Thursday, November 21

БІР ҮЙДЕ ЕКІ БАТЫР АНА

0
109

Биылғы жылы 85 жастан асып отырған Күнсiн Ерденова өмiрге 5 ұл мен 4 қызды әкелген Батыр ана. Құдай қосқан қосағы Тәжiбай көке темiржол-да 43 жыл еңбек етiп, сол жерден зейнеткерлiкке шыққан. Бүгiнде Тәжiбай көкенiң өмiрден озғанына да тоғыз жылдан асыпты. Күнсiн апа мен Тәжiбай көке екеуi 1955 жылы шаңырақ көтерiп, Мұрат, Әжмұханбет, Полатбек, Райхан, Бибiхан, Махаббат, Қайрат, Мақсат, Қарлығаш есімді ұл-қыздарды дүниеге әкелген.

Отанасы Күнсiн Ерденова апамыз өмiрге әкелген ұл-қыздарының тәрбиесiне баса көңiл бөлiп, үй шаруасында болған. Ұл-қыздарының инабатты, иманды, кiшiпейiлдi, бауырмал, адал болып өсулерi үшiн барын салып, оларды аналық ыстық мейiрiмiмен өсiрдi. Осынау ұл-қыздарына өнегелi тәрбие бергенiнiң арқасында бүгiнде 9 ұл-қызы тоғыз үйдiң шамшырағын жағып отырған өнегелі жанұя иелерi, сондай-ақ барлығы да өз мамандықтарын терең меңгерген бiлiктi жандар.

«Ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға» қондырған Батыр ана осынау ұл-қыздарынан 33 немере, 27 шөбере сүйiп отырған бақытты әже.

Күнсiн апамен әңгiмелескен жанның рухани күш алары сөзсiз. Өйткенi ол кiсiнiң ыстық мейiрiмге толы әңгiмелерi өз алдына, адам жанын өзiне баурап алатын ерекше қасиетi бар.

– Бұрын деймiз-ау, бiздiң уақытымызда балаларымызға киiмдi өзiмiз тiгетiнбiз. Қолдан киiз, алаша, кiлемдi тоқып, басатынбыз. Ауладағы малымызға қарап, барлық тiрлiктi қолдан жасайтынбыз. Қазiргi таңда бәрi дайын, тiптi жөргекке дейiн. Жаңадан туылған балаларымызды жаялықпен орап, өсiрдiк. Түннен -түнге соларды жуып, таңертең бiреу дайындап қойғандай басқа жұмыстарымызды iстейтiнбiз. Қазақы салт-дәстүрiмiздi сақтадық, қазiргi уақытта ұл-қыздарымыз, келiндерiмiз жалғастыруда. Қайнымызды «Мырзаға» деп, қайынсiңлiмiздi «Төреқыз» деп атайтынбыз.

Балаларым есiн бiле бастағаннан-ақ бiреудiң ала-жiбiн аттамауды үйретiп отырдық. Мiне, соның арқасында бүгiнде бәрi де имандылыққа бет бұрған. Ұлдарымыз ер жетiп үйленгенде, тойларын ауламызда жасадық. Ол уақытта көршi-қолаң жабылып кететiн. Бiрi ыдыс жуса, екiншiсi қамыр жайып, бауырсақ пiсiрiп, солай бiрлесiп, ынтымақты түрде той-жиындарды атқаратынбыз. Менiң осы қарашаңыраққа келiн болып түскенiме 61 жыл болды. Алланың берген 9 ұл-қызын өсірдік, оқыттық, жетілдірдік, өнегелі тәрбиемізді бердік. Балаларымның, немере-шөберелерiмнiң жанында жүрген ғанибет қой. Дүниеге немере, шөберелерім келген сайын қуанамыз.

Келіндеріме әрдайым Құдай берсе, әкеле беріңдер деп айтып отырамын. Кенже келінім менің жолымды қуып келеді. Құдайға мың қайтара шүкiршiлiк етемiн, – деген Күнсiн апа: «елiмiзде тыныштық болсын» деп, аналық ақ батасын бердi.

Берекелi шаңырақтың келiндерi де ибалы. Енесiнiң алдынан көлденең өтпейдi. Әрбiр сөзiн ұлағат тұтады. Осы орайда Күнсiн апаның сара жо-лын жалғастырып келе жатқан кенже келiнi Ботакөздi әңгiмеге тарттық.

