ДЕНДРОСАЯБАҚТЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КОНЦЕПЦИЯСЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ
Дендросаябақта «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында өткен экологиялық кеңестің отырысында қаладағы дендрологиялық саябақтың даму концепциясы кеңінен талқыға түскен болатын.
Жиын барысында көптеген мәселелерге қаныққан кеңес мүшелері «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бекайдар Төлегеновтың дендросаябаққа барып, ондағы жай-күймен танысу жайлы ұсынысын қолдаған еді.
Бүгін демалыс орнына кеңес мүшелерімен қатар, қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция жетекшісі Бекайдар Мұсаұлы және фракция мүшелері Талғат Балтабаев пен Наргиза Керімбекова барды. Олар дендросаябақтың даму концепциясын жасаушы мамандармен жүздесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Айта кету қажет, экологиялық кеңес мүшелері мен мәслихат депутататтары дендросаябақтың даму концепциясының көп тұстарымен келіспеді. Басты себеп – олардың пікірінше, онда дәмхана, сауда нүктелері мен атракциондар салатындай демалыс аймағы орта және шағын бизнесті дамытатын орын емес.
“Дендрологиялық баққа елде жоқ асыл тұқымды ағаштар әкеліп, жабайы шөп пен ағаштан тазарту қажет екен. Су тапашылығын жоюдың жолдарын қарастыру керек. Саябақты осы бағытта дамытқан жөн,-деді Бекайдар Төлегенов.
Ол өз кезегінде алдағы фракция отырысында жобалаушыларға концепцияны осы бағытта толықтырып таныстыруды тапсырды.