Ерекше кәсіп кәсіп иесі

0
104

Сағатшының жұмысы сағат механизмдерін айқын білумен қатар, мүлтіксіз қимылды талап ететін аса шеберлікпен жасалатын нәзік жұмыс екенін бірі білсе, бірі білмес. Мұның оқуы жоқ деседі, бірақ атадан балаға мұра ретінде беріліп келе жатқан кәсіп екені белгілі. Қаламызда санаулы ғана сағатшы бар. Солардың бірі Сапарметов Каримжан аға.

Негізі бұл мамандық физикаға, экономикаға қызығушылық білдіретіндерге қатысты дейтін болсақ, Каримжан ағаның негізгі мамандығы – аспаз. Аудандық ауруханада 4 дәрежелі аспаз болып қызмет ете жүріп, ағасының сағат жөндеу ісіне де қызығып, оның ісіне араласып отырған. Әкесі Сапарметов Шамурат қалалық, аудандық партия комитеттерінде бөлім басшысы қызметтерін атқарған.

«Әуел баста әкемнің інісі Маматжан сағатшы болған. Одан сағат жөндеудің қыр-сырын менің ағам Нематжан үйренген. Одан соң Нематжан ағам өзінің шеберханасында күні бойы бұл еңбекке мені баулыды. 2001 жылы ағам дүниеден өткен соң, мен өзімді түгелдей осы сағат жөндеу саласына арнадым. Бүгінде бұл кәсіпті үйренуді інімнің баласы Рүстем қолға алуда», – деп таныстырды Каримжан аға өзінің сағатшылар әулетімен.

Аядай шеберханада, күндіз-түні бір затқа үңіліп жұмыс істеудің қиындығы туралы сұрағанымызға, Каримжан аға өзінің нәзік жұмысындай жылы жымиысымен былай деп жауап берді: «Сағатшы өте ұсақ бөлшектермен жұмыс істейтіндіктен, бұл жұмыс аса сабырлықты қажет етеді. Ұсақ бөлшектерді анық көру үшін күшті ұлғайтқыш әйнектерді киіп пайдаланасың. Сағатшының мергендікіндей өткір көзі, мықты қолы болу керек. Содан соң бүкіл ой-зейініңді алдыңдағы құрттай детальдарға саласың – мүлт кетіп мүдірсең сағатты бүлдіріп алуың мүмкін. Сол себепті сағатшылардың жұмысы зергердің ісімен бірдей дерлік. Десе де, сағатшы күрделі техникалық блокпен жұмыс атқаратын шебер болғандықтан бұл зергер жұмысынан да зор деп ойлаймын».

«Жұмысыңызда біздің көзге көрінбейтін нақты жұмыстарыңызды атап өтесіз бе?». «Бұзылған сағат қолымызға тигеннен кейін оларды шашып тастаймын, бұзылған жерін анықтаймын, қандай бөлшектерін ауыстыру қажет екенін белгілеймін. Ақауы жөнделген соң қайта жинаймын. Титтей дұрыс емес жасалған қимыл арқылы сағат механизмін құртып алуға да болады. Кейде тіпті, сағат жаңаша істеп кетуі үшін механизмді бір тазалап алудың өзі жеткілікті. Одан бөлек, батареяларын, бауларын ауыстырамын, өзімнің келіскен фирмам бар, солардан әр түрлі бауларды тапсырыспен алдырып, үстіне ақша қойып ауыстырып беремін. Міне, осылай өз кәсібіммен отбасымды асырап отырмын. Сағат шебері сағаттардың түрлі жүйелерін жетік білсе, бұзылған бөлшектерді өндіруші зауыттың бөлшектерімен алмастырып қана қоймай, қажет болса оларды өз бетінше жасай алса, оны сөзсіз өз ісінің нағыз шебері деп айтуға болады», – деп аяқтады сөзін Каримжан аға.

Leave a reply