Жолдаудың басты ерекшелігі – халықтың әл ауқатын көтеріп, жағдайын жақын арада жақсартуға бағытталған

0
101

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа мәні мен маңызы ерекше, ауқымы кең Жолдауын жолдағаны баршамызға мәлім. Жолдауды «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан бастап, қолданылып жатқан шараларға, демек тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығына, бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғандығына жекелей тоқталып, қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айта отырып, сол оқиғаның себебі мен салдарын объективті түрде ашып айтты.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – халықтың әл ауқатын көтеріп, жағдайын жақын арада жақсартуға бағытталған қажетті реформаларды жүзеге асырудағы нақты 10 қадамдарын ұсынуында. Жолдаудың маңызы – ол әр түрлі дағдарыстар мен қайшылықтарды алдын алып, жаңа міндеттер қойып, еліміздің ары қарайғы дамуына бағыт-бағдар береді. Атап айтсақ, Президенттің өкілеттілігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру арқылы қарапайым халықтың мемлекетті басқару ісіндегі маңызы мен орнын арттыру, құқық қорғау институттарын күшейтудің тиімділігін атап өтіп, еліміздің әкімшілік аумақтық құрылымын жетілдірудің қажеттілігіне тоқталады. Солардың бірі елімізде жаңадан облыстар құрып, оларға байырғы атауларды беруі жақсы қадам деуге болады. Жолдауда айтылғандай Семей аймағына ұлы ақын, философ, ағартушы, қазақ халқының тарихи тұлғаларының бірі Абай Құнанбаевтың есімін беруі, Жезқазған облысының аумағында ортағасырларда Дешті Қыпшақ аталған ежелгі тарихи Ұлытау облысын құрып, Жезқазған қаласының қайтадан облыс орталығы болатындығы, Алматы облысын екіге бөліп, орталығы Қапшағайда, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасуы қазақ халқының, әсіресе сол облыстардың гүлденіп, жаңа деңгейге көтерулерінің үлкен бастамасы болмақ.

«Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және  азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет.  Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн.Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет.Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді.Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек.Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою маңызды қадам болмақ.Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын. Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар.Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл — біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы.Соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті.Мұны өздеріңіз де көріп отырсыздар.Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық «жасырын» ақша аударылымдарына байланысты болып отыр.Сондықтан, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет.Алдыңғы күні мен валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойдым.Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек.Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін.Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс.Банктердің осы талаптарды сақтауына қатаң бақылау жасаған жөн.Нарықтағы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз «жаратуға» түрткі болмауға тиіс.  Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек.Жалпы, ұтымды шешімдер қажет. Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор.Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды.Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін.Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады.Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес.Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс.Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек.Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн.Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық.Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек.Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет.Алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс.Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді.Қазір толықтай жұмылуымыз қажет.Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте  қабылдануға тиіс.Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек.  Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылымдар өзін тек сонымен ғана байланыстырады.Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады.Сонымен қатар, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге жедел кіріскен жөн.Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс.Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді», деді президент.

Сондай-ақ Жолдауда Қапшағай қаласына жұртшылық жаппай қолдаса, халқымыздың біртуар перзенті, кезінде жауапты қызметтер атқарып, елдің тұтастығын сақтап қалуда табандылық көрсеткен – Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс жасады. Бұл да өте құптарлық шешім, өйткені Д. Қонаев еліміздің қай саласында болмасын сіңірген еңбегі орасан зор. Сонымен қатар, Қапшағай қаласында халыққа қажетті көптеген кәсіпорындар бар, облыс орталығы болған жағдайда еліміздің экономика саласының дамуына тың серпін бермек.

«Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді.Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды.   Біз  елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның  саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты  сын айтқан болатынмын.Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.  Биыл  менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді  бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған.     Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар — соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады», деді президент.

Осындай Абай Құнанбаев, Д. Қонаев сынды ұлы тұлғалардың есімінің берілуі «Қаңды қаңтардан» кейінгі кезеңдегі ұлттық сананың, әсіресе болашақ жастардың санасының оянуына әсер етіп, рухани жетілуі мен дамуына да өз үлесін тигізбек. Өйткені Абай атамыздың бір ғана қара сөзінде-ақ осы ұлттық құндылықтарға байланысты көзқарастары ашық көрсетілген, соны үлгі тұтып, оқып өскен ұрпақ ешқашан тілін, дінін, тарихы мен мәдениетін ұмытпайды деп үлкен сеніммен айта аламыз.

«Сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  бірнеше облыс біріктірілді. Оның  сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды.Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал  мүлде басқа.Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де  бөлек.Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым.»Қуатты өңірлер — қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент  республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді.Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім.Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын. Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз. Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру — экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар  осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын.Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы — көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады.Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы  халқымыздың біртуар перзенті — Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл — оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі.Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс», деді президент.

Leave a reply