз өңіріне инвестиция тартуымен елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруімен бағаланатындығын атап өткен болатын.
Ағымдағы жылы Түркістан қаласына 295,4 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланса, биылғы он айында 204 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Оның негізгі бөлігі киелі шаһардың құрылыс жұмыстарына бағытталды. Құрылыс жұмыстарының дені тұрғын үйлерге бөлінуде.
Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 217,8 мың шаршы метр құрайтын 3392 пәтерлі 53 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2683 пәтер несиемен берілсе, 709 пәтер тұрмысы төмен азаматтар мен көп балалы отбасыларына кезекпен беріледі. Биылғы жылдың он айында 200,9 мың шаршы метр құрайтын 3 152 пәтерлі 49 тұрғын үй пайдалануға берілді. Түркістан қаласында бүгінгі таңға 14 839 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әлсіз топ және көп балалы отбасыларға жеті жүз тоғыз пәтермен қамтылып, нәтижесінде кезекте тұрғандар саны 14 130 құрайтын болады.
Алдағы жылдары қала тұрғындарын жайлы пәтермен қамтудың мемлекеттік тұрғыдағы бірнеше жеңілдікті жолдары ұсынылуда. Оның ішінде жас отбасыларға арналған «Отбасы банкінің» жеңілдікті несиелеріне жүгінуде.
-Біздің басты мақсатымыз және міндетіміз қала тұрғындарына барынша жайлы жағдай жасау. Оның ішінде сапалы асфальт жолмен, сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, заманауи қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету. Сіздермен төртінші мәрте кездесіп отырмын. Мені дұрыс қабылдаңыздар. Барлық жобалар мен құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай орындалы келеді. Қалаға жақында қосылған секторлар мен елеусіз қалған шағын көшелерге дейін барлық жағдайлар жасалады. Шамалы күте тұруларыңызға тура келеді,-деді қала басшысы кездесулерді қорытындылап.