Жаңа ғасырдағы жаңа Түркістан экономикалық тұрғыдан да көш бастап келеді

0
107
Тәуелсіздіктің елең-алаңында көптеген өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, түрлі ғимараттар да шала біткен күйі қаңтарылып қалды. Қаншама адам жұмыссыз қалған соң елдің күнкөрісі де қиындай бастаған. Бірақ, қанша қиыншылықты бастан кешіп жатса да ел өз болашағына сеніммен қарады. Сол бір алмағайып заманда отандастарымыздың жігері жасып, тауы шағылмай, тіпті айлар-жылдар бойы жалақы алмаса да алға қарай ұмтыла түсуіне тәуелсіздікпен келген теңдесі жоқ зор рухтың әсері болған шығар.
Иә, барлық қиыншылықтарды сенім мен үміт қана жеңіп шығады. Тәуелсіздіктің таңы атқан отыз жылдағы жеткен жетістіктер мен бағындырған белестер, міне, осыны аңғартады. Соның жарқын мысалы ретінде көне Түркістанның күн санап көркейіп келе жатқанын айтуға болады. Алыстан көз тартатын әсем ғимараттары мен зәулім сарайларын айтпағанда, жаңа қала экономикалық тұрғыдан да көптеген игі бастамалардың көш басында тұр. Соның бірі ретінде осыдан үш жыл бұрын ашылған «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын айтуға болады. 
Рас, түркі әлемінің рухани астанасын одан әрі дамыту мақсатында құрылған аймақта соңғы үш жылдың өзінде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асты. Жалпы ауданы 3014 гектарды құрайтын аймақ төрт субаймақтан тұрады. Тарихи-мәдени орталық 297 гектарды құраса, әкімшілік-іскерлік орталық 1350 гектарды, өндірістік аймақ 400 гектарды, әуежай аймағы 967 гектарды құрап отыр.
Тарихи-мәдени орталық – Түркістан қаласының басты жәдігері, түркі халықтары арасында маңызы жоғары рухани құндылықтардың бірі, Әзірет Сұлтан аталып кеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Алыс-жақыннан келген саяхатшылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында көптеген қонақүй кешендері, «Қожа Ахмет Ясауи музейі», «Ұлы дала елі», «Шығыс моншасы», «Визит орталығы», сондай-ақ, халықаралық маңызы бар «Керуен сарайы» көп салалы туристік кешені бой көтерді. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Түркістан қаласына келетін туристер санын 2024 жылға дейін 5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Әкімшілік-іскерлік орталығы – Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы болып табылады. Бұл аймақта Түркістан қаласын цифрландыру, заманауи үлгіде жұмыс жүргізуге ыңғайлы түрлі ғимараттар, соңғы үлгідегі тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге негізделген басқа да орталықтар бой көтерді. Ал, өндірістік аймақ «Greenfield» және «Brownfield» типті болып екі аймақтан тұрады. Жалпы аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы Түркістан мен Кентау қаласының ортасындағы Оранғай елді мекенінің тұсында орналасқан.
Жалпы ауданы 35 гектарды құрайтын «Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы экскаватор зауытының аумағында орналасқан. Аймақ толық пайдалануға дайын өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тарту көзделіп отыр.
Әуежай аймағы 967 гектар аумақты қамтитын, облыс орталығынан 35 шақырым қашықтықтағы Кентау қаласына қарасты Шаға елді мекенінің маңында орналасқан. Туристік ағымды күшейту, туристік логистиканы қолайлы ету мақсатында салынған стратегиялық маңызы бар халықаралық әуежай бүгінде толық пайдалануға берілді.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жылдам жүргізу үшін жергілікті әкімшіліктің қолдауымен «бір терезе» қағидаты жүзеге асырылғанын да айта кетейік. Соның нәтижесінде «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды. Компанияның инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан, мүлік салығы мен қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылған. Ашылғанына көп болмай-ақ аталған аймақ алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша «Financial Times» журналының «Global free zones of the year–2019» халықаралық рейтингісі аясында, әлемнің 5000 арнайы экономикалық аймағының арасында «SME Winner-Asia-Pacific» (шағын және орта бизнес бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағының жеңімпазы), «Editor’s choice awards-ones to watch» (редактордың бас таңдауы – әлеуетті инвесторларға назар аударуға лайық), «Bespoke awards» (арнайы марапат – үздік маркетингтік слоган: «Тарихты құрметтеп, болашақты құру») үш номинацияны жеңіп алғанының өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мұнымен шектелмей, Түркістан қаласының брендін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін «Financial Times» жариялаған «Болашақтың туристік орындары» рейтингісіне қатысу нәтижесінде «Heritage Tourism», «Infrastructure upgrades», «Special economic zones», «Up-and-coming Destination» сияқты төрт номинацияның жеңімпазы атанды.
Міне, осылайша жаңа Түркістанның жарқын болашағын шетелдік алпауыт ұйымдар да мойындай бастады. Бұрын-соңды мұншалықты қарқынды құрылыс жүрмеген Қазақстан Тәңірдің берген Тәуелсіздігінің арқасында айтулы жетістіктерге жетіп отыр. Ендеше, азат елдің алғашқы отыз жылдықта еңсерген табыстарына тәубе дей отырып, жаңа ғасырдағы жаңа қаланың жетістіктері мен бағындырар белестері еселене берсін деген тілек айтамыз.

Leave a reply