ЖАҢАРҒАН ЖАҢА ҚАЛАДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

0
143

Осыдан үш жыл бұрын Түркістан қаласының ірге тұсында Жаңа қала шағын ауданы салынды. Мөлтек ауданның бой көтерудегі мақсаты 800-ден астам жас отбасыларды баспанамен қамту болатын. Аталған жылдар аралығында шағын ауданда көпқабатты үйлердің басым көпшілігі пайдалануға беріліп үлгерді. Шаһарға кіре берісте орналасқан мөлтек ауданда тұрғын үйлерден бөлек түрлі жасанды көлі бар саябақтар, субұрқақтар мен түрлі алаңқайлардың іргесі қаланған.

Тамыры тереңді бойлаған Түркістанның кереметі шаһарға аяқ басқаннан көрінетіні белгілі. Сонымен қатар, Жаңа қалада жол бойымен Түркістан халықаралық әуежайына баруға болады. 2020 жылы салынған әуежайда ұшақтар 16 бағыт бойынша қатынап келеді. Әуежай бүгінде республика бойынша 7-орынды иеленген. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Киелі мекеннің тарихымен ұштаса бой көтерген әуежайда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Ең маңыздысы мөлтек ауданда Экобазар, автотұрақ, оған қоса Шаға демалыс жағажайы орналасқан. Бүгінде жаңарған Жаңа қалада түрлі жаңалықтар орын алуда. Жаңа қала қарасаң көз тоймайтын тұрғын үйлерімен ерекшеленеді. Халық көбірек орналасқан мөлтек ауданда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Оған дәлел халыққа қызмет көрсету орындарының бірқатары сонда орналасқан, оның бірі «Қазпошта» болса, енді бірі әкімшілік орталықтар мен түрлі қызмет көрсету орталықтары.

Сонымен бірге, биыл Түркістан облысында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Яғни өсім бар жерде өзгеріс те бар. Оған себеп, бір жыл ішінде 100-ден астам нысан пайдалануға тапсырылды. Яғни 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілмек. Осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.

Айталық, киелі мекенде орналасқан Жаңа қала ауданында көне сәулет пен жаңа сәулеттің қосындысынан түрлі іскерлік ғимараттар салынды. Олар «Алатау» медиаорталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығының іргесі қаланып, ел игілігіне ұсынылды. Жылда жеке инвесторлар тарапынан жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артып келеді. Мәселен олар: «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» сынды түрлі тұрғын үй кешендері бой түзеп, өз қызметтерін ұсынып жатыр. Сондай-ақ, аталмыш үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы бағада беріп келеді. Жаңадан салынатын үйлер бойынша Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленіп, ол бойынша сараптама қорытындысын алды. Қазіргі таңда құрылысына қаржы бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаздар анықталған соң құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.

 

ЖІБЕК ЖОЛЫ

Сонымен бірге, Түркістан-Шымкент бағытындағы жолда орналасқан Жібек жолы саябағы. Аталмыш саялы бақ Түркістан қаласына Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстары салып берген кәдесый саналады. Бүгінде саябақтың жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайды. Ғажайып нысанның кіре берісінен бастап субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газондарды кезіктіресіз. Сондай-ақ, саябақта спортпен шұғылдану үшін арнайы аяқжол мен веложолдар да салынған. Оған қоса ересектер мен балаларға арналған түрлі бағыттағы жалпы саны 12 аттракцион іске қосылған. Бүгінде Жібек жолы бағы Түркістанға келген қала қонақтары мен тұрғындардың серуендеуіне таптырмас орын.

 

ЭКОБАЗАР

Ал Жаңа қала мөлтек ауданында орналасқан таңдаулы сауда орындарының бірі, Экобазар жайлы қызықты дәйектерге тоқталсақ. Бүгінде сауда орталығында Түркістан облысы мен басқа да облыстар мен қалалардың диқандары өз өнімдерін саудалай алады. Заман талабына сай бой көтерген орталықта өнімдердің барлығы халыққа көтерме бағада ұсынылып келеді. Фермерлерлік базарда 3000-ға жуық сауда орны бар. Оның ішінде азық-түлікке 900 орын арналса, киім-кешекке 1500, ал қалған 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арналған. Дәстүрлі ауыл шаруашылығын жолға қою мақсатында бой көтерген базардың жер аумағы 14 гектар жерді құрап отыр. Жаңа форматта салынған сауда орнында, диқандардың өнімдерін тиімді бағада саудалауға барлық жағдай қарастырылған. Сонымен бірге сауда кешенінің маңында жаңа автовокзал орналасқан. Онда басқа да облыстармен қатар көршілес мемлекет Өзбекстанға сапарлайтын көліктер жағы қарастырылған. Әмбебап саналатын сауда орталығында балаларға арналған ойын-сауық орталығы, банктер, фуд-корттар, санитарлық қызмет орындары сынды халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бой көтерген базарда сатушылар үшін де қолайлы жағдай жасалған.

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.

Leave a reply