ЖЕРІ ШҰРАЙЛЫ, ЕЛІ ШЫРАЙЛЫ – МАЙДАНТАЛ

0
141

Көнекөз қариялардың айтуынша, Майдантал деген ат бұл жерге екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста берілген екен. Себебі, соғысқа аттанған әрбір солдат бір ағаш егіп, ескерткішке қалдырып отырған. Отыз метрден биік болып өскен шынар ағаштарын кешегі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұрпақтары қарағаш, үйеңкі, түрлі талдарды қыста отқа тамызық етіп, бойын жылытты. Қалғандары бүгінде Қаратаудың бөктеріне шілденің шіліңгір ыстығынан пана таппай жүрген, аң- құстар мен жастардың бір мезгіл көңіл көтеретін жайлы қонысына айналған.

Сауран ауданы Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболовтың баяндауынша, Майдантал ауылдық округі үш елді мекеннен құралған. Атап айтқанда олар Ынталы, Қаражон, Егізқара елді мекендері. Ынталыда – 2265 адам, Қаражонда – 930 адам, Егізқарада 59 адам тұрады. Барлығы 3254 адам тұрады. Майдантал ауылы әкімі аппаратына 2021 жылдың 12 айында барлық шығындарын өтеуге 22,208 мың теңгеге қаржыландырылып, қаржы кезең-кезеңімен толық игерілді.

2020 жылы 12 айында мүлік салығы 268 165 теңге, жер салығы 230183 теңге, көлік салығы 2724102 теңге, жеке табыс салығы 104000 теңгеге орындалса. 2021 жылдың 12 айында мүлік салығы 280900 теңге, жер салығы 244 000 мың теңге, көлік салығы 3613000 мың теңге орындалды.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРУДА

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтар саны 24 болды. Олардың ішінде 22 отбасына тағайындалып, 4 074 903 теңге төленді. Қалған 2 отбасына кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады.

Ақылы қоғамдық жұмысқа 30 азамат тартылды. Сақшыға 2 азамат жұмысқа жіберілді. Демеушілік есебінен алты отбасыға азық-түлік берілді. Ауыл тұрғындары Е.Бексейітов пен Н.Муштаев және Е.Исмайлов, Б.Смағұлов өткен жылдың қаңтар, ақпан, қазан айларында 9 отбасына демеушілік жасап, қыста қатты отынмен қамтамасыз етті.

Майдантал жалпы орта мектебі білім беру қорынан 50 балаға мектеп формасын әперді. Демеушілер есебінен 20 балаға мектеп формасы берілді.

Қаражон жинақталған шағын жалпы орта мектебінде білім беру қорынан 50 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары берілді.

Майдантал ауылдық округінде қазіргі таңда 1 шағын клуб және 2 кітапхана жұмыс жасауда. Он екі айда 20 іс-шара өткізіліп, жалпы 950 адам қамтылды. Шағын клуб 70 орындыққа арналған. Кітапханалардағы жалпы кітап қоры – 28 722 кітап болса, оның ішінде қазақ тіліндегі шығармалары саны 16740. 2021 жылы жаңадан келген кітаптар саны- 292, оның ішінде 275-і қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер. Оқырмандарға кітап оқуды насихаттау мақсатында карантин кезінде онлайн түрде кітапхана парақшаларында «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы өз жұмыстарын жариялап отырды.

МАЛҒА ЖАЙЛЫ ҚҰТТЫ ҚОНЫС

Майдантал ауыл округінің жалпы ауылшаруашылық жері – 65751 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жері 1841 гектар. Суармалы жері 1360 гектар. Ортақ жайылымы 6060 гектарды құрайды. Жалпы жайылымдық жері 24428 гектар, шабындығы 287 гектарға жетеді. 2021 жылы диқандар 1533,0 гектарға түрлі дақылдар екті. Оның ішінде егілген егіс көлемі 76 гектарға дәндік жүгері, 65 гектарға сүрлемдік жүгері егілді. 149 гектарға бақшалық дақылдарға бөлінді. 298 гектарға бидай егілсе, оның ішінде 90 гектары жаздық бидай, 208 гектары күздік бидай. 101 гектарға көкөністер өсірілді. 693 гектарға жоңышқа себілді. 55 гектарға картоп отырғызылды. 96 гектарға бау егілді. Оны жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологиялар қолданыла бастады. Ауыл шаруашылығы жерлеріне арнап 90 тонна жанар-жағармай, 4 тонна корбамид алынды. Өткен жылы екі үш қайтара өнім алудың жиырма жобасы, жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда 2020 жылмен салыстырғанда ірі қара 138 пайызға, қой-ешкі 125 пайызға, жылқы 119 пайызға, түйе 102 пайызға, құс 216 пайызға артқандығы байқалды.

