БҰЛ САЙЛАУҒА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАУЫМЫЗ КЕРЕК

0
157

Әрине, «Жаңа Қазақстан» бір күнде құрыла салмайды. Қазірдің өзінде Қазақстан қоғамында тың өзгерістердің келе бастағанын көріп-біліп отырмыз. Жаңару, жаңғыру жүріп жатыр, бір сөзбен айтқанда оң өзгерістердің лебі сезіледі. Бұл орайда, ертеңіміз бұдан да нұрлы, бұдан да жақсы болады деп сенім білдіргендердің қатары аз емес.

 

Осы жылы елімізде айтулы саяси науқан өткелі отыр. Бұл сайлаудың жаңалығы көп. Бұдан былай президент 7 жылға және бір рет қана сайланады. Сондай-ақ өкілеттіктері біршама қысқарған. Суперпрезиденттік жүйеден арылып келеміз. Бұл – қазіргі Мемлекет басшысының бастамасы.

 

Биылғы сайлауда 7 үміткер бар. Әр кандидат 22 қазаннан бастап дауыс берушілерге өз бағдарламаларын таныстырмақ. Олардың үгіт-насихат жұмыстары 19 қарашаға дейін жалғасады. 20 қарашада қазақстандықтар өз президентін сайлайды.

 

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға барша отандастарымды өз таңдауын жасап, дауыс беруге шақырамын.

 

Қуанарлығы, жылдан жылға елімізде халықтың сайлауларға қатысу көрсеткіші артып келеді. Саяси оқиғалар кезінде белсенділік таныту – елдің шын патриоты болу деген сөз. Өйткені, мемлекеттің ертеңі мен болашағы үшін бей-жай қарамайтын азамат сайлаудан тыс қалмауы керек. Азаматтық белсенділік қоғамға аса қажет. Себебі өзгерістер сол қоғамның күші арқылы орын алады. Белсенділік болған жерде даму болады. Демек, елдің өркендеуі, мемлекеттік өсуі, Қазақстанның қарыштауы – елге, әрбір азаматқа байланысты.

 

Хазіретәлі ТҰРСЫН,

профессор

Leave a reply