БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛУШІ ТУРИСТ САНЫ АРТҚАН

0
28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өңірімізге жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынды. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Президент «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында Түркістан қаласының маңызы туралы әңгімелеп берген болатын. «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары», деді Президент. Сондай-ақ түгел түркінің темірқазығы саналатын Түркістанға тәу ету ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр екенін айтты. «Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған», деді Қ.Тоқаев.

Туристерге қолайлы болу үшін кешен аумағында бірнеше электрокар жұмыс істейді. Әзірге «Керуен Сарай» кешенін толыққанды коммерциялық жоба деп атау қиын. Десе де Алексей Храменков жобаның тартымдылығын арттыру үшін жоспарымыз көп дейді. Өйткені Түркістандағы әулие-әмбиелердің басына тәу ету үшін келетін адам саны біршама. Енді соларды туристік нысандар мен жобаларға сәтті тарта білу қажет. Қазір қыс маусымы болғандықтан келушілердің қарасы қалың емес. Ал биыл жаз кезінде судағы шоуды көрудің өзіне сағатына 13 мың адам жиылған.

Биыл Түркістан облысында туризм саласына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

Leave a reply