ЫНТАЛЫДА АЛТЫ КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

Майдантал ауылдық округінде екі заңды тұлға, 141 шаруа қожалығы, 7 сауда дүкені, кафе мен моншалары бар. Қазіргі таңда бір жанар жағармай бекеті құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 2021 жылы Майдантал ауылдық округінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы орындалды. Осы бағдарлама аясында Ынталы елді мекенінде бес көшеге жарықтандыру, бір көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Сарыарқа көшесіне 26,960 мың теңге, Рысқұлов көшесін жарықтандыруға – 8,299 мың теңге, Қазыбек би көшесіне – 7,945 мың теңге, Абай көшесін жарықтандыруға -7,945 мың теңге, Қонаев көшесіне -8,009 мың теңге, Жансүгіров көшесін жарықтандыруға -5,464 мың теңге жұмсалды.

Тәжтажал індеті кезінде басталған электрондық құжат алмасу, өндіріске енгізілді. Соның нәтижесінде жалпы құжат айналымдары әлеуметтік желі арқылы да тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде кіріс құжаттары 833, шығыс құжаттары 384 –ке жетті. Үш жеке тұлғадан өтініштер түссе, түгел қанағаттандырылды.

ҚАРЕКЕТ АРТЫ БЕРЕКЕТ

Жақында Сауран ауданының әкімі Майдантал ауылдық округінің мектебінде жергілікті тұрғындармен ашық-жарқын кездесу өткізді. Оған дейін ондаған тұрғынды әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу барысында халықтың алдымен айтары-сумен қамту, ауыз су мәселесі, табиғи газға қосылу жайы. Ең қиыны жастар үшін жұмыс табу мәселесі. Осыған орай ел арасында кәсіпкерлікті дамыту ісі кеңінен қанат жаюда. Осыған орай аудан әкімі істің көзін табудың амалдарын түсіндірді.

Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауындағы басты мақсаты – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру- Қазақстанның азаматтары қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану және қаржылық сауаттылыққа үйрету жұмыстары бойынша атқарылуда.

Оның ішінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 2073 субъект тiркелiп, жұмыс iстеп тұрған белсендi субъектiлерiнiң саны 2029 немесе 97,8 пайызды құрады.

Сауран ауданында кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бастапқыда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 100, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қатысу және одан әрі қарай бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген 6 пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдендіру, субсидиялау құралдарын пайдалану арқылы несиелендіру ұсынылады.

Қазір ауылдық округ орталығының басты көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда.

Әкімнің айтуынша, жалпы аудан көлемінде 1254,7 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 141 шақырымы республикалық маңызы бар, 294 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 119,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 700,4 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.

Ағымдағы жылы ұзындығы 15,5 шақырымды құрайтын аудан елді мекендерінің 7 ішкі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 195 шақырымы асфальт болса, жыл қорытындысымен 226 шақырымға жетті. 2021 жылы «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бабайқорған және Майдантал ауыл округтерінде жалпы құны 199,7 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол әлі жоғары қарқынмен жалғасуда.

Ғани Құрмашұлының баяндауынша, биылғы жылы «Сауран ауданындағы Майдантал ауылдық округі, Майдантал, Егізқара және Қаражон елді мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысына – 49 284,013 мың теңге қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда ауылдық округ деңгейінде үй салып алу үшін тегін жер алу кезегіне 210 адам тіркелген екен. Майдантал Ақсақалдар алқасының мүшелері бұл өзекті мәселені жеделдетіп шешу арқылы ауылда жастарды тұрақтандыруға болатындығын әңгімеледі.

Осыған орай аудан әкімі ауылда Қауымдастық құрып, ауылдың он шақырым қашықтығына дейінгі жерді иемденгенімен ешнәрсе өсірмей отырған тұрғындардан қайтарып алып, оны жайылымдық жерге айналдыруға болатындығын мәлімдеді.

