ЖОЛДАУДА АЙТЫЛАТЫН МІНДЕТТІҢ БӘРІ ҮШ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ОРЫНДАЛУҒА ТИІС – ПРЕЗИДЕНТ

0
145
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Жиынға мәжіліс және сенат депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
Аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, Президент биылғы Жолдауда айтылған міндеттерді орындаудың нақты мерзімін белгіледі.
«Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деді Мемлекет басшысы.
ІРІ КӘСІПОРЫНДАР 5 ЖЫЛ САЙЫН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АУДИТ ЖАСАУЫ КЕРЕК – ЖОЛДАУ
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір айтты.
«Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы жиілеп кеткеніне тоқталды.
«Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген тақырыппен жариялап отыр.
Бұған дейін жазғанымыздай, Парламент палаталарының бірлескен отырысына депутат-министрлермен бірге еңбек адамдары да жиналды.
ЕЛІМІЗГЕ 28 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Сондай-ақ елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет. Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті», деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы барысында.
Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Президенттің айтуынша, бұл – рекордтық көрсеткіш.
«Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ҚОЛДА БАР МҮМКІНДІКТЕРДІ ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНБАЙ ОТЫРМЫЗ – ПРЕЗИДЕНТ
Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін айтты.
«Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізді.
«Өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ҚҰРЫЛАДЫ
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған», – деді Президент.
Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты.
«Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҒЫЛЫМҒА СҮЙЕНБЕСЕК АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТЕДІ – ПРЕЗИДЕНТ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайтынын айтты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», деді Президент.
Сондай-ақ ол шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек екенін айтты.
«Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді Қ.Тоқаев.
ИННОВАЦИЯҒА АҚША САЛАТЫН ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ – ТОҚАЕВ
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инновацияға ақша салатын инвесторларға қолдау күшейетінін атап өтті.
«Менің сайлауалды бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды әзірлеу туралы бастама көтерілген. Әзірленіп жатқан заң жобасы экономиканың даму қисынын ғылым мен инновация негізінде айқындауы қажет. Бизнес-инкубаторлар, коммерцияландыру орталықтары, технопарктер мен конструкторлық бюролар сияқты инновациялық инфрақұрылым құру бағытында жеке бастамаларды қолдаудың сөз жүзіндегі емес, пәрменді шаралары қажет. Табысты шетелдік тәжірибелерді пайдалану керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент инновациялық жобаларды іске қосудың негізгі көзі венчурлік қаржыландыру болуы тиіс екенін атады.
«Сондықтан отандық және шетелдік инвесторлардың жобаларға деген қызығушылығын арттыру үшін барлық құқықтық және қаржылық мәселелерді шешу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ШЕШКЕН ЖӨН – ПРЕЗИДЕНТ
Атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болатындығын баса айтты.
«Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Президент.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ӘР ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ ОРТАЛЫҒЫ БОЛУ КЕРЕК
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр облыс орталығында креативті индустрия орталығын құру бастамасын көтерді.
«Қазір креативті индустрия орталықтары үш ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған. Өңірлер бұл тұрғыда назардан тыс қалып отыр. Мұны түзету керек. Таланттарды тартатын шығармашылық индустрияның орталықтары әрбір облыс орталығында, әрбір ірі қалада болуға тиіс. Ол орталықтар қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелеріне көмектесу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы креативті индустрия өндірісіне қаржы тарту жолдарын жеңілдету керектігін баса айтты.
«Креативті индустрия нысандарының өндірістік процестегі ерекшеліктері оларға кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатысуға, қаржы тартуға мүмкіндік бермейді. «Креатив иелерін» қолдау шараларының жеке пакетін әзірлеу қажет деп санаймын», – деді Президент.
АУДАН ӘКІМДЕРІНЕ ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТІ БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛМЕК – ЖОЛДАУ
Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастама көтерді.
«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл – ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», – деп ұсыныс білдірді Президент.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚУДАЛАУЫН БІРЖОЛА ТОҚТАТУ КЕРЕК – ПРЕЗИДЕНТ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетінін хабарлады.
Президент Қазақстан халқына Жолдауы барысында кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалына да ерекше тоқталып өтті.
«Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл ретте Мемлекет басшысы салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын әділ механизм енгізу қажет екенін қоса айтты.
«Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін», деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін де назарға алып, бұл азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырғанын айтты.
«Бүгінде нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет», деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз барысында Президент Қазақстан азаматтарының қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін еске салды.
«Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Leave a reply