Гүлбану Жұмағалиқызы: «ӨМІРГЕ СӘБИ ӘКЕЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК»
Елімізде бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан көш бастап тұрғаны белгілі. Бұл әрине қуантарлық жайт. Әсіресе, жақында елімізде Президент сайлауы қарқынды өтіп жатқан күні облысымызда 90 сәбидің дүниеге келгенін естіп қуандық. Десек те, гинекология саласында талай түйінді мәселелер жоқ емес. Осы орайда қаламыздағы №3 Облыстық перинаталдық орталығының меңгерушісі, 32 жыл бойы талай сәбидің кіндігін кескен жоғары санатты дәрігер Сыздықова Гүлбану Жұмағалиқызымен әңгімелескен едік.
– Гүлбану Жұмағалиқызы, өзіңізден Түркістан қаласындағы босану көрсеткіші және жақын аудандардан келіп босанатын аналар жайын, перинаталдық ортылықтың тыныс-тіршілігі мен жалпы перзентханадағы ахуалды білейін деген едік.
– Иә, алдымен босану көрсеткіші жайлы айта кетсем, өткен жылы орталықта 10 мың 500 әйел босанса, биыл 11 айдың ішінде перзентханамызда 9 мың 500 сәби дүниеге келді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш одан әрі өседі деген үміттеміз. Перинаталдық орталықта аналарды босандырумен қатар, Созақ, Отырар, Кентау аймақтарынан санавиация арқылы келіп жүктілік және босану барысының қауіп дәрежесіне қарай әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге перинаталдық стационарлық көмек көрсетіледі.
Ауыз толтырып айтар жаңалығымыз сол, биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялауына орай, өте жоғары деңгейде жұмыстар жүргізілді. Атап өтсек, жергілікті қаржыландыру көзінен перинаталды орталықтың күрделі жөндеу жұмысына 8633 млн 899 мың теңге бөлінді. Ал, 92 млн 385 мың теңгеге реанимациялық үстелдер, дем алу құралдары, инелі дозаторлар, жаңа туғандарға арналған кювез, фототерапия аппараты, іште жатқан сәбидің жүрек соғу жиілігімен (ЖСЖ) жатыр тонусын калибрлік таспаға үздіксіз графикалық түрде жазып шығаратын КТГ аппараттары, т.б. қажетті құрал-жабдықтар алынды. Мұндай аппараттар арқылы біз білікті дәрігерлерімізбен көптеген ақаулардың, күтпеген жәйттардың, жалпы ана мен баланың өмірі үшін түрліше қауіп-қатердің алдын ала аламыз деген үміттеміз. Перзентханада бірқатар білікті дәрігерлер қызмет істеуде. Нақты айтатын болсақ, 50-ге жуық І, ІІ санаттағы акушер-гинекологтер, неонатологтер, реаниматологтар жұмыс істейді. Қазіргі таңда бүкіл дәрі-дәрмектер, құрал-саймандар, бір реттік пайдаланатын медициналық бұйымдар қоры толық жеткілікті. МӘМС аясында бізге бір жылға ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатында 3 млрд 200 000 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан осындай жағдайлар жасалғандықтан, ана мен балаға сапалы медициналық қызмет көрсету жолындағы индикаторлар оң бағасын алуда.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы айтып өткен МӘМС аясында қарапайым емделушілер арасында біраз түсінбеушіліктер кездесетінін білетін шығарсыз. Осы сұхбатты пайдаланып оқырмандарымызға МӘМС жайлы таратып айтып берсеңіз?
– Әрбір жүкті әйел емханаға барар алдында МӘМС мәртебесінің болуын нақтылап алғаны жөн. Гинекологтің консультациясы жоспарлы түрде МӘМС пакетіне енгізілген медициналық қызметтер тізбесіне кіреді. Сақтандырылған әйел учаскелік дәрігер-гинекологтің қабылдауына жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз жазыла алады. Медициналық сақтандыру жүйесінде мәртебе болмаған жағдайда, оны жалпы практика дәрігері қарағаннан кейін акушер ЖжФЖӘТ-ға қосуы тиіс. Бұл қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі, яғни сақтандырылмағандар үшін қолжетімді деуге болады. Сонымен бірге, жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС жүйесінің қатысушылары ретінде тегін көрсетіледі.
– Ана мен бала денсаулығы, соңғы кезде сирек кездесетін түрлі аурулар қаупі, шала туу, кесарь тілігімен туылу санының жиілеуі сияқты мәселелердің алдын алу үшін сіздер тараптан қандай қадамдар жасалады? Жалпы, облыстың Бас гинеологы ретінде Сізді не мәселе толғандыратынын білсек.
– Алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі – фертильді жастағы әйелдердің денсаулығы. Яғни, болашақ ана жүкті болмай тұрып 6 ай бұрын санация, яғни организмді сауықтыру бойынша мақсатқа бағытталған емдеу-профилактикалық шараларын жүргізуі, инфекция ошақтары болса міндетті түрде емделуі, сонымен қатар фолий қышқылын, Д3 витаминдерін алдын ала қабылдауы қажет. Одан соң өзіне тиісті емханасына дер кезінде тіркеліп, дәрігердің ұсыныстары мен нұсқауларын міндетті түрде орындаса деп ескерткім келеді. Емхананың медицина қызметкерлері жүктілік кезінде тек медициналық бақылау жүргізіп қана қоймай, психопрофилактикалық көмек арқылы болашақ анаға жәрдемдеседі. Дені сау анадан сау нәресте туылады, сондықтан қан аздығы, йод жетіспеушілігі, аймақтағы экологиялық ерекшеліктерге қарай түрлі аурулардың алдын алып дайындалса дүниеге сау сәбидің келетіні тәжірибеде дәлелденген.
Одан кейін баланы 1,5 жасқа дейін емізіп, келесі жүктілікке араға 2-3 жыл салып дайындалып, денсаулығын нығайтыңқырап барып көтерсе анаға да, балаға да қолайлы болар еді. Дәрігерлердің айтқан кеңестерін мүлтіксіз орындап, өз денсаулығына жауапты болып, бала көтеруді жоспарлы түрде жүзеге асырса – бұл бақытты, дені сау ұрпақ, дені сау отбасын құруға эмоционалды тұрғыдан да, материалдық жағынан да үлкен көмек болатыны сөзсіз. Ауырып, жағдай ойдағыдай болмай жатса, қит етсе дәрігерлерді кінәлайтынымыз жасырын емес. Болашақ аналар жүктілікке мұқият қарауы керек. Өмірге сәби әкелу үлкен жауапкершілік. Бірінші кезекте әрбір әйел-ана өз денсаулығына жауапты. Сонымен қатар, мемлекет те, медициналық мекеме де Аналардың денсаулығы мәселесіне ортақ жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.
– Кеңестеріңіз орынды, оған мұқият назар аударған әйелдер өздеріне пайдалы мәліметтер алады деп ойлаймын. Айтпақшы, перзентханада егіздер, үшемдер де өңірімізде дүниеге келген сәбилер қатарын толықтырып, ата-анасын қуантып жатқан болар?
– Түркістан облысы бойынша биыл 3 үшем, 126 егіз дүниеге келді. Арасында мерзімінен ерте туған сәбилер перинаталдық орталық дәрігерлерінің бақылауында болды. Олар медицина қызметкерлерінің көмегімен салмақ қосып, денсаулық жағдайы жақсарған соң үйлеріне шығарылады.
– Елімізде ана мен сәби балалардың өлім-жітімі, кесарь тілігі өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселелер бойынша өңірдегі ахуал қалай?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, перзентханада барынша жағдай жасалып, шетелде, оның ішінде Түркия, Корея, Испания мемлекеттерінде білімі мен біліктіліктерін жетілдіріп, тәжирибе жинақтап келген мықты дәрігерлеріміздің арқасында ана мен бала өлімі азайып, соңғы 3 жылда шүкір, өлім орын алған жоқ. Десе де нәрестелердің шетінеуіне іштен туа біткен ақаулар себепші болатыны және мұндай жағдайлар әлі де кездесіп жататыны жасырын емес. Аталмыш ақауларды анықтау үшін болашақ аналар дәрігердің жолдамасымен міндетті түрде 10-14 аптаға дейін скринингтік бақылаудан өтуі, себептерін білуі тиіс және ақаулар анықталса жүктілікті тоқтатуға тура келеді. Көптеген әйелдер ауру белгілерін естісе де жүктілікті тоқтатуға қарсы болып жатады. Ал мұның соңы нәрестенің шетінеуі немесе мүгедек баланың дүниеге келуі сияқты қиын жағдайларға алып келетіні өкінішті.
Кесарь тілігіне келсек, бізде бұл 18 %-ды көрсетіп тұр, бұл үшінші деңгейдегі перинаталдық көмектің индикаторларына сай. Кесарь тілігін жасау үшін қатаң түрде медициналық көрсеткіштер болуы керек. Мысалы, толғақ кезінде жатырдың мойны ашылмай, ана мен баланың өміріне қауіп төнсе, бала жолдасынан ажырап қан кетсе, сәби көлденең жатса немесе әйел табиғи жолмен босануға денсаулығы көтермесе, осы әдісті қолданамыз.
