Білікті басшы еді

0
98

Әр адамның ғұмыр керуені, дара келбеті әрі қысқаша өмірбаяны болары даусыз. Ел жүрегіне еңбегімен жол салған Әліпбек Өсербаев 1961 жылғы тамыз айының 20-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы Балтакөл ауылында өмір есігін ашқан. Балдай балалық ғұмырын ел қатарлы өткізіп, білім нәрімен сусындаған ол 1983 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. Мамандығы бойынша – химик-технолог.

Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың машинисі болып бастаған. Содан кейінгі жылдарда Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың 4-дәрежелі машинисі, Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың 5-дәрежелі машинисі, Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының ауысым шеберінің дублері, Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың ауысым шебері болып табысты еңбек еткен.

Кейін өзінің туған өлкесіне ұлы сағынышпен оралып, қызмет жолын жалғастырады. Яғни 1986 – 1999 жылдары Түркістан қаласы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатының бас инженері, 1999 – 2004 жылдары «Қуат Суиндустрия» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалының директоры, 2004 – 2005 жылдары «Kazakh Construction» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалының директоры, 2005 – 2006 жылдары Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, 2007 – 2009 жылдары Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, 2009 жылы Кентау қаласы әкімінің орынбасары, 2009 – 2012 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, 2012 – 2013 жылдары Түркістан қаласының әкімі, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, ОҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының индустриялды-инновациялық даму бөлімінің бас маманы, 2013 – 2014 жылдары ОҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық басқармасының басшысы, 2014 – 2017 жылдары Түркістан қаласының әкімі, 2017 – 2018 жылдары ОҚО әкімінің бірінші орынбасары. 2018 – 2019 жылдары Түркістан облысы, Түркістан қаласының әкімі, 2019 – 2020 жылдары Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі қатарлы жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары қызметтердің үдесінен шығып, жеңісті де жемісті еңбек етті.

Сонау 1957 жылы мен Түркістан педагогикалық училищесін өте жақсы деңгейде аяқтап, Балтакөл мектеп-интернатына бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Дәл сол жылы мектеп-интернатқа институтты, техникумды енді бітірген 20 шақты жастар келді. Солардың ішінде Асылбек Ернішев, Сәдуақас Әбдірасылов, Таштай Төлепбаев, Шәріпбек Өсербаев сияқты жас мұғалімдер де болды. Шәріпбек Өсербаев институттың физика-математика факультетін бітіріп келген жас маман болатын. Бәріміз де кіл жастар едік. Сондықтан да, білегімізді сыбанып, іске кірісіп кеттік.

Балтакөл мектеп-интернаты ол кездерде шопандардың балалары оқитын аса беделді білім ордасы еді. Ол жерге училищені немесе институтты өте жақсы аяқтап келген азаматтарды ғана жіберетін. Сондай-ақ, ол кезде институт пен техникумды бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен орналастыратын әдет бар-тұғын. Сол жолдамамен мен де Балтакөл мектеп-интернатына бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Әрине, бәріміздің жас болғаннан кейін қарым-қатынасымыз, қарбалас жұмыс ортасындағы әрекетіміз, көп жағдайдың басы-қасындағы тірлігіміздің арқасында біз достасып, бір анадан туғандай болып кеттік. Соның ішінде Шәріпбек Өсербаев та болды.

Үйлендік, үйлі-жайлы болдық. Мен Амангелді атындағы колхозға жұмысқа ауысып кеттім. Бірақ, Балтакөлде достарым мен жолдастарым қалды. Олармен жиі-жиі хабарласып тұрдым. Сол бір барғанымда Шәріпбек Өсербаевтың үйінде шілдехана болып жатыр екен. Сөйтсек, дүниеге ұл бала келген екен. Балтакөл мектеп-интернатының директоры Рәзия Дүйменова да сол қуанышта отырды. Ол өз сөзінде баланың бауы берік болсын деген тілек айта келіп, баланың аты Әліпбек болсын деді. Осы Әліпбек келешекте райком болсын деген жүрекжарды лебізін білдірді. Ол кезде әкімшілік деген жоқ, ең мықты орган райком болатын. Міне, осылайша Шәріпбек Өсербаевтың үйінде Әліпбек деген баланың дүниеге келгеніне куәгер болдық.

Содан көп жылдар өтті, мен колхозда парткомның хатшысы, кейін колхоздың бастығы болдым. Сол Әліпбек кейін ер жетіп, институтты бітіріп, Түркістан қаласына әкім болып келді. Әкім болып келгеннен кейін біздің қарым-қатынасымыз қайтадан жалғасты. Ол азамат өте іскер, талапты да талантты әкім болып келді. Кейіннен көп араласқандықтан, оның қала үшін істеп жатқан жұмыстарын көре жүріп, риза болдық. Себебі, ол жұмысты беріліп істейтін еді. Алды-артына қарамай, бір жұмысты бастаса міндетті түрде соны аяқтамайынша тыным таппайтын. Барлық тәжірибесін қолданатын. Міне, осы мәселеде ол өзін де, командасында жұмыс істейтін азаматтарды да тынымсыз еңбек етуге үйретті. Сол кездерде Түркістан біршама өзгеріп, дами түсті. Ол уақыттарда Түркістан тек қала еді. Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауданы болатын. Дей тұра, ол қаланы біраз өзгеріске алып келді. Көшелерін жөндеді, көпқабатты үйлердің көбейіп, тұрғындарға қуаныш сыйлауына үлес қосты. Су жүйелерін жөндеді, сонымен бірге, Қазақстандағы ең биік көк ту желбіреп тұрған «Рәміздер алаңын» салды. Сол көк ту осы уақытқа дейін Әліпбектің есімін білдіргендей желбіреп тұр.

