Білімді тереңінен беретін зияткерлік мектеп
ЗЕЙІНДІ БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ ОШАҒЫ
Біліммен қаруланған ел жаһандық көште өз орнын тіпті де бекемдей бермек. Осы тұрғыда Назарбаев Зияткерлік мектебі тамаша келбет қалыптастыруда. Әсіресе өзінің әлеуеті мен қарымын нақты көрсете білді. Енді осы үрдіc облыс орталығына айналып, түрленудің жаңа кезеңіне жол алған Түркістан шаһарында да жалғасын таппақ. Анығы осы мақсатта өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында атаулы мектеп шаңырақ көтерген еді. Яғни 2021 жылдың 29 қарашасында білім ордасының ресми ашылу салтанаты болып, оған Қазақстанның және Өзбекстанның үкімет басшылары арнайы ат басын бұрған. Ақпараттық-сандық білім беру орталығы, заманауи технологиялармен жабдықталған бұл платформалар оқушыларға білімі мен дағдыларын уақыт пен орынға байланбай практикалық тұрғыдан қолдануға жағдай жасайды.
Қазақстан бойынша 21 –ші Назарбаев Зияткерлік мектебі болып саналатын жаңа білім ошағы 23 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Үш қабаттан тұратын нысан 720 оқушыға шақталған. Күні бойы білім беруге бағытталған мектепте 360 орындық асхана жұмыс істейді. Ғимарат жатын орын, оқу бөлмелері және зертханалар мен тіл үйрету блоктарына бөлінген. Жатын бөлімінде еліміздің өзге өңірлерінен келіп білім алатын балаларға арналған 120 орындық жатақхана бар. Білім беру блогында тіл үйрету бөлмелері, химия, биология, география, тарих және өзге де пәндерге арналған кабинеттер бар. Олардың барлығы интерактивті, маркерлік тақталармен, ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мектепте оқу бағдарламасынан тыс түрлі бағыттағы үйірмелер ұйымдастыру мақсатында заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған телестудия, stem, инженерия, робототехника, «агролаб» зертханасы, ақпарат тарату алаңы, саз өнері мен хореография кабинеттері бар.
Мектеп кітапханасында қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі 15 мыңнан астам кітап қоры жинақталған. Көлемі 250 шаршы метрді құрайтын 4 аймақтан тұрады. Мұнда ең үздік оқу-методикалық құралдар мен көркем әдебиеттің алтын қоры жасақталған. Сонымен қатар түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру үшін 378 орындық акт зал қарастырылған. Оның негізгі ерекшелігі – ол көрермен отыратын орыннан кәсіби хореографиялық холлға айналады.
Дене шынықтыру сабақтарын өткізу мен спорттық секциялар жұмысы үшін кіші және үлкен спорт залдары, тренажер, складром, футбол, волейбол алаңдары, теннис корты мен жүгіру жолдары қарастырылған. Бұл жерде түрлі сайыстар, конкурстар мен қалалық біріншіліктер ұйымдастырылады.
Мектепте баланың білім алуына осылайша барлық жағдай қарастырылған. Білім беру жүйесінде «NIS programme» білім беру бағдарламасы жасалған. Ал, оның ерекшеліктері туралы айтпай кету мүмкін емес. Бұл бағдарламалар шетелдік тәжірибеден өткен. Тіпті халықаралық стандарттарға сай деп бағаланады. «NIS programme» бағдарламасы халықаралық «General Certificate of Education Alevel» деңгейімен тең деп саналған.
Айта кететін жағдай Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдау 7 сыныптан бастап жүргізіледі. Әуелгі қабылдау үрдісі желтоқсан айы мен қаңтар айының аралығында бастау алады. Осы мектепте оқуға ықылас білдіруші оқушылар санының көптігінен оқуға түсу жыл өткен сайын қиындап барады. Оған енді бір әсер етуші дүние техникалық мүмкіндіктер мен қосымша дайындайтын курстардың көптігі. Сондай-ақ бір ерекше атап өтетіні ауылдық жердегі оқушыларды қолдау мақсатында зияткерлік мектептерде «Виртуалды мектеп» және «Каникулярлы мектеп» деген екі жоба бар. Сол «Виртуалды мектепке» «vs.nis.edu.kz» ресми парақшасының сілтемесіне ауыл мектептерінде оқитын оқушылар 5 сыныптан бастап тіркелсе, оларға тапсырма беріліп отырады. Берілген тапсырмаларын орындап, онлайн түрде сабақтар өткізіледі. Ол жерде жақсы көрсеткіш көрсеткен оқушылар 3-4 күнге «Каникулиярлық мектепке» шақырту алады.