Әрине, ота жасауды бір ғана дәрігер шешпейді. Арнайы консилиум құрылып, бірнеше дәрігердің қорытындысымен ғана мәселе анықталады. Кейде «дәрігерлер кесарь тілігін жасауды оңай көреді» дегенді естіп жатамыз, бұлай деп айту қисынсыз. Өйткені дәрігер де – адам. Біз де Алладан қорқамыз. Біздің жұмысымызды да қадағалап отыратын басшыларымыз, арнайы мекемелер бар. Кейде қатты қиналып жатқан әйелге «бірінші Алладан тілеңіз, ал біз қолымыздан келгенін жасаймыз» деп сабырға шақырамыз.
– Гүлбану Жұмағалиқызы, өкінішке қарай шала туған балалардың саны азаяр емес. Осы жайыңда кеңірек тоқталасыз ба? Мысалы, жеке бір оқиға, мен 4 баласын да шала туған, оның екеуінің денсаулықтарында ақау кездесетін ананы білемін, мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Шала туған балалар –бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Жалпы, босанған әйелдердің ішінде ерте босану бізде 5,1 % жағдайында. Оның ішінде 500-1000 гр. туған балалардың өмір сүріп кету мүмкіндігі 50-60% шамасында. Функционалды жетіспеушіліктен туған нәрестелерге дәрігерлер қолдан келгенше медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуда.
Айтып өткен жеке отбасындағы жағдайға келсек, медицинада адам қаны төрт түрлі топқа бөлініп қаралады. Адамдардың басым көпшілігінде қан (+) резус-факторлы, ал (-) резус-фактор сирек кездеседі. Міне, осы резус-факторлардың жүктілік және бала тууға қатысты маңызы ерекше. Ал енді резус-қақтығыс кезінде ол қатерлі жайларға алып келеді.
Резус-фактор өмірде ешқандай да сыртқы көрініссіз жүреді, оның ағза жұмысына кедергісі жоқ. Дегенмен ол егер қаны (-) резус-факторлы әйел (+) резус-факторлы әкеден бала көтеріп, ол әке қанының санатын алса, яғни (+) факторлы болса, «резус-қақтығыс» аталатын жайсыз құбылысқа соқтырады. Осы заттар плацента арқылы шарананың қанына өтіп, оның эритроциттерін зақымдайды. Шаранада гемотомиялық ауру пайда болады, ол оны сары ауруға ұшыратады, жүкті әйел түсік тастайды, шала туады, науқас бала туылады немесе сәби өлі туылуы да мүмкін. Ағза мүшелеріне оттегіні жеткізетін маңызға ие эритроциттер бүлінген соң шаранада анемия пайда болады, ішкі ағза мүшелерінің жұмысы бұзылады. Оттегінің жетіспеуі (гипоксия) көбіне жүрек пен миға ауыр әсер етіп, олардың жұмысын бүдіреді. Қазіргідей дамыған медицинада резус-қақтығысты емдеу мәселесі оң шешімін табуда. Бұл мақсатта түрлі әдіс-тәсілдер табылған. Мысалы, қаны (-) резус-факторлы әйел тұрмысқа шыққан соң жүктілікке және тууға жақсылап дайындалуы керек. Қан құрамы (-) резус-факторлы болса, ондағы антидене санын анықтаған дұрыс. Бала көтерген соң дәрігер бақылауында болғаны жөн.
Антидене мөлшерін анықтауға байланысты алғашқы тексеру жүктіліктің жүктіліктің 28-інші аптасына деп белгіленеді. Осы кезде әйелге сауықтыру мақсатында антирезустық иммуноглобулин салынады. Иммуноглобулин әйел ағзасының иммундық қорғанысы – антидене түзілуін шектейді. Бүкіл жүктілік кезеңі бойы дәрігер әйел ағзасының антидене түзу ерекшелігін қадағалап отырады. Антидене анықталса жүктіліктің тиісті кезеңіне сай аптасына бір мәрте тексеру жасап тұрады. Егер антидене саны көбейсе немесе азайса, дәрігерлер ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін қажетті барлық жағдайды жасайды. Айта кетерлігі, қандай жағдайда болсын, аналар уақытылы тексеруден өтіп, өзінің және сәбиінің өмірі мен денсаулығына зор жауапкершілікпен қараса соңы өкінішке апарып соқтырар жәйттардың алдын алуға болады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан:
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.