Ескі Иқанда ауыл шаруашылық техникаларын жаңалау бойынша 224 млн 011 мың теңге инвестиция тартылды

0
122

Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Сайтовтың баяндауынша, көп жылдар бойы басшылықтың қарауынсыз қалып келген Достық ауылына назар аударыла бастады. Достық елді мекенінде балалар ойын алаңын салуға қарастырылған қаржы 30 млн теңге. Оған балалардың ойын алаңы ғана емес, оның сырты қоршалып, балаларға арналған воркауттар да қамтылады. Ескі Иқан ауылдық округі Достық елді-мекенінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қарастырылған қаржы 19 млн 808 мың теңге.

Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Шарап Ата көшесінде автожолды және аяқ жолды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қарастырылған қаржы 29 млн 906 мың теңге болып отыр. Ескі Иқан ауылдық округі, Ескі Иқан елді-мекені тұрғындарына табиғи газ жеткізу жоспарлануда.

 

Ескі Иқан ауылдық округі, Ескі Иқан елді-мекені халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты «Иқан су Қытай» учаскесінен құбыр тарту бойынша жұмыстар атқарылуда.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Сайтовтың баяндауынша, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны Сауран ауданы орталығы атанғаннан кейін еселене түскен. 2021 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстарына тоқтала кетсек. Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппаратына мемлекеттік мекемесіне 2021 жылы жалпы 85 млн 202 мың теңге жоспарланып, 12 айда жоспар 100% толығымен игерілді.

2021 жылы мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз түрінен Ескі Иқан ауылдық округінде 286 отбасында 1342 адамға 96 млн 004 мың 618 теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Ауыл әкімінің ұйымдастыруымен аз қамтамасыз етілген 60 отбасыға демеушілер тарапынан 1 млн 495 мың тенге көлемінде азық – түлік берілді. Тамыз айында «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтамасыз етілген отбасылардың ішінен 40 оқушыға демеушілер тарапынан 1 млн 165 мың теңгелік көмек көрсетілді.

Қазақстан Республикасы «Тәуелсіздігінің – 30» жылдығына орай, ауыл әкімінің бастамасымен көптеген іс – шаралар өткізілді, атап айтар болсақ волейболдан ауыл әкімінің кубогі, мектеп оқушылары арасында «Тәуелсіз ел» тақырыбында жарыс және ауыл белсенділерімен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл» тақырыбында көптеген жиындар өткізілді.

 

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫН АЛУДА

Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараты алдынан автотұрақ салу мақсатында бюджет тарапынан 1 млн 420 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.

Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғымараты қасынан қойма салу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 450 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Сейткерим Ата» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.

Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Достық-2 көшесіне тас төсеу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 458 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Жағалбайлы» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар толығымен атқарылды.

Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлердің ауласында орналасқан электр бағаналарын көше бойына көшіру мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 446 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар орындалды;

Ескі Иқан ауылдық округі бойынша түнгі жарық шамдарын ремонттау мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 023 мың теңге бөлініп, ЖШС «Даму Строй» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар жүргізілді. Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 7 көшенінің асфальтбетонды жабынды және аяқ жолдарды, жарықтандыру орташа жөндеуден өткізу жұмыстарына 288 млн 427 мың теңге, 3 көшенің жарығын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 41 млн 340 мың теңге, 4 көшенің аяқ жолын орташа жөндеуден өткізуге жұмыстарына 100 млн 969 мың теңге, 2 көшедегі балалар алаңы, воркаут, спорт алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 60 млн теңгеге сметалық құжаттар әзірленіп, 2022-2024 жылдарға бюджетке ұсыныс енгізілді.

Ескі Иқан елді-мекені «Облыс елді-мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023 жылға дейінгі іс-шара жоспарына енгізілген». Облыстық басқарма тарапынан Ескі Иқан елді-мекенін толық ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Иқансу-Қытай» жер асты су кен орнынан қажетті су алуға жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірленуде. Достық учаскесінде 127 тұрғын үйге ауыз су құбыры тартылған, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы 705 метр ұңғыма қазылды. Қазіргі таңда су құрамын зерттеу жұмыстары аяқталып бюджет есебінен су мұнарасының құрылыс жұмыстарына 20 млн теңге қаржы бөлініп отыр, су мұнарасы құрылысы біткен соң «Достық» учаскесі халқын 24 сағат таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ескі Иқан елді-мекенінде газдандыру жұмыстары толығымен аяқталған, бүгінгі күнде газ құбырын «КазТрансГаз Аймақ» АҚ балансына өткізу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округті табиғи газбен қамтамасыз етудің екінші кезеңі аясында Достық елді-мекені және Диханабад учаскесіндегі тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) әзірлеу мақсатында керекті құжаттар жасалынуда.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯҒА КӨШУДЕ

Ескі Иқан ауылдық округіндегі диқандар қауымы жаңа технологияға бейімделуде. Ескі Иқан ауылдық округінің жалпы жер көлемі 41758 га, оның ішінде: 12558 га суармалы жер, 10770 гектар жерге бір жылдық екпелер егіледі, 1788 гектар жерге көпжылдық екпе бау жүзімдер егілген. Осы жерлер бүгінгі күнде 946 агроқұрылымдардың пайдалануына берілген. Оның ішінде 10 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 936 шаруа қожалықтарды құрайды.