Сондай-ақ қауымдастық шешімімен тегін жер алу кезегінде тұрған жандармен ақылдасып, үй салынатын жерлерді барынша арзан күш жұмсап абаттандырып, суын, жарығын, табиғи газын жүргізіп барып, жерді бергені қолайлы болатындығына тоқталды. Мұны ақсақалдар қауымы қолдады.

ЖӘҢГІРДІҢ ЖАҢБЫРЛАТҚЫШ ЖАБДЫҚТАРЫ

Майданталдың бетке ұстар кәсіпкерлерінің бірі де бірегейі Жәңгір Исмайлов. Ол басқаратын «ИС Жәңгір» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясын өндіріске енгізді. Кәсіпорын басшысы Жәңгір Исмайлов 14 жасынан бастап еңбекке араласыпты. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан бойда барынша қарманып, 1480 гектар суармалы жерді иемденген екен.

1993 жылы «Датқа» ШҚ болып құрылса, шаруашылық аясын кеңіте отырып 2009 жылы «ИС Жәңгір» ЖШС етіп қайта тіркеткен. Науқан кезінде 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Күй талғамайтын 100 бас аруана түйе мен сонау Калмыкиядан әкелген 393 бас қашарды бағу оңай емес, себебі, бұл қашарлар жартылай жабайы деуге болады. Төлін қасқырға алдырмайтын ірі қаралар негізінен етті бағыттағы тұқымға жатады екен.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қаржыландыруымен 368 миллион теңгеге жаңбырлатып суару технологиясын сатып алып, өндіріске енгізді.

Мал азығындық мақсатта жоңышқа, жүгері, бидай, арпа өсірсе, оған қоса қауын-қарбыз, пияз секілді көкөністерді де қатар өсіреді. Алдағы уақытта жер көлемін екі мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

-Үкімет қолдау білдіріп отырғанда жаңа технологиядан қашу – надандық болып табылады. «Ауырдың үсті-жеңілдің астымен» күн көруге ұмтылғандар мен жеңіл ақшаға дәніккендер ешқашан жетістікке жете алмайды. Жастарымыз білек түріп, ала жаздай тер төксе, табиғат ана күзде молшылыққа жеткізеді. Менен жер алып, егіс, қауын-қарбыз егемін деген ауылдастарыма барынша көмектесіп келемін»,-дейді Жәңгір Исмайлов.

 

АЛДА ӘЛІ АТҚАРЫЛАР ІСТЕР АУҚЫМДЫ

Майдантал су қоймасын мемлекет меншігіне өткізу жайы кезек күтірмейді. Себебі, онда күрделі жөндеу жқмыстарын жасауға ауылдық округтің әлеуеті жетпейді. Майдантал жалпы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі көптен бері айтылып келеді. Бас жоспар жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу мәселесі де қиындыққа тіреліп тұр. Себебі, Майданталда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 210-ға жетті. Майдантал ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі интернет желісін жақсартудың қажеттілігі байқалуда.

Округті аудан, облыс орталығына байланыстыратын Батыс Европа – Батыс Қытай автомагистралына дейінгі 22 шақырымды құрайтын автожолдың да ой-шұқыры көп. Оны да жөндеуден өткізу қажет. Облыс,аудан орталығына дейін баратын қоғамдық көлік жүргізу мәселесі инвестор табылмағандықтан тоқталып тұр. Майдантал ауылдық округінің орталығы Ынталы елді мекеніне мәдениет және жастар үйі клуб керек екендігі аудан әкімі Ғани Рысбековпен кездесуде де айтылды.

ОН ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Егізқара елді мекені округ орталығынан 37 шақырым жерде орналасқан. Елді мекен 2011 жылы тиімсіз ауыл деп танылып, тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілу керек болған. Алайда, тұрғындардың көбі ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан ол жерден көшпейтіндіктерін білдірген. Қазіргі кезде Егізқара елді мекенінде тоғыз тұрғын үй бар. Ондағы халық саны 54 адам. Ауыл тұрғындары тарапынан жол мәселесі бойынша бірнеше рет облыс,аудан көлемінде көтерілген болатын. Себебі ауыл азаматтары орталыққа келіп-кетуі қыс мезгілінде қиын болған. Қазіргі уақытта аталған елді мекеннің 10 шақырым болатын, көліктің жүріп-тұруы қиын жерлеріне тас төсеу жұмыстары үшін сметалық құжаттары жасалып, 26 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер «Иса Құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply