ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАМАҒАН 25 КӘСІПКЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында арнайы жұмысшы топ құрылып, аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың санитарлық тазалық жұмыстарына мониторинг жүргізілуде.
Жұмысшы топ жұмысты аудан орталығы Жетісай қаласынан бастады. Әрбір нысан иесімен жүздесіп нысанға жапсарлас 5 метр аумақтың санитарлық тазалығы, көшелерді су басуы қауіпінің алдын алу мақсатында арық-атыздардың тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан таза болуы керектігін түсіндірді. Қоқыс шығарушы мекемелермен келісімшартқа тұру мәселесі көтерілді.
290 түрлі деңгейдегі кәсіпкерлік нысаны бар қалада жүргізілген мониторинг жұмыстарының алғашқы 3 күнінде 108 нысан тексеріліп, тазалыққа немқұрайлы қараған 25 кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК 505-бабына сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Айта кетейік, қала, кент және барлық елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, инфрақұрылымдарды, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер аталған құқық бұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалса, онда жеке тұлғаларға – 30 шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады.