Бейнеттің арқасында бақыттың басын иген ауыл

0
109

Жақында Сауран ауданы Оранғай ауылында 19 адамнан тұратын Қауымдастық құрылды. Оның қатарында Ардагерлер кеңесі, Ақсақалдар алқасы, Әжелер ұйымы, сондай-ақ Оранғай, Қосқорған, Бостандық, Құшатаның беделді кісілері сайланды. Оранғай ауылдық округінде 8694 адам тұратын болса, 1427 түтін бар. Соңғы жылдары Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болған бойда жердің де пәтердің де бағасы шарықтап өсіп кетті. Осыған орай, жаңадан құрылған Қауымдастықтың алдында қыруар істер тұр. Оның ішіндегі ең маңыздысы – Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары ұстағанның қолында, тістегенің аузында кеткен әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып алып, ауылдастардың ортақ пайдаланымына ұсыну.

Оранғай Қауымдастығының төрағасы Балғабай Құлмырзаның айтуынша, осы аумақтағы тұрғындарда 15 мыңға жуық ұсақ мал, 4 мыңнан астам сиыр, 35 бас түйе, 250 жылқы ұстайды. Осынша малды ұстауға жайылымдық жер жетпей, тұрғындардың өрісі тарылып барады.

Жақында Оранғайлықтармен кездескен Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қарабұлақ ауылы секілді малды қорада ұстап, бағудың тиімді екендігін айтады. Алайда, малдың жем-шөбі күннен күнге қымбаттап бара жатқан кезде, малды қорада ұстау қыруар қаржыны талап етеді. Осы орайда, аудан әкімі Шорнақтан мың гектар аумақ бөлініп беріліп, қытайлық инвесторлар құнарлы мал азығы (комбикорм) зауытын ашқалы жатқанын, «ол ашылған жағдайда, өз ауданымызға арзанырақ беруді ойластырып жатырмыз», – деген болатын.

Қазір бірнеше ауыл суын ішіп отырған Қосқорған су қоймасының сыйымдылығы 37,3 миллион текше метр болғанымен соңғы жылдары ауа райының күрт ысып кетуіне орай, бұл мөлшердегі судың жиналуы қиын болып отыр. Осыған орай Оранғай ауылдық округі аймағындағы Қосқорған су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленбек. Оның сыртында ауыл маңынан қиыршық тас шығаратын зауыттар ашылып, құдық суының тартылуына әсер етіп отыр.

Тұрғындардың сұрауымен «Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округі, Бостандық және Қосқорған елді мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысына – 43 840,343 мың теңге қарастырылып отыр. «Түркістан облысы, Кентау қаласы, Оранғай ауылындағы газ құбырларының құрылысы» нысаны бойынша 31.03.2021 жылғы №КСК-0052/21 сараптаманың оң қорытындысы. Жалпы, сметалық құны – 1 819,559 млн. теңге көлемінде белгіленді.

Оранғай ауылдық округі Сауран аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Үш елді мекеннен құрылған. Оранғай, Бостандық және Қосқорған елді мекендерін қамтиды. Қосқорған ауылы орталықтан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Одан басқа, Сырдарья, Нұра учаскелері бар. Оларда малшылар, маусымдық жұмысшылар қоныстанған. Нұра учаскесінде суармалы егістік жерлердің 50 пайызы, яғни 1000 га жер орналасқан. Ол орталықтан 90 шақырым қашықтықта.

Оранғай ауылында 918 отбасы, 5356 адам тұрады. Бостандықта 269 отбасы, 1564 адам бар. Қосқорған ауылында 240 отбасы,1774 адам тұрады. Олардың ішінде қазақтар-3773 адам, 43,4%, өзбектер–4917 адам, 56,3%, өзге ұлт өкілдері-12 адам, 0,1% құрайды.

Зейнеткерлер саны – 540, мүгедектер – 320, жалғыз басты қарттар саны- 2 . Тыл ардагерлері-31, «Батыр аналар» – 16, «Алтын алқа»-142 , «Күміс алқа»-143 Ауған соғысы мен Семей сынақ алаңы ардагерлері және оларға теңестірілгендер саны- 12, Жастар (14-29 аралығында) 1992 (1040-ерлер, 952- әйелдер). Ауыл округінде 7 ұлттың өкілдері тұрады, қазақ, өзбек, орыс, татар, қырғыз, неміс, тәжік.

Оранғай ауылдық округі бойынша жұмысқа қабілетті 3436 адамнан 922 адам ауыл шаруашылығында істейді. Ауылдық округі әкімі аппаратында 17, білім беру саласында 271, денсаулық саласында 50, бала бақшада 52, тағы басқа салаларда 522 адам жұмыс атқаруда. Демография бойынша ауылда 2021 жылдың 12 айында -239 сәби дүниеге келген.

