Thursday, November 21

Жасыл белдеуге жан бітіп келеді

0
149

Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға арналған «Жасыл белдеу» аймағында баспасөз өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-турға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен қала ақсақалдары қатысты.

«Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда. Пресс-тур барысында қала тұрғындарына, ел ардагерлеріне шаһар айналасындағы жасыл аймақ пен болашақ демалыс орындарының сызбасы таныстырылды. Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан. Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласы мен айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен шаттық бірліктер саны 2 есе ұлғайған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Арнайы шара барысында қала ішіндегі желілік саябақтардан бөлек, Шойтөбе подстанциясы мен Кентау тас жолы бойындағы «Жасыл белдеу» аймағындағы көшеттердің өнімділігі көрсетілді. Сонымен қатар пресс-тур аясында тұрғындар мен журналистер жуырда пайдалануға берілетін Шағадағы жасанды жағажай мен су айдынын көрді. Сондай-ақ ескек есу каналының жай-күйімен танысты. Бұл жобалардың бәрі Түркістанда жасыл алқапты көбейтіп, ауа райын өзгертіп, экологиялық жағдайын жақсартып жатыр.

Leave a reply