Ботакөз Өтепқызы Ерденова көп балалы жанұяда тәрбиеленген, 5 қыз, 1 ұлдың ортаншысы. Бүгiнде 8 ұл-қыздың анасы атанып отырған Ботакөздi тыңдасақ:

– Мен мектептi бiтiрiсiмен киелi қаладағы орталық базарда саудамен айналыстым. Менi әуелi енем ұнатқан, сыртымнан көрiп, қарап жүредi екен. Орталық базарда сауда жасап тұрғанымда тұрақты сауда жасап тұратын. Әрбiр келгенiнде өзiнiң қыздарын ерте келетiн. Сөйтсем, қыздарына мені көрсетiп жүредi екен. Кейiн баласы Мақсатпен таныстырды. Намаз оқитын, иманды жiгiт кiмге ұнамасын. Бiр-бiрiмiздi ұнаттық. Сөйтiп баласына: «осы қызды аласың», – деп өзiнiң ұнатқан қызын алып берген. Бүгiнде, Құдайға шүкiр жақсы тұрамыз. Мiне, биыл отау құрғанымызға 20 жыл болып қалыпты. Жолдасым Мақсат – жеке кәсiпкер, «Дастархан» дүкенінің иесі. Құдайға шүкiршiлiк айтамын, осындай қарапайым, тектi әулетке келiн болғаныма, – деген Ботакөзге бiз де қызыға қарап отырдық.

Иә, дүниеге Аружан, Жансая, Сымбат, Ақниет, Ұлпанай, Мұхамедин Тоқтар, Айым, Муслим есiмдi 6 қыз бен 2 ұлды әкелген Ботакөз «Алтын алқа» иегерi. Иә, әуелі бес қыз бен бір ұлды дүниеге әкеліп күміс алқаны иеленген Ботакөз араға үш жыл салып алтын алқаны қанжығасына байлады. Бүгiнде бес қызы мен бір ұлы Абай атындағы №31 жалпы орта мектебiнiң үздiк оқушылары. Ал, Айым 3 жасқа, Муслим 2 жасқа толғалы отыр. Қазақ халқымызда «Келiн ененiң топырағынан жаралады» деген даналық сөз бекерге айтылмаса керек. Ойпырмай, Ботакөз шынында енесiнен аумай қалған. Ойы – салмақты, сөзi – қуатты. Әсiресе, енесiнiң алғаш келiн болып түскенде өзiне көрсеткен қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын жеткiздi.

– Енемдi анамдай жақсы көремiн, сыйлаймын. Менi үй шаруасына таза, ұқыпты болуға үйреттi. Өйткенi, менiң бiлгенiмнен бiлмегенiм көп едi. Сол үшiн де екiншi анамдай болған енеме ризамын. Маған көп тәлiм-тәрбие бердi. Отбасында сыйластық, құрмет, татулық болса ешқандай қиындық туындамайды, – деп әрдайым айтып отырады бiзге.

Он бес жылдан аса уақыт биенiң сүтiн, саумал саттық. Сонда енем: «ағарғанға су қосуға болмайды», – деп үнемi айтатын. Таза саумал саттық. Бие сауып, саумал сатпағанымызға бес жылдан асса да әлі күнге дейін біздің саумалдың дәмін татқандар аңсап, сұрап келеді.

Екінші анам бүгiнде немерелерiне: «кiсiнiң ала жiбiн аттамаңдар», «бөтеннiң затына тиiспеңдер», «өтiрiк сөйлемеңдер», – деп ақыл-кеңесін айтып, тәлiм-тәрбиесiн берiп отырады. Сонымен қатар немере қыздарының алды бойжетіп қалғандықтан оларға қыздар тәрбиесi жайлы өсиеттерін күнделікті құлақтарына құйып отырады. Атамыз ауылға өте сыйлы кiсi едi. Бұл дүниеден кеткенше бес уақыт намазын үзбей, жыл сайын ораза тұтатын. Бүгiнде ұл-қыздарының, келiндерiнiң, немерелерiнiң бәрi, яғни бәрiмiз намаз оқимыз, ораза тұтамыз, – деп Ботакөз тұтас бiр әулеттiң имандылық жолымен келе жатқанын айтты.

Тілші түйіні: Ұлт болып ұйысуымызға, көшіміздің түзелуіне ұрпақ тәрбиесінің тигізер маңызы зор. Бұл орайда отбасының тұрақтылығы, бір-біріне деген құрмет пен бірлікті сақтауда ене мен келіннің бір-біріне деген қатынасының дұрыс болуы да маңызды.Біз бүгін ене мен келін арасындағы сыйластықтың отын жаққан, өсіп-өнген әулет туралы әңгіме өрбіттік.

Дана халқымыздың «Енеңді анаңдай, келінді қызыңдай көр» деген даналық сөзін шаңырақтың ұстанымына айналдырған Ерденовтер әулетінің татулығы бүкіл түркістандарға үлгі боларлықтай.

Leave a reply