Кірістер бойынша 1-ші жарты жылдық жоспар 17256,0 мың теңге, орындалғаны 22252,3 мың тенге, 129 пайызға жеткізілді. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 1694,0 мың теңге орындалуы 5606,1 мың теңге, яғны 330,9 пайызға орындалды. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар – 1515,0 мың теңге, орындалғаны – 2599,2 мың теңге 171,6 пайызға трансферттер мен субвенциялар бойынша жоспар 14047,0 мың теңге, орындалуы 14047,0 мың теңге 100 пайызға орындалды.

2021 жылы ІІ жарты жылдық кірістер бойынша 25589,0 мың теңге, орындалғаны – 26483,3 мың теңге 103,5 пайыз. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар – 3087,0 мың теңге, орындалғаны – 3981,3 мың теңге 129,0 пайызға жеткізілді. Трансферттер мен субвенциялар бойынша жоспар 22502,0 мың теңге, орындалуы 22502,0 мың теңге 100 пайызға орындалды.

І-ші жарты жылдықта шығыс жоспары 19769,0 мың теңге, орындалғаны-19768,2 мың теңге ІІ-ші жарты жылдықта жылдық жоспар – 36351,0 мың теңге, орындалғаны -36351,0 мың теңге 100 пайыз игерілді, барлығы жылдық жоспарланған 56120 мың теңге толық игерілді.

Оранғай ауылдық округі бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары біртіндеп өркендеп келеді. Қазіргі таңда құрылыс саласында «Тас жол» ЖШС, «Майшай су» ЖШС, «Кас-Ай» ЖШС, «Фахри строй бетон» ЖШС қиыршық тас, цемент өндірсе, «Досан Ата» – дайын бетон шығарады.

Жергілікті бюджеттің салық төлеу базасын құрайтын барлық субьектілерді қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, салық төлеуіне жататын салық базаларының есебі алынды. Мұнда бір құс фермасы болса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бір цех бар. Жиырмаға жуық аралас сауда дүкендері қызмет етеді. Үш халыққа тұрмыстық және техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Пластикалық құбыр шығаратын шағын цех жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 16742,0 гектар болса, оның 1872,0 гектары суармалы. Жайылым жерлер 13406,0 гектар. Бау бақшаға арналған 991,02 гектар жер бар. Қазіргі таңда оранғайлықтар ауыл шаруашылығы жерлерін тамшылатып суғару және жаңбырлатып суғару және қарқынды бау шаруашылығымен айналысады. Бірқатары бір жазда екі-үш рет бау-бақша өсіруге машықтана бастады.

Мәселен, Шамырза Мажитов он гектар алқапта қарқынды бау өсіреді. Қазіргі таңда 22720 дана алма көшеттерін 15 млн 904 мың теңгеге отырғызды. Гулнара Жалилова болса он гектар жерге 22720 дана алма көшеттерін 15 млн 904 мың теңгеге отырғызды.

«Байкенже» шаруа қожалығының иесі Нұрлан Байкенжеев пен «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Әділхан Қасымбеков мал тұқымын асылдандыруды қолға алды. «Дилмурат» шаруа қожалығының төрағасы Сапидолла Асетов 30 бас асыл тұқымды қошқар сатып алып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Жылыжай шаруашылықтарын меңгеруде.

Шакиржан Исаев, Мухамедамин Ахметов, Маргуба Сайтходжаева, Кемелбай Баймаганбетов, Рустам Дадашов, Абиддин Пахриддинов, Кендебай Баймагамбетов 0,97 гектарды игеріп шаруаларын шалқытып отыр. Гулнара Жалилова мен Шамырза Мажитов он гектар алқаптан алып, тамшылатып суғаруға көшті.

Ауылшаруашылығы саласы ауыл округіндегі негізгі сала болып табылады. 2021 жылғы – өнімге 338 гектар жерге күздік бидай егіліп, 27 центнер өнім алынды. Жүгері 280,0 гектарға егілса, одан 67 центнер жүгері жиналды. Мақсары 52,5 гектар егіліп, 13 центнер өнім алынды. Сонымен бірге, мақта 90 гектар жерге егіліп, бүгінгі күнге жиналғаны 40 гектардың түсімі 25 центнерден айналды. 2021 жылы жалпы 2760 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. 2022 жылғы өнімге 107,0 гектар жерге күзгі бидай егілді. 1650 гектар жер айдалды. Ауыл округі бойынша 169 шаруа қожалығы бар. Ауыл шаруашылығының басты құралы техника болып табылады. Округ бойынша әр түрлі маркалы 49 трактор, 48 жүк автокөлігі, 650 жеңіл автокөліктер бар. Көктемгі дала жұмыстарына Оранғай ауылдық округінен бөлінген жеңілдетілген жанар жағар май наурыз айында 47,9 тонна алынды. Күзгі дала жұмыстарына 220 тонна дизель отыны бөлінді.

