ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Ветеринариялық қызмет сапасын арттыру – уақыт талабы. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында ветеринария саласының мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Әкімге облыстың ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық аурулардың таралуының алдын алу жұмыстары баяндалды. Облыс басшысы мал басын асылдандыру, ветеринария саласы мамандарын даярлау мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің дамуы сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуге байланысты екені белгілі. Түркістан облысында облыс әкімінің тапсырмасымен ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылған. Ветеринарларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жанданды. Жаңадан басқарма құрылып, мал дәрігерлерінің жалақысы өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Отырар ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып отырған шаруалар аз емес. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды 4 мың мал басы бар «Сызған» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Гуливер тұқымды қошқарлар сатып алып, қой тұқымын асылдандыруда.
Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. Шаруа
жүгерінің “Маями” сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтты.
Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.