Емхана бизнес па?
Түркістан қаласында көрікті ғимараттар салып, қала халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген белгілі кәсіпкер Қайрат Акешов қашанда жаңа жобаларды іске асыру жолында тынбай ізденісте жүреді. Оның жақында ғана пайдалануға берген «Ибн Сина» медициналық орталығы ашылғанына көп болмағанына қарамастан емделушілердің көңілінен шығып үлгерді. Ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында аталмыш орталықтың директор-бас дәрігері Муслим Шариповпен сұхбаттасқан едік.
– Муслим Юнусәліұлы, сұхбатымыздың басында өзіңіз жайлы аз-кем тоқталып өтсеңіз.
– Мен 1978 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Елбасымыз, Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Емдеу ісі» факультетін 2001 жылы бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы ХҚТУ клиникасы, облыстық эндокринология диспансері, қаламыздағы «Талғат» клиникасында эндокринология бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс атқардым. 20 жылға жуық жемісті еңбегімнің нәтижесі болар В.Бехтерев медалымен және көптеген марапаттарға ие болдым. Жұбайым Мунира Убаева да дәрігер, бүгінде 3 ұл перзент тәрбиелеп отырмыз.
– Қант диабетімен ауырған тұрғындардың көпшілігі негізінен емделу үшін Сіз басқарып отырған медициналық орталыққа барады. Түпкі себебі неде?
– Қаламызда эндокринология саласының мамандары жеткілікті. Біріншіден, алдыңызға келген науқасты барынша жылы шыраймен қарсы алып, ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру керек. Екіншіден, науқастың ахуалын жетік бақылап, соған қарай қажетті дәрі-дәрмек, ем-дом тағайындау қажет. Міне, осы жайттарды ескерсек, науқас адам тез арада ауруынан жазылады. Тәжірибеге сүйене отырып айтарым, науқастардың 60-70 пайызы ауруынан айығуы өздеріне байланысты.
Мен М.Шерметова, Р.Юлдибаев, Д.Әбішев, Б.Шарипов, А.Нәбиев, Х.Сапаев сынды тәжірибелі әріптестеріммен әрдайым ақылдаса отырып, медицина орталығының болашағы туралы жұмыс жоспарларымызды белгілеп отырамыз. Негізгі мақсатымыз – облыс орталығы тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, дертіне шипа іздеп келген науқастардың көңілінен шығу. Бүгінде орталықта терапия, эндокринология, неврология, кардиология, гастроэнтрология бөлімдерінде көп кездесетін 30-ға жуық ауруды емдейміз. Үш қабатты ғимаратта тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бүгінде барлық мүмкіндіктер бар.
– Орталықтың мүмкіндіктері туралы сөз еттіңіз, нақтырақ тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қаржыландырыла-тын 20 орынды күндізгі стационар жұмыс істейді. Бұл айына 60 науқас ем қабылдайды деген сөз. Бұдан бөлек біздің орталықта тұрғындарға ақылы түрде қызмет көрсетіледі. Мұнда 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі, физкабинет, массаж науқастардың дертінен айығуына қызмет етеді. Сонымен қатар, күніне 50-ге жуық науқас қабылдауға келіп, тиісті ем-дом жаздырып алып отырғанын айтып өтуге болады.
– Бүгінгі әлемді жаулаған пандемия туралы пікіріңіз?
– Иә, әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індетіне қарсы елімізде де өз уақытында шаралар қабылданды. Соның арқасында індеттің ел аумағында кең таралуына тосқауыл қойылды. Дегенмен, бұл індет жайбарақаттылықты көтермейді. Сондықтан, сақтық шараларын барынша қатаң сақтап, тиісті талаптарды орындауымыз керек.
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет. Адам жанының арашашысы болған барлық ақ желеңді абзал жандарды мерекелерімен құттықтаймыз.