Оранғай ауылдық округі бойынша жалпы мал басы саны артып келеді. Аналық ірі қара малды тұқымдық түрлендіру бойынша ауылдық округте «Байкенже» ШҚ-ның төрағасы Н.Байкенжеев, «Аруана» ШҚ-ның төрағасы А.Қасымбековтер үлкен жетістіктерге жетуде. Мәселен, «Дильмурат» ШҚ-ның төрағасы С.Асетов Жамбыл облысы, Қордай ауданы «Арман» ШҚ-нан 30 бас асыл еділбай тұқымды қошқарларды сатып алып, бағуда.

Ауылдық округінде білім беру саласы бойынша 3 мектеп жұмыс істейді. «М.Әуезов» жалпы орта мектебінде қызметкерлер саны – 160, оқушылар саны 1318 оқушыға жетті. «М.Қазыбеков жалпы орта мектебінде қызметкерлер саны-50, оқушылар саны – 348, «Қосқорған жалпы орта мектебінде қызметкерлер саны – 61, оқушылар саны – 358.

Ауылда «Шұғыла» бөбекжай бала бақшасында 32 қызметкер жұмыс істейді, онда 4 топта 100 бала тәрбиеленуде. «Ақ жайық» бала бақшасында 20 қызметкер жұмыс істейді, 5 топта 125 бала тәрбиеленуде.

Ауылдық округі бойынша атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2021 жылдың 12 – айында 132 отбасы құжат қабылдап (96 шартты, 8 шартсыз, жалпы 771 адам) отбасыға 42908452 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, әлеуметтік пакет берілді.

Сауран ауданы арқылы 11 отбасыға жалпы көлемі 471084452 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық қоры ұйымдастырылып, Оранғай ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларына көмек көрсетілді. Ауылдағы кәсіпкерлер тұрмысы төмен отбасыларға көмектерін аямайды.

«Досан Ата» ЖШС басшысы Х.Мудиддинов 8 отбасыға 30000 теңге көлемінде азық-түлікпен көмек берді. Оранғай елді-мекенінің тұрғыны Асанов Алимханның үйінің сыртқы қоршауы «Майшай Су» ЖШС демеушілігімен жөнделді. 10 отбасыға 30,0 мың теңге көлемінде азық-түлікпен көмек берді. «Фахри строй бетон» ЖШС 3 отбасына қатты отын түсіріп берді. «Яссы құс» шаруа қожалығы 100 отбасына 50 тауықтан таратты.

Оранғай ауылдық округі бойынша мектептерді қоспағанда 2 кіші футбол алаңы бар. Ай сайын жастар арасында футболдан ауылдық округі чемпионаты ұйымдастырылады. Күрестен Грузия мемлекетінде өткен әлем біріншілігіне Оранғай ауыл тұрғыны Өтепбергенов Нұрахан қатысып, әлем чемпионы атағына қол жеткізген. Ауыл жастары дойбыдан республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Оранғай ауылдық округінің әкімі Сыздық Пирметовтің айтуынша, болашақта атқарылатын жұмыстар жоспарланған. Оның ішінде Оранғай ауылы Түркістан, Тәуке хан, Темірлан көшелеріне және Бостандық ауылы Құсшы ата көшесіне жаңадан трансфарматор қою қажеттігі туындап тұр. Бостандық елді-мекеніндегі Қарашық өзеніндегі көпір салудың мемлекеттік актісі бар. Сметалық жобасын жасауға қаржы бөлінуі тиіс. Бостандық каналына бетон арық салу жоспарда бар. Қосқорған және Бостандық елді-мекендерінде электр бағаналары ескірген, жаңалау қажет. Бостандық елді-мекені Мешіт көшесіне асфальт төсеу 30,0 млн теңгеге сметалық құжаттары дайындалып бюджеттік өтінім берілген.

Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке 90 жылдан асты. 1931 жылы ресми түрде бастауыш мектеп болып ашылып, 1937 жылы қазақ және өзбек тілінде оқытылатын білім ұясына айналды. 1956 жылдан бастап білім ошағы «Оранғай» орта мектебі болып аталды. Мектеп тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – 1967 жылы қазақтың заңғар жазушысы – Мұхтар Әуезовтің 70 жылдығына орай, «М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі» болып аталды. Бұл мектеп тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың бірі.

