БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ

0
73

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Жобалар өңірлік инвестициялық штабтың отырысында тұрақты талқыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестштабтың кезекті отырысында 9 жобаның жай-күйі талқыланды. Әрбір инвестордың есебі, жұмыс барысы, жоспары және мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдіктеріне инвестрларды сүймелдеу жұмысын сапалы жүргізуді тапсырды.
– Инфрақұрылым, жер және өзге де мәселелер бойынша инвесторларға қолдау көрсетіңіздер. Ал инвесторлар және кәсіпкерлер! Кедергі болып жатқан мәселелеріңізді ашық айтыңыздар. Соны тыңдап, көмектесу үшін жиналып отырмыз. Әкімдік тарапынан не атқарылуы керек? Біз өз міндетімізді орындаймыз. Кәсіпкерлер де өздері бастаған жобаларын созбалаңға салмай уақтылы жүзеге асыруы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында «КАТКО» ЖШС, «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС, «KAZPLAST» ЖШС, «Корпорация «ERNUR» ЖШС, «MEGA AGAT» ЖШС, «Тауэнерго» ЖШС және «Сұлтан-Агро» ЖШС-нің басшылары мен өкілдері жұмыс барысы туралы баяндады.Инвесторлардың айтуынша, Созақ ауданындағы уран өңдейтін зауыт құрылысы бойынша жұмыстар басталған. Ал Арыста Франциялық инвестордың көмегімен электровоз жөндейтін сервистік орталық салу жоспарланып отыр. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. 100 жұмыс орны ашылады. Келестегі алып жылыжайдың құрылысы да жүріп жатыр. Инфрақұрылымы тартылуда. Жоба іске қосылған соң 700 адам жұмыспен қамтылады. Сайрамда жылына 4 мың тоннадан астам өнім өндіретін жылыжай құрылысы қолға алынған. 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлеби ауданында үлкен тігін цехы салынуда. Қазір ғимарат тұрғызылған.

Инфрақұрылымға қатысты мәселелері бар. Ол бақылауға алынды. Жылына 150 мың дана киім тігетін кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылады. Биыл жұмысын бастайды деп күтіліп отыр.Инвестштаб отырысында Бәйдібектегі құс фабрикасы, Арыстағы көліктік-логистикалық орталығын салу барысы да талқыланды. Арыстық инвестордың айтуынша, негізгі ғимарат бой көтеруде. Биыл бірінші тоқсанда тапсырылмақ. Тоғыз жолдың торабындағы Арысты «құрлықтағы портқа», яғни, ірі сауда орталығына айналдыру көзделіп отыр.

Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді.

Еске сала кетсек, Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінен орындалды. Бұл салада 437,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Облыс әкімі көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсу керектігін жеткізді. Экономикалық даму бойынша негізгі индикаторларға қол жеткізе алмаған басқарма және аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

– Біз аудан, қалаларды аралау барысында аудан, қала әкімдерімен, орынбасарларымен кездесіп, нақты тапсырмалар бергенбіз. Орындалмау қаупі бар индикаторларды да көрсеткенбіз. Осыны назарда ұстаңыздар. Жұмысын дұрыс атқара алмаған жауаптыларға шара көріледі. 2023 жылдың нәтижесі шықты. Енді сіздер 2024, 2025 жылдың жоспарларын қазірден бастап әзірлеп, индикаторларды есептеулеріңіз керек. Кірісті молайту бойынша 2 бағыт ұсынылды. Біріншісі – резервтегі кіріс көздерін, «көлеңкелі экономикада» жүрген тұлғаларды анықтап, сол арқылы салық көлемін көбейту. Екінші бағыт – жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, кәсіпорындар ашу. Биыл шетелдердегі іссапарларыңызда алған тәжірибені іс жүзінде жүзеге асырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Құны 30,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 594 жұмыс орны ашылған. Инвестиция көлемі 972 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 26,1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орынға шықты. Жалпы инвестицияның 66,8%-ын құрайтын жеке инвестициялар 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артып, 649,6 млрд. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 344,1 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4%-ға артып, 899 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жеке меншік есебінен 621,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, мемлекеттік меншік есебінен 277,1 мың шаршы метр тапсырылған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, өңір республикада көш бастады. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде өсім бар. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытында құны 17,1 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылды, 624 жұмыс орны құрылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

Leave a reply