Thursday, November 21

ЖЕТІСАЙДА АКЦИЯ ЖЫЛ БОЙЫ ЖАЛҒАСАТЫН БОЛАДЫ

0
79

Жетісай ауданына қарасты қала, кент, барлық ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында аудан аумағында жаппай сенбіліктер өткізілсе, «Киелі мекен» апталығында тарихи орындар мен ескерткіштерді қалпына келтіру, әктеп-сырлау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Жасыл аймақ» апталығы барысында елді мекендер мен ауданаралық автомобиль жолдары бойына, саябақтар мен скверлерге 25 мыңға жуық көшет отырғызылса, «Өнегелі ұрпақ» апталығында аудандағы жалғызілікті қарттар мен жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған еңбек және тыл ардагерлерінің үйлеріне тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ал, бүгінгі өткізіліп жатқан «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында аудан тұрғындары мен мемлекеттік, квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастары мен ауыл ақсақалдары арық-атыздар мен қашыртқыларды, каналдарды қоқыстан тазартып, арналарын ашып, кеңейтті.Одан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойларында, елді мекендерде, көпшілік орындар мен тұрғындардың жеке тұрғын үй секторларында гүл көшеттерін отырғызу, қоқыстардан тазарту, әктеп-сырлау жұмыстары жүргізілуде.

«Акция Жетісай ауданында белгіленген мерзім аралығында ғана емес, жыл бойы жалғасатын болады. Өйткені, туған жеріміздің, еліміздің, өмір сүріп отырған ортамыздың тазалығы – бірінші кезекте өзіміз үшін маңызды. Ұрпағымыз үшін қажет.Бұл мақсатта аудан аумағындағы барлық елді мекендердің белсенді азаматтары мен ауыл ақсақалдары жұмылдырылып, санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде» дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.

Leave a reply