– Мектептің жаңа ғимараты 1976 жылы Социалистік Еңбек Ері, Ленин Туы орденінің иегері, Қаз ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазтрансстрой тресінің бастығы М.Қазыбековтің басшылығымен салынып, пайдалануға берілді, – дейді мектеп директоры Нұрлан Қадыров.

Қазіргі таңда 660 орындық мектепте 1320 бала білім алуда. Осыған орай, Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова «мектепке жақын жерден 300 орындық бастауыш сыныптарға арналған мектептің сметалық жобасы жасалып, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталатындығын» мәлімдеді.

Мектептің 90 жылдығы қарсаңында осы білім ордасының бір топ қолөнер шеберлері мектептің маңын гүлдендіріп, мұғалімдер аллеясын, түрлі танымдық ескерткіштерді жасады.

– Маған қатты ұнағаны – мектептің қолөнершілерінің қолынан бұйымдардың ғажап өнер туындысы болып шыққандығына қуандым. Әсіресе, мектеп залындағы Мұхтар Әуезовтің бюсті және сырттағы баудағы жаңадан бой көтерген ескерткіші әдемі. Мектепке керемет көрік беріп тұр. Оның сыртында осы мектеп қолөнершілерінің шеберханасынан шыққан бұйымдар «Мұғалімдер аллеясы», «мектептің этнографиялық мұражайына, «Құмыра» тарихи танымдық ескерткіштер кешеніне қойылды. Мен бұған дейін мұндай кешенді мәдени орталықты еш мектептен көрген емеспін. Мұның барлығы мектеп ұжымының ынтымақты тату-тәтті екендігін көрсетеді, – дейді ұлағатты ұстаз Фазыл ата Байметов.

Бір қызығы-оранғайлық шеберлер қандай құмыра жасаса да, оның сыртынан жыланның ізін немесе өзін салады екен. Мұның мәнісін жергілікті тарихшы, археолог, мектептің тарихи-этнографиялық мұражайының жетекшісі Ахметжан Ахметовтен сұрап білдік.

– Оранғай сөзі көне түрік тілінде ордалы жыландардың оралуы деген мағына береді екен. Бұл қасиетті жыландар алтын-күміс салынған құмыралардың маңына иесінен басқа жанды жолатпай, күндіз-түні түрлі пәле-жалалардан қорғайды.

Қазір шын мәнінде мұнда Күлтөбе, Мейрамтөбе, Қазтөбе, Төрткүлтөбе сынды бұрын отырықшы, диханшылық еткен халықтың шағын қорғанды мекендері бар. Осы жазда сол төбенің біріндегі құдықтан ордалы жыланның жыбырлап жатқанын көрдім. Мүмкін кезінде бір бай сонда алтын-күмісін құмыраға салып тықты ма екен деп ойлаймын. Бұл ордалы жыландардың оралуын, Түркістанның облыс орталығы ғана емес, исі түркі халықтарының рухани ордасы болуына қатысты қазір ауылымызда қазақ-өзбек ұлтының ынтымағы жарасып, байлығының көбейе түсуімен байланыстырып отырмын. Мектеп оқушыларына, немерелеріме бала жастан «жылан көрсең тиіспе, басына ақ құйып шығарып сал, ол киелі жәндік» деп айтып отырамын. Сол төбелерден мектеп оқушыларының экспедициялық сапарларында жинастырған қыш құмыралар, шаруашылық құралдары, қару-жарақтардың сынықтарын тауып, осы мұражайды халыққа ұсынып отырмыз. Бұл да бір тарих,-дейді Ахметжан Ахметов.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасау жөнінде мектеп директоры Нұрлан Қадыров көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Ғұлам Сүлайманов, Салайдин Абдоллаев, Халмурад Бабажанов, Лазиз Атахановты жинап алып, өзара ақылдасады. «Мектептің 90 жылдығына дейін Мұхтар Әуезовтің ескерткішін жасап шығара аламыз ба?» деген сұрақты ортаға салады. Өздеріне нық сенімді шеберлер тобы құмбыл кірісіп, небәрі үш айда жазушыны тұғырға қондырады.

Биылғы жылы Ғұлам Сүлайманов ұлттың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай, әсем бюстін бастады. Жақында оны Түркістандағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымына сыйға тартпақ.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 2021 жылы Сауран ауданына қарасты Оранғай ауыл округіндегі «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» құрылыс нысаны бойынша инфрақұрылымдық жұмыстарының 1 жобасы бекітілген. Осы жоба бойынша 3 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 азамат жұмыспен қамтылды.

Түркістан облысының Ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Ораңғай ауылдық округінің тұсынан бейнебақылау орнатылды.

Leave a reply