«Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы жүйелі жүзеге асуда

0
145

Сайрам ауданында 52 мың гектар егістік алқап бар. Соның З 626 гектары Көлкент ауылдық округінің диқандарына тиесілі. Ауданға іссапар барысында аталмыш ауыл округіне қарасты Ақсуабад елді мекеніне ат басын бұрдық. Онда шаруа Акмолжан Рахмантаевпен жолығып, оның егістік алқабын аралап көрдік. Акмолжан Рахмантаев отбасымен егін егумен айналысады. Бір риза болатының, шаруа бір кәсіпке қатып қалмайды. Мәселен, ол егістік суаруға арналған бөшкесінде балық өсіреді. Бұл туралы сәл кейінірек. 

Алдымен егістік алқаптағы жұмысқа тоқталайық. Акмолжан Рахмантаев 1,5 гектар жерге ерте көктемде қызанақ егіпті. Бірақ, одан ойдағыдай өнім ала алмаған. Көп ұзамай жерді қайта өндеп, тыңайтып, мамыр айында екінші өнімді егуге кіріскен. Тамшылатып суару әдісін қолға алып, егістік басына арнайы бөшке қойыпты. Қазір онда балық өсіруде.

– Алғашқы өніміміз көңілімізден шықпаған соң, қызанақты тамшылатып суаруды ұйғардық. Осы әдіспен егістік басына бөшке орнаттық. Онда балық өсірудеміз. Өйткені, балықтар суда тіршілік ететін, бар-жоғы көзге көрінбейтін майда жәндіктермен қоректеніп, құбырлардың бітеліп қалуының алдын алады. Әрі бұл өзімізге екінші кәсіп болады, – дейді шаруа.

Акмолжан Рахмантаев өткен жылы қырыққабат еккен. Айтуынша, клиенттер тауарды осы жерден өздері келіп, сатып алып кетеді. Шаруа көлік іздеп, оған тауарын тиеп, оны базарға шығарып сатып әуре-сарсаңға түсіп жүрмейді. Мұның ең тиімді тұсы осы.

Акмолжан Рахмантаев қызанақтардың арасына күнді ерекше сүйетін күнбағыс отырғызған. Ол көкөністі ыстық желден қорғауға көмектеседі.

Дәл қазіргі күзгі жиын-терім науқанында шаруалардың жұмысымен бізді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Шухрат Құрбанәлиев таныстырып жүрді. Бас маманның мәлімдеуінше, аудандағы егістік алқаптарының 70 пайызы арық және жаңбыр суымен суарылады. Мұнда бірінші өнімге негізінен картоп, екінші өнімге түрлі көкөністер егіледі.

«Шаруалар соған бейімделген, – дейді Шухрат Құрбанәлиев. – Аудандағы шаруа қожалықтары 30 сотықтан бастап, 3-4 гектарға дейінгі алқапты алып жатыр. Былтыр «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы 280 гектарда жүзеге асырылыпты. Биыл бұл көрсеткіш 306 гектарға жетті».

Әбдіғани Аманов (суретте ортада) 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Ол ерте көктемде өзінің 5 гектар жеріне картоп егіп, 100 тонна өнім алыпты. Бүгінде шаруаның егістік алқабында 70 сотық жерде қияр, ал, қалған бөлігінде қырыққабаттың «Сентрион Бухарест» деп аталатын түрі пісіп тұр. Бұл қырыққабаттың өнімді еселеп беретін сорты көрінеді.

– Қырыққабатқа сұраныс көп. Жақын күндері көтере сатып алушыларға бағасын келісіп өткіземін, – дейді шаруа.

Айта кетейік, ауданда биыл 4 мың гектарға картоп, 8 мың гектарға көкөніс, 19 мың гектарға масақты дәнді-дақылдар, 6,5 гектарға майлы дақылдар (масақ), 14 мың гектарға мал азығы дақылдары егілді.

– Бізде логистика мәселесі шешілген. Сондықтан диқандардың жұмысы – жерді жақсылап өңдеп, дақылдың сапалы тұқымын егумен айналысу. Біздің өңірдің өнімі негізінен солтүстік облыстарға тасымалданады. Ағын су мәселесі өткен жылы қиын болған еді. Бұл проблема биыл шешімін тапты. 103 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізілді. Дегенмен, егістік алқаптардың көпшілігі арық және жаңбыр суымен суарылады, – дейді Шухрат Құрбанәлиев.

Leave a reply