Жаңа мектеп балаларды қуантпақ
Түркістан қаласындағы, Сауран секторына қарасты, Қызылорда тас жолы бойындағы Баянауыл елді мекенінде мектеп тапшы. Баянауыл елді мекенінде 800-ге жуық үй орналасқан, оның ішінде мектеп жасындағы бала саны – 650. Бұл елді мекенде білім ордасының болмауына байланысты мектеп жасындағы оқушылар жақын маңдағы мөлтек аудандарда орналасқан мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Атап айтар болсақ, №21 М.Пошанов – 239 оқушы, №27 Ө.Жәнібеков – 205, №17 Ататүрік мектебіне – 206 оқушы. Жанға батқан мектеп мәселесі жөнінде шағымдарын сектор тұрғындары қала басшылығына да бірнеше рет жолдаған. Алайда, өз шешімін әлі күнге дейін таппай келеді. Тұрғындарға арман болған білім ордасының жоқтығының зардабын әсіресе, оқушылар мен бүлдіршіндер тартып отыр. Бізде осы мәселенің мән жайын анық білмек мақсатта әуелі сектор тұрғындары мен тілдесіп, өз ойларын білген едік. Алимбекова Гаухар Жарқынбекқызы 8 жылдан бері Баянауыл елді мекенінің тұрғыны, 5 баланың анасы.
– Мектеп біз үшін ең ауыр да, өзекті мәселелердің бірі. Балаларымыз мектепке 4,5 шақырым жерге жету үшін әбден қиналдық. Өз секторымызда білім алуға арналған білім ошағының болмауы, қазіргі таңда көрші секторларға балаларымыздың ұзақ жолмен қатынап оқуы, баланың біліміне де, денсаулығына да, қауіпсіздігіне де зияны мен қатар кері әсерін тигізіп жатыр. Сонымен қатар, көпбалалы ата-аналардың, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мектепке жету үшін жолақыларын қалталарындағы қаражат-тары көтере бермей біраз қиналып жатқан жайлары бар. Қаражат мәселесіне келгенде баршамыздың жасыратыны жоқ отбасылық бюджетке ауыр салмақ екені айтпаса да түсінікті. Бала біздің болашағымыз, келешегіміздің жарқын бейнесі осы ұрпақтарымыз.
Сол үшінде біз балаларымыздың алаңсыз білім алуы жолында өз секторымызға заман талабына сай мектеп салып беруін сұранамыз. Біз 2019 жылы бұрынғы қала әкімі Рашит Абатұлының тұсында маусым айынан бастап бірнеше рет мектеп мәселесін қозғап қала, облыс әкімдеріне арыздандық. 2020 жылы 900 орындық мектеп жобасы сызылды. Әкім мектеп салуға уәде берді. Бірақ мектеп салу түсіру мәселесі кейінге ысырылып қала берді. Баянауылда мектеп салуға бала саны жеткілікті, көпбалалы отбасы саны да жетерлік. Сондықтан да мектеп салу мәселесі кезек күттірмейтін, шешімі тез табылатын мәселе деп айта аламын. 2021 жылы қала әкімі ауысып, жаңа қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке бірнеше рет өз өтінішімізді жеткіздік. Алдағы күндері әр тұрғынның ойында жүрген сауалдың шешімі табылып, заман талабына сай мектеп салып береді, – деген сенім білдіреміз.
Баянауыл елді мекенінің тұрғыны Гаухар Алимбекова өз ойын осылайша ашық жеткізген енді. Тұрғындардың айтары бар болған соң өз ойларын айтқысы келген тұрғындар да көп болды. Соның бірі Рима Есімханова 33 жастағы 8 баланың анасы. Алтын құрсақты жас ананың жан айқайына құлақ түрсек.
Баянауылда шешімі табылмаған мәселелер шаш етектен, өзекті өртеген өзекті мәселелер баршылық. Өз басым көпбалалы ана болған соң өзге тұрғындардың да айтар уәжін жақсы түсінемін. Балаларымызды заман талабына сай бірін балабақшаға, бірін мектепке беруге міндеттіміз әрине. Бірақ кішкентай бүлдіршіндерімізді көрші секторларда орналасқан жолы ұзақ балабақшаға беруге көбіміздің жағдайымыз жете бермейді. Балабақшаларға тасымалдау үшін арнайы тасымал көліктері келеді. Бірақ әлі кішкентай баланың тар көліктің ішінде тығылысып сағаттап отырғанын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Сол себептен де көп жағдай да ата-аналар балабақшадан балаларын шығарып алуға мәжбүр болып жатады. Тағысын тағы айтар болсақ, балалар ойнайтын ойын алаңдары, көше жарықтары, әлеуметтік дүкендер желісі, дәріхана, аурухана, көше жол белгілері міне осының бәрі балалар және әрбір тұрғынның қауіпсіздігі үшін орнатылуы керек.
Осылайша, талап-арыздарын жеткізіп орындалуын күткен Баянауыл елді мекенінің тұрғындарының сан-сауалдарына жауап ретінде Түркістан қаласының адами-әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова газетімізге сұхбат берген еді.
Түркістан қаласында халық саны жыл сайын өсуде. Түркістан қаласы Баянауыл елді мекенінен 900 орынды мектеп құрылысын салу ЖСҚ (жоба сметалық құжат) әзірленіп, мемлекеттік сараптама алуға құрылыс басқармасына тапсырылды. Қазіргі таңда 900 орынды мектеп құрылысын салуға жер көлемі белгіленіп бекітілді. Баянауыл елді мекенінен мектеп құрылысын салуға жекеменшік компаниялардан облыс және қала әкіміне өтініштер келіп түсуде. Осыған орай, қазіргі таңда мектеп құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік жекеменшік серіктестік жоба аясында жер таңдау жұмыстары және құжаттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылға Баянауыл елді мекенінен 900 орынды мектеп құрылысын салу жоспарда бар. Түркістан қаласы Баянауыл елді мекенінің оң жақ бетінен жеке кәсіпкер өз жерінен 300 орынды мектеп құрылысын бастады 2022 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарда. Мемлекет тарапынан балабақша салу жоспарда жоқ. Алайда, инвест жобамен кәсіпкерлер 2022 жылы Баянауылдан 2 балабақша салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жер таңдау жұмыстарын жүргізуде. 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға берілу жоспарда.