Saturday, November 23

«БЕКЗАТТЫҚТАРДЫҢ» ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН

0
102

 

Батырдың есімімен аталған мөлтек ауданды қаладан темір жол бөліп жатыр. Бүгінде бұл аудандағы тұрғындардың саны жыл санап артып, аудан көлемі кеңейе түсті. О.Жандосов пен С.Ерубаев көшелерін біріктіретін, темір жол үстіне салынған көлік көпірі «бекзаттықтарды» қала орталығына апарар басты жалғыз жол еді. Алдағы жылдарда аталған мөлтек ауданды қала орталығын жалғайтын тағы бір көлік көпірі салынбақ.

Бұл қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындар үшін сүйінші жаңалық екенін де айта кеткен жөн. Осылайша шойын жолды кесіп өтер көпірдің қатары артады. Қалаби көшесі ұзартылып, жаңа қаламен ұштасады. Айтылған жұмыстар алдағы үш жылдыққа жоспарланып, республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Жоба құны 13 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.

Сондай-ақ, шаһар басшысы президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан енді рухани астанаға айналатындығын жеткізді. Осыған орай, қарт қалаға ерекше мәртебе беру туралы заңның жобасы әзірленгендігін айтып өтті. Өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндап, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Қазіргі таңда, облыс орталығында тұрғын үй кезегінде 15707 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Облыс орталығында осы сұранысты қанағаттандыру бойынша жұмыстар тоқтаған емес. Әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үйдің құрылысы басталып, сол жылы 7 үй 336 пәтер пайдалануға берілсе, 2021 жылы 29 үйде 1921 отбасы қоныс тойын тойлады. Өткен жылы 53 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 49 үйдегі 3155 пәтердің кілті иелеріне табысталды. Қалған 4 үй 237 пәтердің құрылысы 2023 жылға өтпелі болып, аталған үйлерді қабылдау мамыр-маусым айында жүзеге аспақ. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы 59 үй 3377 пәтер пайдалануға беріліп, ипотекамен үлестіру жоспарлануда», – деді қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Сонымен қатар, шаһар басшысы әкімшілік-іскерлік орталықта құрылысы жүріп жатқан «Мұз сарайы», «Дарын» мектебі, «Жасанды көл» нысанының құрылысы аяқталуға жақын екендігін жеткізді. Жиын соңында баспасөз мәслихатына келген БАҚ өкілдері шаһар басшысына көкейкесті сауалдарын қойып, жауаптарын алды.

 

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Leave a reply