Thursday, November 21

Бейбіт өмірдің бағасы қымбат

0
142

Бүгінгі таңда әлемде орын алып жатқан саяси-экономикалық құбылыстар бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түскендей. Әлемде жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі қашып, бірлігі сөгілген елдердің қатары көбейіп бара жатқаны байқалады. «Ынтымақ болмай, іс оңбас» деген бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, тәуелсіздіктің тірегі – тұрақтылық. Тәуелсіз Қазақ- станның бүгінгі сан-салалы істері, табыстары тек осы бірліктің, тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Бірлігі, ынтымағы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашағымыз баянды болмақ.
Бұл ретте, Мемлекет басшысы қоғамда бірлік пен ынтымаққа ерекше көңіл аударып келеді. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ата-баба өсиеті – Президенттің Жолдауларының негізгі бағыты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата-бабаларымыздан қалған аманаттарды, қасиетті тіліміз бен халқымыздың бірлігі, басқа да толып жатқан рухани құндылықтарымызды, бай тарихымыз бен әдебиет, мәдениет пен өнерімізді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа, жастарымызға мирас етуіміз керек» деп ерекше атап өткен болатын қазақстандықтарға арнаған Жолдауларының бірінде.
Сондықтан да облыстық «Аманат» партиясының фракция мүшелері ел Президентінің Жолдауын қолдай отырып, әр ауылда береке-бірліктің дамуына өз үлесімізді қосып, түсіндіру, тәрбие жұмыстарына барынша атсалысудамыз. Қай заманда, қай елде болмасын, адамдар арасында әртүрлі мәселелерге байланысты дау-дамай туындап, түсініспеушіліктер аракідік орын алып тұратыны белгілі. Осындай түйткілді мәселелердің алдын алу мақсатында ай сайын тұрғындармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар, кездесулер өткізудеміз.
Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» парламенттік сайлаулардан кейін бірден өз сайлауалды уәделерін іске асыруға белсенді түрде кірісіп кетті. Сайлаудан кейінгі міндеттерге орай бүкіл қажетті партиялық инфрақұрылым жаңаша қайта құрылымдалды. Жауапты депутаттар мен басшыларға бекітілген жол картасы іске асырылуда. Одан бөлек ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, жастарымызды патриоттыққа баулитын, халықтың барлық санатына бағытталған түрлі жобалар аясында жұмыстар жүргізудеміз. Атап айтар болсақ, «Ауыл аманаты», «Қайсар», «Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Кедергісіз келешек», «Таза Лайк», «Бақытты отбасы» жобалары аясында түрлі шараларға қатысамыз. Аталған жобалардың мақсаты мәдениетімізді қалыптастыру, ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу, өскелең ұрпақты мейірімділікке баулу, елдегі тұрақтылықты, бірлікті сақтауға атсалысу болып
табылады.
Ел артқан сенім біреу, ол – ұстанған тура жолдан тайынбау. Төңіректегі түрлі қиындықтарға төтеп беру. Межелі міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін, еліміздегі тұрақтылықты сақтау үшін, әрине, сыртқы саясатымыз да сындарлы болуы шарт. Әлеммен байланысымызды бекемдеу қажет. Бұл тұрғыда, Мемлекет басшысы, Қ-Ж.К.Тоқаев – әлемдік саясатта да, елдік, ұлттық саясатта да өзін дәлелдеген кемеңгер басшы.
Еліміз үшін татулық пен тұрақтылықтан артық ешнәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін! Міне, ең бастысы – осы. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай!

Н.ӘШІРОВ,
облыстық мәслихат депутаты.

Leave a reply