ЖОЛДАУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
98

Жақында  қалалық мәдениет үйінің ғимаратында  Президент Қ.Тоқаевтың  биылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылау жиыны өткізілді. Жиынды Түркістан қалалық мәдениет үйінің баспасөз хатшысы Ақмарал Ғаниқызы жүргізіп отырды.

Түркістан қалалық «Әйелдер алқасы» қоғамдык бірлестігінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева,  қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Бақытжан Бейсембаев, «Сабина» балабақшасының меңгерушісі Баян  Адырбек, Түркістан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әлима Пашанова, «Түркістан» және «Сауран» газеттерінің жауапты қызметкері Ләззат Сарыбаева,  айтыскер ақын Тұрар Тілеуліұлы, ХҚТУ-нің оқытушысы Жалғасбек Бейсенбеков қалалық мәдениет үйінің ұжымы алдында  сөз сөйлеп,  Жолдауда еліміз бен халқымызға бүгінгі таңда қажетті өзекті мәселелердің дер кезінде көтерілгенін, Мемлекет басшысының атап көрсеткен ұсыныстарын Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін маңызды деп санайтындықтарын және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосатындықтарын  мәлімдеп, өз тараптарынан Жолдауға қолдауларын білдірді.

Келелі жиынның  басты мақсаты елімізде қолға алған реформалардың мән-мағынасын, Жолдаудың басым бағыттарын қоғамға жеткізіп, халықты ұйыстыру, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қоғаммен бірлесіп ықпал ету екені жеткізілді. Ұлжалғас Әбенқызы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының ауқымы кең, мазмұны ерекше екенін айта келе   Жолдауда айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының бір бөлігін балаларға аудару мәселесіне кеңінен тоқталса,  қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Бақытжан Бейсембаев Жолдаудағы заң саласына қатысты айтылған ойлардың маңыздылығына мән берді. “Сабина” балабақшасының меңгерушісі Баян  Адырбек жиынға қатысқандардың назарын Жолдауда айтылған кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция мәселесіне аударса, Түркістан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әлима Пашанова мен айтыскер ақын Тұрар Тілеуліұлы  ана тілімізге   қатысты  өзекті ойларын ортаға салды.

Жиынды  түйіндеген қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет  Жолдау туралы өзіндік ой-пікірін айта келе, орамды ойларын ортаға салған көпшілікке алғысын жеткізді.

Ләззат САРЫБАЕВА.

 

Leave a reply