ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ШАРАЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

0
22
 Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен Отырар ауданында болып, көктемгі эпизоотияға және энзоотикалық ауруларға қарсы ветеринарлық шараларға дайындықты тексерді.
Облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Арман Тағаев көктемгі-күзгі атқарылатын жұмыс жоспарын баяндап, 2025 жылы облыс аумағында аса қауіпті 10 түрлі ауруға қарсы шаралар жүргізілетінін жеткізді. Жалпы жыл барысында аса қауіпті ауруларға қарсы 19,8 млн. доза вакцина егу көзделген. 3,2 млн ірі малдар бүркіліп, 10,5 млн бас уақ мал тоғытылды, 30,1 млн шаршы метр буферлік аймақтар және 78,3 млн шаршы метр үй іргелік қора –жайлар мен 14,4 млн шаршы метр сыртқы қора-жайлар залалсыздандырылатын болады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге мүйізді ірі қара үшін 418,3 мың, ұсақ малға — 2 237,1 мың, түйелерге 11,0 мың дана құлақ жапсырмаларын сатып алу жоспарланып отыр.
Нұрбол Тұрашбеков «Сызған» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңындағы дәрілеу жұмысының барысын, сондай-ақ мал төлдерін бірдейлендіру дерекқорына енгізу рәсімін бақылады. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеевтің мәлімдеуінше, аудан шегінде мал өлексесін өртейтін инсенератордан бөлек, өлекселерді тастайтын 24 шұңқыр бар. Мал тоғытатын орын — 28. Қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытша ұстауға арнайы орын белгіленіп, жасақталған. Ауданда 11 ветеринариялық клиника, 61 ветеринариялық дәрігер және 69 ветеринариялық фельдшер қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары аудандық ветеринариялық зертхананың жұмысымен танысты. Мұнда күніне 7 мыңға дейін сынама қабылдауға мүмкіндік бар. Өткен жылы бактериологиялық 190 сынама тіркеліп, 456 зерттеу жүргізілді. Серологиялық 391 764 сынама тіркеліп, 774704 зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, 40 сынамада оң қорытынды анықталды. Сүт және сүт өнімдеріне 1181 зерттеу жүргізілген.
Түркістан облысында бүгінгі таңда 13 ветеринариялық зертхана жұмыс атқарса, оның 9–ы жаңа модульді ғимаратқа жайғасқан.
Ветеринариялық бақылау және
қадағалау комитетінің Түркістан облыстық
аумақтық инспекциясының басшысы Сүндетәлі Қалдыбеков ветеринариялық қызметтің техникалық мүмкіндіктері мен өзекті мәселелерін баяндап өтті.
🔁Нұрбол Тұрашбеков жауаптыларға эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын қадағалауды, жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
📌— Мал басын бірдейлендіру дерекқорына енгізудің маңыздылығын түсіндіру бойынша тұрғындармен жиі кездесулер өткізу қажет. Дерекқор мәліметі малға бөлінетін дәріге, бекітілетін ветеринар маман санына әсер ететінін шаруалар білуі тиіс. Ветеринариялық нысандардың тазалығына, абаттандырылуына да баса мән беріңіздер, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Leave a reply