«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 5 жоба мақұлданды

Биыл Шымкентте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 816,1 млн. теңге бөлінген.
Бағдарламаның ережелеріне сәйкес несиелер жылдық 6 пайызбен 23 млн. теңгеге дейін 7 жылдық мерзімге беріледі. Сонымен қатар халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін несиелер жылдық 4%-бен беріледі. 1 маусымда 5 жоба мақұлданып, оларға 68 млн. теңге бөлінді.
Бұл бағдарлама аясында несиелерді рәсімдеу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на өтінім тапсыру қажет.
Айта кетейік, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында мегаполисте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Шымкент қаласы бойынша жұмыс күші — 435,1 мың адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны — 412,9 мың. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша (техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету) 2500 адамды оқыту қарастырылады. Оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 8 мамандық бойынша 600 адам, еңбек нарығының сұранысына сәйкес 24 мамандық бойынша 1900 адам бекітіліп, 3 ай мерзімге оқуға жолдануда.