ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР КЕРУЕНІ СОЗАҚ АУДАНЫНДА
Созақ аудандық “Мыңжылқы” мәдениет үйінде Түркістан облысының дін істері басқармасы және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбында көшпелі жиын өтті.
Жиынның мақсаты – жастарды дәстүрлі емес діни ағымдардан қорғау, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ тұрғындардың мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру. Бұл шара мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымын түсіндіру арқылы халықты ақпараттандыруды көздейді.
Еркін форматта, әңгіме-сұқбат түрінде өткен тағылымы мол жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жүргізіп отырды.
Жиынға арнайы келген Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов діни сауаттылық және тұрақтылық жайлы баяндамалар жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде сөз алған айтыскер ақын Қажымұқан Абзалов дін мен тәрбиенің өзара байланысы, кереғар сенім-нанымдардан сақтану жолдары туралы маңызды мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, дәстүр сабақтастығы, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз және төлтума мәдениетіміздің отбасы институты мен қоғамның дамуындағы рөліне кеңінен тоқталды.