«Бірлікке» барсаңыз берекесі тасыған елді көресіз

0
103

Қалай дегенде де тіршіліктің тамыры еңбек еткенде ғана бүлкілдеп соғады. Осыны жақсы түсінетін ауыл тұрғындары қысы-жазы қара қазан мен бала-шағаның қамы үшін тынымсыз тер төгеді. Маңдайдан моншақтап төгілген ащы тер таңдайға тұщы дәм болып құйылады. Былтыр Бірлік ауылдық округінің диқандары 8843 тонна мақта, 1324 тонна күріш, 38054 тонна қауын, 1215 тонна қарбыз, 537 тонна көкөніс, 288 тонна жүгері, 1368 тонна жоңышқа жинапты. Егер 2022 жылмен салыстырып көрсеңіз, біршама ілгерілеушілікті аңғарар едіңіз. Мақта, күріш, қауын, қарбыз, көкөніс мол жиналған. Демек, өтімді дақылдардың көлемі мен шығымдылығын диқандар арттыра білген.
Бұдан тыс ауыл тұрғындары 1070 жылқы, 4260 сиыр, 5610 қой-ешкі, 68886 құс ұстайды. Мұның өзі қосымша табыс әрі күнкөріс көзі. Малы ет пен сүт және жүн береді. Диқандар қиды тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Жайылым тарлығына қарамастан ауылда бие байлап, қымыз өндіріп отырғандар да бар.
Әрине, әр ауылдың өзіндік тыныс-тіршілігі бар. Тұрғындардың барлығы бірыңғай егіншілікпен айналыспайтыны белгілі ғой. Округте 2 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП, 5 мектеп, 1 Мәдениет үйі, 2 кітапхана, 2 байланыс бөлімшесі, 6 су қауымдастығы, 13 сауда нүктесі, 5 мешіт жұмыс істейді. Осы орындарда қаншама мамандар өз салалары бойынша ауылдастарына қызмет етіп жүр. Бұлардың да ойлағандары жергілікті тұрғындардың ырзық-несібелерінің мол болуы.
Ал, түптеп келгенде, ауылдық округтегі барлық жұмысты үйлестіруші әкім мен оның командасы. Бұл ретте Бірлік ауылдық округінің әкімі Сәкен Кенжеев – ұйымдастырушылық қабілетімен танылған азамат. Ол әкімшілік қызметтің қыры мен сырына қанық. Осыған дейін ауылдық округ әкімінің орынбасары болып қызмет істеді. Бұрынғы әкім қызмет бабымен жоғарылап кеткенде Сәкен Мұсақұлұлын көпшілік өздері сайлап алды. Демек, тұрғындар оның жұртты жетелей беретін қабілетіне, көпшілікпен тіл табыса алатын қасиетіне сенді. Міне, ол бүгінде сенім үдесінен шығып келеді.
Қат-қабат қауырт жұмыстармен бірге әкімдікке алты түрлі салық жинау да жүктелген. Бірлік ауылдық округі бұл тапсырманы да артығымен орындап келеді.
Ауылдық округ әкімдігіне сонымен қатар елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру, санитариялық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру да міндеттеледі. Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының іс-жоспарына сәйкес ерте көктемнен бері 48 сенбілік өткен. Бұдан тыс «АгроНурЕламан» ӨК және «Азиз» ЖШС тұрғындармен келісімшарт негізінде үйден шыққан қоқыстарды арнайы полигонға апарып төгеді. Елді мекендердің тазалығын Сәкен Мұсақұлұлы үнемі өзі қадағалап отырады. Көктемде кәсіпкерлік нысан қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қатысуымен 2250 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, Алғабас, Қоңырат, Өркениет, Табысты, Еркінабад және Қ.Пернебаев ауылдары толығымен жарықтандырылды. Бұларға қосымша орталық көшелердегі бағаналар мен бардерлерді әктеп, сырлау жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға демеушілер тартылды.
Бірлік ауылдық округінің әкімі Сәкен Кенжеевтің өзі бас болып, ауылда көше бойларына шырша отырғызу жұмыстары тиянақты жүргізіліпті. Осы шыршаларды мал жеп кетпес үшін айналасы қоршалған. Сонымен бірге Сәкен канал бойларына да тал-терек ектіріп, айналасын қоршатып қойыпты.
Округ аумағында 52 көше бар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қ.Пернебаев ауылындағы Жаненов көшесіне 3100 метр, Бердан көшесіне 900 метр, Телбаев көшесіне 700 метр, Асанұлы көшесіне 500 метр, Әлиев көшесіне 970 метр, Тұрғынбаев көшесіне 1400 метр асфальт төселінді. Сонымен бірге Өркениет ауылындағы Ахан көшесіне 1500 метр асфальт жабындысы төселіп, Әлсейіт көшесінің 200 метрі ағымдағы жөндеуден өтті.
Бұл былтырғы қоңыр күзде болған оқиға. Қоңырат ауылындағы бір үй аяқ астынан отқа оранды. Себебі белгісіз. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындары қол қусырып қарап отыра алар ма?! Ауыл әкімі Сәкен Кенжеев бас болып, 5 миллион теңге жиналды. Мұнымен де шектелмей, ауылдың атпал азаматтары жиналып, асарлатып үйді қайта қалпына келтірді. Бұдан тыс отбасылық жағдайы төмен 45 отбасыға демеушілер есебінен ай сайын дерлік азық-түлік және қаржылай көмек көрсетіліп келеді.
Қазақта «атына заты сай екен» деген бір әдемі сөз бар. Бірлік ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысқанда біздің есімізге осы тәмсіл түсті. Расында, бірлік-берекесі артқан ауылда еңбек көрігі қайнап жатты. Біз ауыл тұрғындарына разы көңілмен аттандық.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Leave a reply