Бақыттың басын иген жан

0
147

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз, -деген болатын.

Өткен жылы киелі Түркістанда «Ата – баба дәстүрі – ұрпаққа аманат!» бағдарламасы аясындағы «Әже – ұлт ұйытқысы» атты облыстық форум өткізілді. Осы форум барысында Сауран ауданының әжелері аса белсенділік танытып, үздік атанды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы да ұлттық құндылықтарды сақтаудың қайнар көзі әжелер екендігін жоғары бағалап отыр.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың діннен кейінгі ең күшті құралы – салт-дәстүрі. Ұлттық сана мен ақыл – парасатты әдет-ғұрып, салт-дәстүрден табамыз»-депті.

Биыл Президенттікке қайта түскелі отырған Ресей Президенті жақында тікелей эфир өткізіп оған 4 миллионнан астам сұрақтар қойылды. Соның ішіндегі ең ерекшесі кішкентай Юлия деген қыздың сұрағы болды. Ол Президент Путиннен: «Менің әке –шешем жұмыста. Мені әжем бағып отыр. Сіз елді робототехникаға көшірсеңіз әжем мен менің тағдырым не болады». Бұл сұраққа Путин: «Есіңде болсын Юлия. Мен Президент ретінде турасын айтайын. Сенің әжеңді ешқандай робот алмастыра алмайды!» – деп жауап берді. Шындығында әз әжелерімізді ешқандай адамзат пендесі мен техникалық құрал алмастыра алмаса керек. Ендеше, Сауран ауданындағы үлкенді- кішілі рухани тәрбие саласындағы бұқаралық шаралардың бел ортасынан көрініп жүрген әжелеріміз туралы тарата әңгімелейік.

Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Адами қасиеттері ерекше көрінетін алысқа да, жақынға да жібек мінез, ықыласты мейірімімен, қарымды сөздерімен, айшықты әңгімелерімен ұйытқы болып жүрген әжелеріміздің ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі.

БАҒЫ ЖАНҒАН АСЫЛ АНА

Сауран аудандық аналар кеңесінің мүшесі Райхан апамыздың ағамыз Өмірзақ екеуінің 70 жылдық мерейтойында қатысушылар «мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат. Президент болып кетсеңіз де, сізді осы өмірге жетелеген осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақымыз жоқ екеніне көзіміз жетті. Сырттай қарапайым көрінетін апайымыздың еңбегін сыйлап, оған құрмет көрсетіп шәкірттерінің тойға ойда жоқта жиналып келіп сый-сияпат көрсеткені, Сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңызды паш етті. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтпақшы, шәкірттерге берген тәрбиеңіз осылай нәтижесін көрсетсе, апай жеңісіңіз оның артында ұстаздың яғни Сіздің бір тамшы болса да, еңбегіңіздің барын бағалағаны деп білеміз», – деп ерекше құрмет көрсетті.

Райхан Ынтымаққызы Жартыбаева Шаян ауданында 4-қаңтар 1954 жылы дүниеге келген. 1971 жылы Төрткүл орта мектебін бітіріп, 1976 жылы Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге түскен.

Бабайқорған ауылдық округіндегі Абай ауылына дәрігер Сыздықов Өмірзаққа тұрмысқа шығып, Абай атындағы жалпы орта мектебінде 2013 жылға дейін бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс атқарған. Бүгінгі таңда анамыз Өмірзақ аға екеуінің отасқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Үш ұл екі қыздан 20 немере, бір шөбере көріп отырған үлкен отбасы. Өмірзақ аға елге сыйлы аға буын өкілі болып, жастарға ақыл-кеңесін айтып отырса, Райхан Ынтымаққызы ұлағатты ұстаз ретінде әлі де қыз-келіншектерге ақыл-кеңесін беріп отырады.

АЯУЛЫ АНА, БАҚЫТТЫ ӘЖЕ

Закирбаева Гүлзада Пернебайқызы 1949 жылы 1 қаңтарда Шоқтас елді мекенінде дүниеге келген. 16 жасында Закирбаев Сайдулламен отбасын құрады. Отбасылық өмірінде совхоз жұмысына белсене араласады. Маусымдық жұмыстарға соның ішінде мақта егу, шабу, теру жұмыстарын атқара жүріп, ауыл жастарын комсомол қатарына тартады. Ауылдастары Гүлзада ананы «Комсомол келін» деп атап кетеді. Жолдасы Сайдулла екеуі отбасында 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда 5 ұлын ұяға, 7 қызын қияға қондырған бақытты ана. Ұл-қыздары әр түрлі салада бірі кәсіпкер болса, бірі аспазшы, енді бірі ұстаз.

