Вторник, 17 сентября

ЖЕТІСАЙДА САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

0
50

Бүгінде Жетісай қаласында жеке тұрғын үй секторларынан бөлек 136 көппәтерлі тұрғын үйлер, жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздар бар. Арнайы белгіленген 18 қоқыс тастау орындарында 200-ге жуық қоқыс контейнерлері қойылғанымен кейбір азаматтар қоқысты көшеге тастауды әдетке айналдырған. Енді, заң мен тәртіпке мойынсұнғысы келмейтіндерді анықтап, тиісті шара қабылдау үшін қала ішіне 30 бейнебақылау камералары орнатылуда.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат хатшысы Медет Қасымов жауапты сала мамандарымен бірге қаланың санитарлық тазалығы мен жүргізіліп жатқан абаттандыру шараларының барысымен танысып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар берді. Алдымен аудан басшысы 2013 жылы қолданысқа берілген «Абай» гүлзары мен «Тәуелсіздік» монументі аумағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.

Жергілікті қазынадан қаралған 30 млн теңгеге демалыс орнының жалпы аумағы 1000 шаршы метр аяқ жол салынып, 30 дана жарықшамдар мен автоматты суландыру жүйесі жаңартылатын, ыстыққа шыдамды газондар егілетін болады. Негізгі жұмыстарды жүргізіп жатқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің «Жетісай қызмет» мекемесінің жауаптыларымен жүздескен аудан әкімі жұмыстың сапасына аса мән беру қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, қала көшелеріндегі, әсіресе, арық-атыздар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің маңындағы санитарлық тазалық жұмыстарына, бей-берекет ілінген жарнамалық хабарламаларға талдау жүргізді. Кездескен кемшіліктерді көп ұзартпай жоюды, кәсіпкерлік нысандарға жұмысын жүргізуде қаланың көркін бұзбауды ескертті. Шаһар басшысына абаттандыру жұмыстарын жүргізуде жаңаша жобалар жасау керектігін айтты.

Leave a reply