Thursday, November 21

Жаңару мен дамуға бағыт береді

0
136
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы елімізді жаңарудың, дамудың жаңа сатысына көтере білді. Бір қолға шоғырланған суперпрезиденттік басқарудан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына көшу саяси жүйедегі тепе-теңдік және мемлекеттік басқарудағы тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түсті.
Ел Президентінің Жолдаудағы іргелі өзгерістері мемлекетті орнықты әрі басқаруға икемді етуге бағытталды. Бүкіл құзыреттің бір қолға шоғырлануына негізделген басқару жүйесі өз тиімділігін жоғалтқанын көрші елдерде болып жатқан түрлі саяси жағдайлар бізге айқындап берді. Аталған авторитарлық көзқарас қоғамды топтастырғанмен, ұйыстыра алмайтыны анық еді. Сондықтан ел Президенті Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертуге кірісті.
Бұл бағытта ең әуелі халықтың үніне құлақ асуды бірінші кезекке қойды. Соның дәлелі ретінде еліміздің барлық облыс, қала, аудан, ауыл әкімдерін тоқсан сайын халықпен есепті кездесу өткізуге міндеттеді. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасын ұсынды. Ең әуелі бұл халықтың билікке деген сенімін оятып, атқарушы билік халықтың шынайы үнін тыңдап, мәселенің мәніне үңіле түсті.
Былтыр наурыз айында жарияланған Президент Жолдауынан кейін жыл ішінде еліміз күрделі де тарихи жаңару кезеңінен өтті. Президенттің мемлекеттік басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу бастамасы соның айқын дәлелі деуге болады. Нәтижесінде жаңадан сайланған VIII шақырылымдағы Парламенттің рөлі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай күшейтілді. Бұл Қасым-Жомарт Кемел- ұлының «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады.
Бір ғана мысал, Мәжілісте тікелей халық сайлаған тәуелсіз депутаттар пайда болып, олардың 29-ы бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Қалған 69 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесінде таңдалды. Биыл Парламент сайлауынан бастап жергілікті мәслихат сайлауына дейін өте тартысты өтті. «Сайлау туралы» заңдағы өзін-өзі ұсыну тәртібімен халық ішінен шыққан мемлекетшіл азаматтар Мәжіліске, әр деңгейдегі мәслихаттарға халық атынан депутат болып сайланды.
Сол сияқты жаңа партияларда саяси аренаға шыға бастады. Сол саяси ұйымның бірі ретінде елдегі өндіріс саласының көшбасшылары мен креативті жастардан жасақталған «Respublica» партиясы наурыздағы сайлауда бақ сынады. «Жаңа адамдар – жаңа қадамдар» ұранымен танылған саяси ұйымның ұстанымы Президенттің «Жаңа Қазақстан» идеясымен үндесіп жатыр деуге болады.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы өндіріс саласын дамытуды партияның басты мақсаты санаған кәсіп- орын басшылары қысқа ғана уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлерін аралап, тұрғындармен кездесті. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің демократиялық қоғам құрамыз деген ұлы мұратының нәтижесінде жаңаша ойлайтын азаматтардың ел ісіне араласуға мүмкіндігі туды. Иә, жаңадан қолға алынған тың жобалардың, соны реформалардың кемшіліксіз болмасы анық. Алайда, әр кезеңдегі олқылықтардың орнын толтырып, одан нәтиже шығаруда әрбір ел азаматы жұмыс істейді деп сенеміз.
Былтыр наурыздағы Президент Жолдауының игілігі мен тиімділігі бір жылдың шеңберінен асып, ел дамуының болашағына айқын бағыт-бағдар беретін мәні бөлек, мазмұны ерек құжат болды. Соның жарқын дәлелі ретінде мемлекеттің ең басты құндылығы – адам капиталының құқығын қорғауға арналған Конституциялық соттың құрылуы баршамызды қуантты. Тарқатып айтар болсақ, Конституциялық кеңес жойылып, оның орнына Конституциялық сот қайтадан құрылды. Анығында, бұған дейін бұл құрылым тек биік лауазымды тұлғаларға ғана қызмет етіп келсе, ендігіде оның орнын ауыстырған Конституциялық сот халыққа барынша жақындай түспек. Оған заңның әлдебір бабы өзінің конституциялық құқығын бұзды деп санайтын кез келген тұрғын жүгіне алады. Мұнан бөлек, Бас прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де ел Конституциясына қайшы келетін заңдарға, заңды күшіне енген сот актілеріне, нормативтік-құқықтық актілерге, әкімдердің шешімдеріне наразылық танытып, осы соттан әділдік іздеуге мүмкіндік алды. Президент Жолдауында айтылған батыл шешімдердің нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айының соңындағы жағдай бойынша Конституциялық сотқа 1,5 мыңдай азамат жүгінген. Оның мыңнан астамына түсініктеме беріліп, қалғандары заң шеңберінде қарастырылып жатыр.
Міне, демократиялық талпыныс осындай мемлекеттік деңгейде қабылданған батыл шешімдердің нәтижесінде жүзеге асатындығына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады. Әлем мың құбылып, құрлықтар қырық пышақ болып жатқан тұста отауын жаңа тіккен жас мемлекет үшін ең басты құндылық – Тәуелсіздік пен тұтастықты мызғытпай ұстап тұру болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа дер кезінде ұсынған Жолдауы қоғам үшін аса қажетті бағдарламалық дүние болды.
Ел Президенті тек ұсыныс айтып қана қоймай, сол ұсыныстарды жедел әрі сапалы етіп орындауды қолға алды. Ендігіде қолға алынған бағдарламадан айнымай еңбек ете берсек, талай биікті бағындырамыз деген сенімдемін.
Бекжан АЙТҚҰЛОВ,
«Respublica» партиясы Түркістан облыстық 
филиалының төрағасы, 
облыстық мәслихат депутаты.

Leave a reply