50 шақты немере 20 шақты шөберенің сүйікті әжесі. Немерелерінің үлкені Бақыт трансформатор зауытында электр желі маманы, Айгүл мен Жұлдыз дәрігер, Інжумаржан, Раушан ұстаздар. Кішкентай немерелері студент, оқушылар. Сүйікті немересі Мадина-жас әнші. Қазіргі таңда немерелерімен бірге мектептің, клубтың, кітапхананың, әжелер, аналар кеңестерінің іс-шараларына белсене араласып келеді. 2016 жылы Түркістан қаласында өткен «Әже – ұлттың ұйытқысы», 2019 жылы Кентау қаласында «Асыл әже»-байқауында жоғарғы деңгейде өнер көрсеткені үшін марапатталған.

Гүлзада анамыз қазақ халқының бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп қонуға ыңғайлы бабалары өз қолынан жасалған 100 жылдық яғни бір ғасырлық тарихы бар тораңғылдан жасалған отбасының берекесі болған киіз үйін Сауран ауданынан ашылатын музейге, сонымен бірге сол жылдары тоқылған, есілген басқұр-керегелердің бастарын тартып, үйді айналдыра байлайтын жалпақ бау, ауылды жел болғанда, шаңырақты тартып, байлайтын бау, құр киіз үйдің керегелері мен уықтарын және үзіктің ішкі жағын байлайтын ені 2-3 елідей тоқып немесе есіп жасалған жалпақтау бау, шашақтар және құмыра, тас диірмен, келі тарту етті.

Закирбаева Гүлзада Пернебайқызына ұрпағыңызбен мың жасаңыз, Сіздің аудан музейіне берген отбасылық құнды жәдігерлеріңіз болашақ ұрпақтарымызға өткенімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеуге үлкен септігі тиетіні сөзсіз.

САРАНЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Саракүл Еркінбекқызы 1958 жылы мамырдың 2-ші жұлдызы күні Түркістан ауданы «Үшқайық» елді мекенінде дүниеге келді. Саракүл Еркінбекқызы ауылда, ұлттық болмыстың ортасында, өнегелі отбасында тәрбие көргенінен болар, өзінің өмір жолын ұрпақ тәрбиесіне арнады. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – демекші Үшқайық ауылының А.Үсенов мектебінде оқып жүрген кезінде түрлі іс – шараларға қатысып, жастайынан көзге ілікті. 1976 – 1980 жылдары аралығында Шымкент педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімдерін әдістемелік-педагогикалық тұрғыдан дайындау» факультетін бітірді. Жоғары оқу орынын оқып жүрген кезінде оқу орнының мақтанышы, комсомол ұйымының басшысы, жалындаған жастардың жетекшісі болса, сол дәуірдің қарқынымен 1982 жылы пионерлер үйіне қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер орталығына үйірме жетекші болып жұмысқа қабылданып осы ұжымның ісіне белсене араласып біте қайнасып кетті. Балалар мен жасөспірімдер орталығынан педагогикалық қызметі басталды.

1982-1989 жылдар арасында Балалармен жасөспірімдер орталығында мәдени іс-шара ұйымдастырушы, 1989-1992 жылдары әдіскер, ал 1992 жылдан бастап осы орталықтың директоры қызметін атқарып келді.

Саракүл Еркінбекқызы іскер басшы, білікті маман бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, адамгершілігі мол, жауапкершілік сезімі жоғары, ұжым мүшелерімен дұрыс қарым-қатынас жасап, басқаның пікірімен санаса білген, қоғамда өз орны бар, іскер жеке тұлға. Өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздылығының, жаңашылдығы мен шығармашылдығының арқасында оқушылармен, мұғалімдермен заман талабына сай жұмыстар жүргізді.

Ол Американдық ЮСАИД агенттігімен бірлесе жұмыс жасап, орталықтың материалдық –техникалық базасын жаңаша жұмыс жасауға қажетті барлық материалдық құндылықтармен толықтырды. Сонымен қатар, «Атамекен», «Болашақ», балалар ұйымдарының жұмысы бағдарламаларын мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асыруда іс-тәжірибесі жоғарғы деңгейде жүргізіліп облыс көлеміне таратылды.

Сара Еркінбекқызы Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын алып баруда үлкен рөл атқарды. «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын жүргізуде семинарлар, курстық білім ұйымдастырды.