Біз Әліпбек екеуміз ай сайын екі-үш рет кездесіп тұрдық. Әр кездесуіміз бір сағаттан артық уақытқа жалғасатын еді. Себебі, Түркістандағы шаруаны айтып, саясатқа көшіп, одан әдебиетке ауысып барып тоқтайтын едік. Ол ұйымдастыру қабілетімен бірге, әдебиетке де өте жаны құмар азамат еді. Әкімдердің ішінде мұндай азаматтар әдетте сирек болады. Қазақ көркем әдебиетін өте көп оқыған азаматтардың бірі Әліпбек Шәріпбекұлы еді. Мен де кітап, газет оқығанды жастайымнан өзіме өр қып алған едім. Шамамның келгенінше, көркем әдебиетті де, газет журналдарды да қалдырмай оқып отыратын әдетім бар. Міне, сол мәселе екеумізді үйлестіріп, әдебиет жайында әңгіме айтқанда ұзын-сонар уақытқа кетіп қалатын едік. Соңғы шыққан әдебиеттер, әңгімелер, өлеңдер, кешегі Темірхан Медетбектің, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың әңгімелері мен өлеңдерін жатқа айтып, Абайға, Шәкәрім шығармаларына өтіп, түн батқанша отырып қалатын жағдайымыз бар еді. Содан ол мені аға деп, мен оны іні деп, ұзақ уақыт бірлесіп, пікірлесіп, қатар жұмыс істедік.

Мен Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы, Н.Оңдасынов атындағы мұражайдың директоры, Амангелді атындағы колхоздың бастығы болдым. Осылайша, біраз шаруалардың басын біріктіріп, екеуміз ұзақ уақыт сөйлесіп, бір-бірімізбен шерімізді тарқасатынбыз. Осы кездерде шын мәнінде облыс орталығы болмай тұрғанның өзінде Әліпбектің Түркістанға біраз өзгерістер енгізіп, біршама шаруалар жасағаны ақиқат. Соңғы ғұмырында ол Ордабасы ауданына ауысып, басшылық қызмет етті.

Ордабасы ауданының 55 жылдық мерейтойы кезінде үлкен іс-шаралар ұйымдастырды. Түркістаннан біршама азаматтар шақырылған кезде мен де қонақ болып барып, ақындар айтысында әділқазылар алқасында мүше болдым. Керемет от ауызды ақындардың өнеріне баға бердім. Сол шарадан кейін, біраз уақыт өткен соң Кентау қаласында отырыста болғанда Бөген ауданының 5-6 азаматымен бірге болдық. Барлығы қызметте, бірі салықта, бірі әкімдікте. Солар Әліпбек туралы керемет әңгімелер айтты. Әліпбекті маңдайымызға жазылған бағымызға берілген әкім екен, ұзақ басқарса екен деген ниеттерін білдіріп жатты. Біз де: «әй ол Түркістанның азаматы, Түркістанның баласы, біздің де баламыз», – деп біз де мақтаныш сезіммен айттық. Кейінірек, облыс әкімдігінде Әліпбек Шәріпбекұлымен кездесіп қалдым. Екеуміз оңаша бөлмеге кіріп, біраз уақыт пікірлестік. Сол кезде мен Ордабасы ауданынан келген азаматтардың мақтау, мадақтау сөзін естідім деп Әліпбекке айттым. Әліпбек ол азаматтардың бәрін таниды екен. Мен аты-жөніменен, істейтін қызметіменен айтқанымда, «иә, енді шамамның келгенінше осы елге, халыққа қызмет қылсам, Ордабасы ауданын бір жолға салсам, орталығын да тәп-тәуір қалаға айналдырсам деген ойым бар. Аға, осы бір жылдың ішінде барлық тәжірибемді қосып, барлық күш-жігерімді салып, Ордабасы ауданының орталығын бір жобаға келтіремін. Сөйтіп, соны аяқтасам, әкімшілік қызметті қоямын», – деді. Мен аң-таң болдым. Әліпбек Шәріпбекұлы, оның не сенің? Керемет жұмыс істеп жатырсың, тамаша әкімсің, неге қоясың? – дедім. «Өзімше солай бір түйін түйдім. Бұл қызметті бір жолға қойып, Ордабасы ауданын даңғыл жолға салып жіберсем, мен бір кәсіпкерлікпен айналысып, кішкене демалсам ба деген ой бар», – деді. Әй, оған ертерек қой әлі, – деп бір жағы әзілдеп, бір жағы таңғалып, сол жерде қол алысып, екеуміз құшақтасып тарқастық. Бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз екенін мен білген жоқпын. Әрине, ол да білген жоқ. Кейіннен ойламаған жерден Әліпбек Шәріпбекұлы дүниеден өтті. Әрине, барлық нәрсе Алладан келеді. Алладан келген үкімге ешкім қарсы тұра алмайды. Дегенмен, ерте кетті ме, әлі де атқаратын шаруасы көп еді-ау, деген де ой бар. Сондықтан, ол азаматтың Түркістан үшін, ел үшін істеген қызметі үлгі тұтарлықтай. Сондықтан марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дегім келеді…

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ,

Түркістан облысы Ақсақалдар алқасының төрағасы. «Түркістандық дара тұлға» кітабынан алынды.

Leave a reply