БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОО-ҒА 189 ГРАНТ БӨЛІНДІ
Жалпы Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді. Алдағы уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Бұл орындарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, «Алтын белгі» иегерлеріне гранттар үлестірілді. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриатқа 50 грант бөлінді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Бұл туралы Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен конкурстық комиссия отырысында айтылды. Онда комиссия мүшелері гранттарды үміткерлер арасында іріктеп бөлу, грант иегерлерінің тізімін бекіту мәселелері қаралды.
– Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен резидентураға 139 орын бөлінген. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ-і де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Барлық резидентура түлектері Түркістан өңірінде 5 жыл қызмет етіп, білім грантын өтейді, – деді комиссия төрағасы Бейсенбай Дәулетұлы.