БІР ТОП ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

0
136

Түркістан қаласындағы құрылыс жүргізуші мердігер компаниялар құрылысшылар күні мерекесінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж төрт отбасыға үлкен қуаныш сыйлап, баспана тарту етті. Осылайша құрылысшылардың кәсіби мерекесі осы отбасылардың қуанышымен еселенді.

«Түркістан қаласы әкімі – Н.Тұрашбеков мердігер мекемелерге демеушілікпен әлеуметтік осал топтағы баспанаға мұқтаж жандарға баспана тұрғызуға ұсыныс тастаған болатын. Құрылысшылар тарапынан бір ауыздан қолдау білдіріп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл жерде бір ғана құрылыс мекемесінің демеушілігі емес, «Құрылыс бөлімі» тапсырысшы болып табылатын барлық мекеменің демеушілігімен берілген», – дейді Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің Сектор меңгерушісі Нұрдаулет Амантайұлы.

Атап айтар болсақ, Айбол Бақытұлы, «Саха-2005», «Тамыз Құрылыс ББК», «Азим Строй», «Inter Construction», «Дос и К Сервис», «Корпорация Ақ Ордасы», «Ақ Нұр Строй», «NTR», «Шымкентқұрылыс», «ФЭБ Строй», «Компания Өнім», «КДСМ», «KZ Invest Construction», «Capital Construction», «Jana KZ Qurylys», «АРУ ТАМ», «Строй Инновация KZ», «Kaz Story Damu», «Bazis Construction» ЖШС мердігер мекемелерінің қолдауымен төрт отбасыға жаңа баспананың кілті тапсырылды. Әрбір отбасыға ұсынылған үй үш бөлмеден тұрады. Баспаналар қажетті жиһаздары және тұрмыстық техникалармен жабдықталған. Түркістан төріндегі құрылысшылардың мерекелік жиыны осылайша игілікке толы қайырымдылықпен есте қалады.

«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел ішінде «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді»,- деген қанатты сөз бар. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін!», – деп қала әкімі Н.Тұрашбеков мерекелік құттықтауын арнаған болатын.

Бұл отбасылар Түркістан қаласындағы әлеуметтік осал топтағы баспанаға мұқтаж жандар тізімінде тұрған азаматтар мен азаматшалар болып табылады. Түркістан қаласы әкімдігінің және демеушілер тарапынан арнайы комиссия құрылып, бірнеше отбасылардың жағдайымен танысып, ішінен баспанаға аса мұқтаж жандар таңдап алынған. Ол отбасылардың кейбірі осы уақытқа дейін көлік жуатын жердегі контейнер мен базардағы күзетшілерге арналған үйшікте өмір сүріп келген.

«Бұрындары өткен «құрылысшылар күніне» орай, мұқтаж жандарға баспана сыйға беру болмаған. ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан» атты жолдауынан елімізде жаңа серпін пайда болып, құрылысшылар өз мерекесінде осындай қайырымды іс-шараға атсалысты. Келесі жылы демеушілер қолдау білдіріп жатса жалғасын табады деген ойдамыз.  Іс-шара  «Құрылысшылар  күніне» орай тұспа-тұс  келуіне  байланысты  осы  күні  өткізілді.  Алайда,  тек   құрылысшылар  күніне беріледі деген қағида жоқ. Алдағы уақытта ұйымдастырылған жағдайда, кез келген мереке күні беріледі деген ойдамыз», – деп жауап берді Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің Сектор меңгерушісі Нұрдаулет Амантайұлы.

Leave a reply