Үй іргелік жер 596,7 га, оның ішінде 245,4 га егістік жер толығымен игерілді. 2021 жылға 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарланса, 21 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 140,0 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңалау бойынша 224 млн 011 мың теңге инвестиция тартылды. Ауылдағы барлық ауыл шаруашылығы техникалары және қосалқылары болып жалпы саны 701 бірлікке жетті. Шаруа қожалықтардың көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзан бағадағы жанар-жағар майларын шаруа қожалықтар алып егістік алқаптарына пайдаланды. Үкімет тарапынан арзан бағада берілген 224 тонна минералды тыңайтқыш алынды. Есепті мерзімде ірі қара мал басы – 21939-ға жеткізілді. Қой, ешкі саны – 59982 басқа жетті. Жылқы малы – 2618 бас.

Қазіргі таңда Ескі Иқан ауылында 20 мыңға жуық адам тұрады екен. Ибатада – 8 мың, Достықта – 1200, Шағада – 8 мыңдай адам тұрады екен. Жалпы, Ескі Иқан ауылдық округінде қырық мыңға жуық адам тіршілік етіп жатыр.

Бұл ауылдың адамдарын күндіз шаммен жағып таба алмайсыз. Себебі, барлығына дерлік бау-бақшаның қамымен жүреді. Кешкісін күн сәл салқындағанда ғана үйдің маңынан табасыз. Соның бірі бағбан Әділжан Маннатов. Ол жақында ғана сонау Америкадан үш мың бас шабдалы әкеліпті. Он гектар жерге 1200 түп алмұрт, алма, шабдалы егіпті. Орталықтан келетін су түгесілгеннен кейін амалсыз мотормен құдықтан су тартып алма бағын суарып отыр.

 

«АНАЖАН АНА» БАЛАБАҚШАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Ауыл адамдары әсіресе әйелдер қауымы жұмыс істеуі үшін олардың балаларын жұмыспен қамту керек. Әйелдерді жұмыспен қамту үшін олардың жас балаларына балабақша керек. Міне, осы жұмысты «Анажан ана» балабақшасының меңгерушісі Мунажат Маннатова атқарып отыр. Онда 140 бала балабақшамен қамтылған. Оларға қызмет етуге ауылдың 38 қыз-келіншектері жұмыс істеп жүр.

Қазіргі таңда ауыл адамдары құнды құжаттарын ресімдеу үшін қалаға сенделмейді. Себебі, әкімдіктің іргесінде бүкіл құжаттарды электрондық ресімдеу бекеті жұмыс істейді. Оның бас маманы Зураб Зураповтың айтуынша орталықта алты маман қызмет етеді. Мұнда туу туралы куәліктен бастап ауыл адамына қажетті барлық құнды құжаттар рәсімделеді. Тәулігіне Ибата, Достық, Шағадан үш жүзге жуық тұрғын келеді екен.

Ал, енді осы әкімшіліктің жанынан ашылған «Авиценна А» емханасы өз алдына енші алып, әсем де жайлы емхана ашып, жақында пайдалануға беруді көздеп отыр екен. Емхананың бас дәрігері Әкежан Сакашовтың айтуынша, негізінен ауыл адамдарының дерті мен түрлі сырқаттары суықтан, мұздай суды кешіп жүргендіктен және өздерін өздері күтпегендіктен болады екен. Дені панкреотит, остехандроз, қант диабеті, туберкулез ауруларымен тіркелген 5760 адам бар. Қазіргі таңда емханада 42 білікті маман қызмет етуде.

Жиырма мың адамнан тұратын ауылдың күл-қоқыстарын алысқа бармай өзеннің маңына төгеді екен. Осыған ыза болған кәсіпкер Әлішер Муслимов барлық күл-қоқысты өз қолымен тазалап, абаттандырып балық өсіретін ортаны қалыптастарды. Онда 200 миллионнан астам теңге жұмсап, карп, сазан, беломур, ақ балық, түрлі шабақтарды өсіре бастады. Екі тонна 700 киллограмм түрлі шабақтарды көлге тастаған. Бірер жылда өсімін күтіп отыр.

ЖЕТІ БАУ ЖАЙНАП ТҰР

Түркістанның іргесіндегі Ескі Иқан ауылы ежелден алма бағымен даңқы алысқа кетіп жатқан құтты мекен. Бүгінгі таңда бағбандардың алма, алша, жүзім, өрік, алмұрт бағы жеміс беруде. Бәрінен бұрын бау-бақшаларға елге сыйлы, халқына қадірлі, ардақты аталардың атын қоюы қызықтырады. Мұнда білікті педагог, іскер басшы, өнегелі ұстаз Дадаш Маннатовтың 100 жылдығына арналған «Ұстаздар» бауы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері «Сейіткамал ата», «Мұзаффар ата», «Абдувахид ата» баулары тәжірибелі дәрігер-хирург Ергеш Дадашұлының 75 жылдығына арналған «Дәрігерлер бауы» бой көтерген.