2002 жылы орталыққа қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс «Балауса» лагерінің жұмысын жақсы атқарғаны үшін 2003 жылы Облыс көлемінде «Таңдаулы жазғы демалыс лагері-2003» атағын жеңіп алса, 2005 жылы дәл осындай аталымды тағы да жеңіп алды. Сондай-ақ 2004 жылғы 12-ші қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінің делегаты.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясының дипломымен балалар мен жасөспірімдердің 2008 жылы жазғы демалысын жақсы ұйымдастырғаны үшін Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Халықаралық «Түркістанды аңсау» оралмандардың мәдени-этнографиялық фестивалі аясында өткізілген қолөнер шеберлері байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылықтарын шыңдау, әдептілік қасиеттерін қалыптастыру, жас таланттарды жарыққа шығару мақсатындағы жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткізілетін өнер фестивальдері мен конкурстарда тек жүлделі орындарды иеленіп келді, әсіресе облыстық фестивальдерде қатарынан он жыл бойы бас жүлдені иеленді.

Онтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы жеңіске тағзым» -2010 жылы, «Бірлігіміз жарасқан» -2011жылы, «Өнер құдіреті – мәңгілік» – 2012 жылы, «Тарихқа толы мәдени өлке Оңтүстік» -2013 жылы, «Қазақстан -2050 стратегиясы: Бір халық, бір ел, бір тағдыр» – 2014 жылы Лауреаттық дипломдары «Бас жүлдесімен» марапатталды.

Білім мен өнерді ұштастырып өнер әлеміне самғап, өнерлерін өрге қарай өрлеткен жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанған Қазақстанға кеңінен танымал көптеген өнерпаздарды шығарды.

Балалар мен жасөспірімдер орталығының түлегі Чайковский музыка колледжінің студенті Исабекова Жадыра «Шіркін лайф 2» тележобасына қатысып, көрермен ықыласына бөленсе, Мұстафаев Бақытжан өз өнерімен Республика көлемінде танылды. Халқымыздың төл өнері «Айтыс» жанры бойынша Еркебұлан Қайназаров үлкен өнер сайыстарында бәйгеден оза шауып жүр және басқа да оқушыларымыз өнер саласында балалар орталығының жас өнерпаздары Серікбаев Еркебұлан сынды оқушыларымыз Халықаралық Болгарияда, Испанияда, Италияда өткен өнер фестивалдерінде Республика атын әлемге танытты.

Өнер жолына балалар мен жасөспірімдер орталығынан бастау алған, тәрбиеленген, көптеген байқауларда «Бас жүлдесін» алып жүрген, ХҚТУ-дың түлегі, әнші өнерпазы 2003 жылғы Республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, 2005 жылғы «Жас Қанат» байқауының «Алтын қауырсынын» жеңіп алған Нұржан Қалжановқа орталықтың басшысы Саракүл Еркінбекқызының еңбегі ерен.

Орталықтың оқушылары Әбсаттар Жайна, 7-11 сынып оқушылары арасында өткен «Жарқын болашақ» 6-республикалық олимпиадасына қатысып оқу орнының Грантын жеңіп алса, Инаят Жандос ХҚТУ-нің грантын иемденді.

2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Білім ұясы» ІІ республикалық байқауына қатысып, «Бас жүлде» және «Білім ұясы» таңдаулы мектептен тыс ұйым атағын жеңіп алып, Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған ашық облыстық «Көктемгі найзағай» туристік слетінде бас жүлдені жеңіп алды.

Балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастыру жұмысына қосқан үлесі үшін, білім саласындағы игі істерін ескере отырып Саракүл Еркінбекқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен -1997 жылы, 2000 жылы «Жыл адамы» құрметіне ие болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісінің иегері-2007жылы, Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер белгісінің иегері -2010 жылы, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері-2011жылы, Облыс әкімінің Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасымен, Облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Түркістан қалалық филиалының Саяси кеңесінің Алғыс хаттарымен, Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген қызметкер төсбелгісімен марапатталды.

Саракүл Еркінбекқызы – ұстаздық жолында талай асуларды бағындырып, осы жолда биік белестерден өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2014 жылғы 25 қарашадағы өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Республикалық «Білім шыңы-Ғылым сыры» редакциясының арнайы комиссияның 2015 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі бойынша «Мәртебелі мектеп директоры» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 5 желтоқсандағы жарлығы бойынша «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылы Түркістан қаласының әлеуметтік экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын иемденді. Әріптестері арасында беделді басшы, отбасында сүйікті жар, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы, ардақты ана, мейірімді әже.

Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек.

Отаннан кейінгі қасиетті ұғым –отбасы.

Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Осындай үлгілі отбасының бірі киелі Түркістан қаласының Құрметті азаматтары Таңғатаровтар отбасы, Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.

Отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз.

Отбасының ұйытқысы, Отағасы Таңғатаров Асылбек Мақұлбекұлы – Түркістан қаласының бірінші сайланған мәслихат депутаты, алғашқы қалалық мәслихаттың хатшысы, отанасы ардақты ана, аяулы әже Таңғатарова Саракүл Еркінбекқызы бақытты ана, ардақты да аяулы ұстаз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply