Біз шын мәнінде туристер қаласына айналып келеміз!

0
79

Түркістан облысының құрылғанына бес жылдан енді ғана асса да, өңір туристер мекеніне айналып үлгерді. Былтыр облысқа келген туристер саны 560 мыңнан асқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға көп деген сөз! Ал, біркүндік келушілер саны 1 миллион адамға жуықтады.

Жалпы, облыста туристерге ұсынылатын негізгі 3 бағыт айқындалған. Атап айтқанда, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Тарихи-танымдық бағытта өңірде туристерді тартатын 1780 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде халықаралық маңызы бар объект біреу, республикалық маңызы бар ескерткіш – 40, жергілікті маңызы бар ескерткіш – 403 және алдын-ала тізімдегі нысандар – 1336. Экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объектілер орналасқан. Олардың қатарында «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария–Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут ұйымдастырылған. Ал, емдік-сауықтыру туризмі бағытында 75 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді. Олардың нөмірлік қоры 12 622 төсек-орынды құрайды.
Облысқа келетін туристерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы әуежайының ұшу географиясын кеңейту жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта әуежайда 3 халықаралық (Стамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыты жолаушыларға қызмет көрсетеді. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетіп отыр.
Тікелей халықаралық әуе рейстерін ашу елімізге келетін туристердің санын арттыруымен қатар, өңірдің туристік әлеуетінің дамуына оң әсерін тигізеді. Осы орайда «Түркістан – Әбу-Даби» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп, «Wizz Air» әуекомпаниясы тұрақты рейстерді іске қосты. Қазіргі таңда рейстің толтырымдылығы 80-90%-ды құрап отыр. Алдағы уақытта Түркістан – Самарқан, Түркістан – Қазан, Түркістан – Будапешт, Түркістан – Тбилиси халықаралық әуе рейстерінің жаңа бағыттарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Leave a reply