ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістанға жұмыс сапарымен келіп, жаңадан бой көтерген жедел медициналық жәрдем станциясымен танысып, өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. 100 пайыз цифрлық жүйеге қосылған медициналық жедел жәрдем орталығы жылына 70 000 – ға жуық шақыруға шыға алады.
“Түркістан облысында медицина саласында істеліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Жаңа нысандар салынып, дәрігерлердің біліктілігін арттырып, цифрландыру, жедел жәрдем көліктерімен қамту жұмыстары өз ретімен жүргізіліп келеді. Бұл, өз кезегінде, өңіріміздегі аталған саланың одан әрі дамып, өркендеуіне жол ашады деп білемін. Жаңа жедел жәрдем станциясына инвестиция салған «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорнына» ризашылығымызды білдіреміз. Түркістанда халықаралық стандарттарға сай заманауи емдеу орталықтары жұмыс істейтін болады”, — деді Өмірзақ Шөкеев.
Заманауи үлгіде жасақталған орталықта жедел жәрдем автокөліктері шақыртуларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған.
Жедел жәрдем станциясы 4 категориялық санат бойынша «алтын сағат» қағидасына сай жұмыс істейді. Орталықта сондай-ақ АҚШ-та біліктілігін арттырған облыс мамандары қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадалары шақыртуларға қызмет атқарады. Өңір қажеттілігі 96 пайызға қамтылған. Облыста жедел жәрдем қызметінің кластері құрылып, ауылдық және қалалық жедел жәрдем қызметтері орталықтандырылған.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрі «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығына барды. Орталықта 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр. Заманауи үлгіде жасақталған оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.
Сапар барысында министр Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Ондағы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын кабинет, балалардың ерте жастағы бақылауын қадағалайтын әмбебап прогрессивті моделі бойынша жұмыс жасайтын кабинет, сонымен қатар психологтармен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының жұмыс барысымен танысты.
Қала көлемінде емхана қаланың 94322 тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетуде.
“Жұмыс жоспарымен киелі Түркістан елді мекеніне келіп жатырмын. Жұмыстың басты мақсаты халықпен кездесіп, олардың мұңын тыңдау. Үкіметтің, министірліктің жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жасап жатқан жұмыстары жайында есеп беру болып табылады. Халықтың 80 пайызы емханаларға, амбуалториялық мекемелерге келеді. Сол кезде халықтың денсаулығын қалай тексеру керек, аурулардың алдын алу, олардың әрі қарай мамандырылған көмек алуын үйрету бойынша республика бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгін менің әріптестерімнің халық үшін енгізіп жатқан жаңа технологияларымен, жаңадан ашылып жатқан кабинеттермен, мамандандарылған әдістермен таныстым”, деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Бүгінгі күнде емханада 8 отбасылық дәрігерлік орталық бар. Емдеу мекемесінде консультативтік диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Айта кетейік, Түркістан қалалық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен.
Түркістандық емханалардың жұмысымен танысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі “Ақжайық” музыкалық мектебінде облыс тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында денсаулық саласына байланысты қайтадан бекітілген қағидаттар мен жаңалықтардан хабардар етті. Кездесуге келген келген тұрғындар көкейтесті сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің клиникасы» мекемесіне барып, жұмыс барысымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында министрліктің атқарған жұмыстары тақырыбында «Алатау медиа-орталығы» ғимаратында брифинг болып өтті.
Түркістанда жаңа заманауи үлгідегі түрлі спорт нысандарының саны артып жатыр. Олардың құрылысын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауға алды.
Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында облыс басшысының бастамасымен бірнеше жаңа спорт орталықтары бой көтерген.
Спорт саласына үлкен көңіл бөлетін облыс әкімі қаладағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларымен кездесіп, жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде.
Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлшегі екенін жиі айтатын өңір басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Мұз сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысан жыл соңында ашылады.
Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа спорт нысандары ашылады.
35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады.
20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылысы қарқынды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Сондай-ақ нысанда допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары бар. Сауықтыру орнында медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар.
Елімізде теңдесі жоқ ескек есу каналына да су келді. Облыс орталығындағы спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы салынды. Әмбебап оқу жаттығу базасында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілмек. Құрылыстың екінші кезеңінде мұнда олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.