«Бес қара» құс фабрикасында 400 мыңға жуық Коралл-кросс тұқымды құсы өсіріледі
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының тұрғындарымен жүздесті. Мақсат – елдің өтініші мен ұсыныстарын тыңдау, өткір мәселелерді талқылау. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берген өңір басшысы Сарыағаш ауданын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін және бұл жұмыстардың әрі қарай жаңа қарқынмен жалғасатынын жеткізді.
Дархан Сатыбалды сарыағаштықтарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысының тарапынан қойылған міндеттер еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әкімнің нәтижелі еңбек етуі халқының қолдауына байланысты екенін айтқан облыс басшысы, халықты бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды.
– Әкімнің міндеті – халықпен кездесу, елдің жайын білу. Өзінің құзыреті аясында мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Барлық жұмыстар кезең – кезеңімен, маңыздылығына байланысты жүзеге асады. Сондықтан құрғақ уәде бере алмаймын. Көтерілген мәселелер орынды. Соның ішінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету – атқарушы биліктің, яғни біздің міндетіміз, Мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасы. Еңбектенудің келешек ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Оларды еңбекке, тәртіпке, тазалық пен мәдениетке үйрету үшін ең алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет. Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Суы шипалы, елі еңбекқор Сарыағаштың болашағы жарқын. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Осыған дейінгі халық пен әкімнің кездесуінде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округінің Дихан баба елді мекенінде кітапхана және мәдениет үйін салу мақсатында қажетті 340,4 млн. теңге қаралды. Құрылыс жұмыстары басталды. Көктерек кентін сапалы электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 2022 жылы 200 млн. теңге қаралды. Қыркүйек айынан бастап ескірген электр желілері мен бағаналарын жаңарту жұмыстарын жүргізуде.
Сарыағаш ауданында 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. 4 мектеп биыл пайдалануға беріледі, қалған 3 нысан келер жылға өтпелі. Ауданда бір ауысымда 25 адам қабылдайтын 3 дәрігерлік амбулатория салынуда. 8 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде, жалпы құны 4 725,4 млн. теңге құрайды. Ұлттық қор есебінен 1 580,5 млн. теңге және облыстық бюджеттен 2 млн.теңге бағытталды.
Сарыағаш қаласында өнімділігі тәулігіне 3400 текше метр кәріздік тазарту құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сарыағаш ауданында 6 елді мекенде электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, биыл 1 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 13 елді мекенде 30 жоба іске асырылуда. 9 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мәдениет үйлері салынып, жолдар жөнделуде.
Бүгінгі кездесуде тұрғындар тарапынан мектеп салу, ауыз су жүйесін тарту, саябақ салу, бос жер телімдерін игеру, шаруаларға көмек көрсету, инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Облыс әкімі елдің әрбір өтініші мен ұсынысын мұқият тыңдап, барлық сұраққа жауап берді. Өтініштер хаттамаға енгізіліп, жұмыс жүргізілетінін айтты.
Мемлекет басшысының Жарлығымен әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты түрде өткізіледі. Кездесулердің өткізілетін орны мен уақыты ресми интернет-ресурстарда, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктердің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда алдын ала жарияланады. Бұл кездесулердің ерекшелігі – ашықтық. Яғни, кездесудің төрттен бір бөлігі өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаманы таныстыруға арналса, қалған бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өткізіледі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы іссапарында бірқатар өндіріс орындарында болды. «Бес қара» құс фабрикасында 400 мыңға жуық Коралл-кросс тұқымды құсы өсіріледі. Тәулігіне 300 мың жұмыртқа шығарады.
Өңір басшысы Жібек жолы ауылдық округіндегі ерте көктемгі дақылдардың көшеттерін дайындаумен айналысатын «Agro Tur» шаруа қожалығының да жұмысымен танысты. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты. Мұнда жылына 12 млн. түп көшет өсіріледі. Көшет егу, өсіру, күтіп-баптау, суғару жұмыстары толық компьютерленген. Соңғы үлгідегі автоматтандырылған мұндай өндіріс орны еліміз бойынша алғаш рет Сарыағаш ауданында ашылған.