Суббота, 28 сентября

Бөдене деген бір құс бар, еті алтынға бергісіз

0
120

Бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Әсіресе, жұмыртқасы адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды, дәмі тіл үйіреді әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бөдене жұмыртқасының құрамында А және D дәрумендері екі есе көп.
Мамандар бөдене жұмыртқасын, әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр келіншектерге, емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның тез жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі.

Шардара ауданы, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің «Ақберді» елді мекеніндегі Нұрболат Қариевтің «Нұрасыл» фермерлік қожалығы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Өткен жылы мұнда 3 миллион теңгеге инвестиция тартылып, 2 гектар жерге алма ағашының көшеттері отырғызылса, биыл 9 миллион теңге инвестиция тартылып, бөдене өсіру қолға алынды.
Таяуда Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев осы фермерлік қожалықта болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Балапан мен құс өсіру, сұрыптау және инкубация цехтарын аралап көрді. Жылу, желдету, құс торларын тазалау секілді жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Қожалық иесі Нұрболат Қариев 7000 құсқа арналған жайды көрсетіп, қазір 3000-нан астам бөдене өсіріп жатқанын, алдағы кезде ферма аумағын 1 гектарға дейін кеңейтіп, өнімді өз ауданымыздан бөлек, өзге мемлекеттерге де экспортқа шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.
Инкубация цехына салынған жұмыртқа 17 күнде балапан болып шығады. Бір ай жеке бағылған соң жұмыртқалайтын және етті деп екіге бөлінеді де, екі ай көлемінде олар толық өнім бере бастайды.
Қазірдің өзінде мұнда бөдене жұмыртқасы мен еті бір реттік пакетке салынып, сауда нүктелеріне жөнелтілуде. Сыртында өнімнің тағамдық және энергиялық құндылығы, сақтау мерзімі көрсетілген. Бағасы да қолжетімді.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өмірбек Рүстемов қожалықтың алма бағын аралап көрді. Былтыр ғана тамшылатып суару әдісімен егілген «Golden Delicious» алма ағаштары биылдың өзінде гүлдей бастаған. Барлық жұмыстар талапқа сай атқарылуда.
Аймақ басшысы жаңа бастамаларға оң бағасын берді.
– Біз ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын осындай кәсіпкерлердің қатарын көбейтіп, олардың жұмыс тәсілін басқаларға насихаттауымыз керек. Сонда халықтың әл-ауқаты артады, – деді аудан әкімі.
Осы кезге дейін балық өсірумен, биогумус өндірумен айналысып келген Нұрболат Нұрмаханұлының алма, құс өсіру бойынша қолға алған бастамалары да табысты болады деген сенім бар.

Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ.
Шардара ауданы.

Leave a reply