Бүгінде атаулы білім ошағында заманауи тұрғыда білім беруге 42 білікті педагог маманы іріктелген. Олардың 13-і еліміздің басқа аймақтарындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен ауысып келген тәжірибелі ұстаздар. Арасында «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен шетелден келген модератор мұғалімдер де бар. Басым көпшілігі заман талабына сай өзгеруге, жаңа белестерге бет бұруға дайын жас мамандар. Мектепте жұмыс жасау үшін, конкурстық іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Кез-келген мұғалім тіркеліп өз мүмкіндігін байқап көре алады. Ұстаздар өз пәндері бойынша тест тапсырып, эссе жазады. Сол бойынша жұмыстары бағаланып, арнайы құрылған комиссияның алдына келіп өздері туралы барлық мәліметтерді тапсырады. Сол жерден комиссия мүшелері үміткерлердің ішінен тест арқылы және қабілетіне қарай іріктеп, таңдап алады. Алайда жұмыс өтіліне қойылатын нақты бір талаптар жоқ. Еңбек ақылары ұстаздар аттестациялаудан қалай өтеді соған байланысты болады. Мұнда жалпы білім беретін мектептердегідей сағатқа қарап жұмысы есептелмейді. Мұғалім өз сабағын береді. Ары қарай балалармен қосымша да жұмыстар жасайды.
Білім ордасының негізгі мақсаттарының бірі іс-тәжірбиелерімен бөлісу. Соның бір дәлелі сәуір айының бесі күні өткен тәжірибе алмасу семинары. Мектептің ашылғанына небәрі төрт ай болғанына қарамастан, өзге өңірлерден 400-ге жуық мамандарды шақырып, тәрбие жұмысы мен кітапхана жұмысы барысында жинақтаған іс-тәжірбиелерімен бөлісуді мақсат еткен семинар-практикумның алар орны ерекше. Онда таныстырылған 20 секция да салмақты және берері мол дүниелер.
Шаһардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Маратұлымен кездесуімізде мектеп тынысымен қатар, еліміздегі түлектерінің жетістіктерін де тілге тиек етті.
«Мақтан етер түлектеріміз жетерлік. Соның ішінде атап айтар болсам АҚШ-тың үздік елулігіне енетін 12 университеттің білім грантын жеңіп алған, «Теsla» компаниясына жұмысқа шақырту алған Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-нің түлегі Егізбай Ақарыс.
Бұл түлегіміз қазіргі таңда Америкадағы «Огайо» штатында орналасқан «Kenyon» колледжінің 4 курс студенті. Сонымен бірге, АҚШ-тың үздік әрі танымал «Stanford» университетінде инженер-ассистент болып профессорлармен бірге жұмыс жасайды. Егізбай Ақарыс шақырту алған компания өздеріңізге белгілі де беделді «Tesla» компаниясы аккумулятор батареяларынан күш алатын электромобильдерді «Solar City» филиалы арқылы өндіреді. Дәл осы электромобильдерге қатысты жобаны қорғап, 3 компания қызығушылық танытқан және оны сол компаниялардың ішіндегі «Tesla» компаниясы бірге жұмыс жасауға ұсыныс тастады. Бұл дегеніміз шәкіртеріміздің белгілі дәрежеде өз біліктіліктерімен шыңдала бастағандарының нәтижесі деп білеміз. Тағы да мақтан етер шәкірттеріміз Шымкент қаласындағы ХББ НЗМ 12 сынып оқушылары Жданхан Диас және Беркінбаева Аяулым. Атап айтар болсақ –IELTS 8.0 балл, SAT-1450 балл жинаған және авторлық құқық иегері. Беркінбаева Аяулым белсенді активист. Қызыл аттестат иегері, жас ғалым, жазушы болып табылады. Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдаған түлектеріміз көптеген шетелдік және еліміздегі беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсуде. 90 пайыздан көбі грант иелері. Арасында өздері оқыған мектептерге келіп ұстаздық етіп жүргендер қарасы да мол», – деді мектеп директоры.
Әңгіме барысында мектептің келбеті хақында, үздіктер туралы кеңінен тоқталды. Тағы да баса назар аударып айтқаны үміткерлер жайында. Кез-келген ата-ана баланың ертеңіне аса жауапкершілікпен қарап, жан-жақты дамыған, қалыптасқан кемел адам болып шығуына қызмет етсе дейді. Тәрбие мен білімнің барлығын тек мектеп жауапты деген жалаң ойдан арылу керектігін айтады. Күнделікті үлгерімін қадағалап, қосымша курстар арқылы балаларын дайындаса әрбір оқушының осы мектепке түсу мүмкіндігі мол екендігін айтады.
Қорыта келгенде шаһардың гүлденуі мен қалыптасуына қызмет ете бастаған білім ордасының алар орны ерекше. Өңіріміздегі жас жеткіншектердің жаһандық үздіктер қатарынан көрінуіне, білім қарымы мен қабылеттерін шыңдай түсуіне сара жол ашылып отыр. Қалай болмасын өз мүмкіндіктері өз қолдарында. Ең әуелі жастарға, сол арқылы ел ертеңіне қызмет етіп жатқан мектеп ұжымына сәт сапар тілейміз!