Ескі Иқан ауылындағы бейнеткеш диқан қауымның ойынан шығатындай су жүйесін тарту әрине оңайға түскен жоқ. Себебі, бұл маңайдағы су тұзды болған соң егістіктің маңы түгелдей сорланып бара жатты. Бұл мәселе қабырғасына аяздай батқан сол тұстағы ауыл әкімі Даннаш Маннатов үлкенді-кішілі емен есіктерді ондаған жылдар бойы тынбай жағалап жүріп, бүкіл егіс алқаптарына 100 шақырым су арнасын тартқызып, 64 құдық қаздырып, барлық егіс алқабына электр жүйесін жеткізді. Бұл әрине оңайға түскен жоқ.

Жақында жетінші бауды туыстары Дадаш Маннатов атындағы «Ұстаздар бауы» деп атауды қош көрді. Себебі, Дадаш ақсақалдың математика, алгебраға жетік шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде халық шаруашылығын дамытуда. Ал, бағбандығын ұстанған ұрпақтары туған жерін иран бағына айналдыруда. Дадаш атаның 150 гектарлық бауында алма, алша, алмұрт, өрік, жүзім жайқалып тұр. Баудың иелері таяу болашақта жол жиегіндегі иранбағын еліміздің ұстаздар қауымы қызығатындай ерекше демалыс орнына айналдыруды жоспарлауда.

Даныш Маннатов Ескі Иқан ауылының қорғаушысы һәм қолдаушысы деуге болады. Оның демеушілігімен жасалған қайырымдылық шаралары, шығыс ғұламасы Қауамад-дин әл-Итқани әл Түркістани атындағы мешіт салғызуы өз алдына бір бөлек әңгіме. Бәрінен бұрын Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан ауылдың үстін басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының жобасына қарсы шығып, өзінің табандылығын көрсетіп, ауылдың сыртына үкіметтік тұрғыда айналма жолды өткізуі бір ерлік. Қазір ойлап қарасаңыз тәулігіне жиырма мыңға жуық жүк тиеген автокөліктер сүттей ұйыған тып-тыныш ауылдың ортасын басып өткенде не болар еді?

Бір қызығы мұндағы дихандар алма бақтарын еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлестіріп отыр. Шындығында жер емген дихандық пен ардақты дәрігер, ұстаздай мамандық иелеріне деген құрметті қатар алып келеді.

ҚАУАММАДИН ӘЛ ИТҚАНИ БАУЫ

Мәселен, туғанына биыл 735 жыл толып отырған иқаннан шыққан дүние жүзіне атақты ғұлама ғалым, Ислам діні қайраткері «Қауаммад-дин әл Итқани әл Түркістанидің атындағы бау» да осында. Бұл бауды өткен жылы республикамызда тұңғыш рет осы ауылда өткізілген халықаралық онлайн конференцияға қатысқан шейх Әбсаттар қажы Дәрбісәлі көріп, таң-тамаша қалды. Өз қолымен алма ағашын отырғызды.

Бұл белгілі тұлғалардың атына бау бағыштау бастамашылығы 1995 жылдан басталады. Себебі, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы сәуірдің 13-інде отырғызған өрік ағашы қазір жеміс беріп тұр. Қазақстанның Тұңғыш Президентін сол жолғы қабылдауда «Түркістан қақпасы халқымызға ғимарат иелеріне бақыт, зор табыс әкелсін!» деп қалдырған қолтаңбасы көрікті жерге орналастырылған.

Жақында міне осы «Ұлы қақпа кешені» аумағынан «Түркістан –түркі әлемінің рухани астанасы» атындағы бауы бой көтерді. Барлық баулардың бастамашысы һәм демеушісі Даныш Маннатов осы өңірді болашақта түркі халықтарының демалыс бағына айналдыру жобасын жайып салды. Даныш Маннатов мырза екінші тынысы ашылып, әлемге түркі халқының рухани астанасы болып жарияланған Түркістандық деген атқа әрбір жан лайық болып, сол дәрежеде қызмет көрсетсе деген лебізін жеткізді.

СПОРТ КЕШЕНІНДЕ БАПКЕРЛЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

Ескі Иқанда таяуда әсем спорт кешені бой көтерді. Оны мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде кәсіпкер Мамерхан Юлдашов 416 миллион теңге жұм-сап тұрғызған. Қазір мұнда үш жүзден астам бала еркін күрес, самбо, дзюдо, греко-рим күресіне қатысады. Волейбол, футбол, теннис, шахмат ойнайды. Бұл спорт мектебін Африкадан еркін күрестен әлем чемпионы болып оралған әкесі Мүтәліб Юлдашовтың құрметіне атап отыр. Қазір жеті бапкер бар екен. Айына 100 мың теңге төлейтін болғандықтан бапкерлер жетіспейді. 10-шы сынып оқушысы Жасмин Искандерова еркін күрестен республиканың ашық біріншілігінде 57 килограм салмақта чемпион атанған. Еркін күрестен бапкер Ұғұлжан Камалбекова қыздарды жарысқа әзірлеуде.

Leave a reply